Aikyn.kz соңғы жылдардағы Айға бағытталған миссиялардың көбею себебін sciencefocus.com материалына сілтеме жасап түсіндіреді.
Артемида II – АҚШ-тың болашақта Айда тұрақты база құру жоспарына жасалған маңызды қадам. Бірақ негізгі сұрақ әлі де өзекті болып қалуда. Америка Айға не үшін қайта оралғысы келеді?
Ресми түрде NASA бұл бағдарламаны ғылыми мақсаттармен түсіндіреді. Айдан жаңа үлгілер жинау, Күн жүйесінің қалыптасуын зерттеу, терең ғарышты бақылау үшін телескоптар орнату сияқты маңызды ғылыми себептер бар. Алайда сарапшылардың пікірінше, қазіргі Айға ұшталған ірі мемлекеттер арасындағы бәсекенің басты қозғаушы күші – ғылым емес, геосаясат.
Қытай соңғы 20 жылда Айды зерттеу бағдарламасын күшейтіп, онда ғылыми станса құру ниетін ашық білдіріп келеді. Ресейдің амбициялары да айтарлықтай. Осы тұрғыдан алғанда, 2017 жылы басталған «Артемида» бағдарламасы Ресей мен Қытайдың ғарыштағы ықпалына АҚШ-тың жауабы ретінде қарастырылады. АҚШ сенаторы Тед Круз мұны «XXI ғасырдағы ғарыш жарысы» деп атаған.
Окленд университетінің зерттеушісі Приянка Дхопаде бұл жағдайды былай түсіндіреді: «Ғарыш пен геосаясат әрқашан қатар жүрді». Оның айтуынша, бүгінгі айырмашылық – SpaceX және Blue Origin сияқты жеке компаниялардың қатысуымен Айда ұзақмерзімді колониялар тұрғызуға деген ұмтылыстың күшеюі.
Оксфорд университетінің астрофизигі Бекки Сметхерст те «Артемида» миссиясының шынайы мотивациясы ғылыми емес, саяси және экономикалық себептер екенін айтады. Оның сөзінше, АҚШ Қытайдан бұрын Айға адам қондырып, сол жерде тұрақтап қалғысы келеді.Мәселенің тағы бір маңызды жағы – Ай ресурстары. Айда су мұзы бар екені белгілі. Ол болашақ базалар үшін ауызсу ғана емес, отын өндірудің де маңызды көзі болуы мүмкін. Сонымен қатар Айда сирек кездесетін элементтер мен гелий-3 бар. Бұл ресурстардың нақты көлемі белгісіз болғанымен, олар болашақта үлкен экономикалық маңызға ие болуы ықтимал.
1967 жылғы Ғарыш туралы шарт елдерге Айға иелік етуге тыйым салады. Бірақ АҚШ бастаған «Артемида келісімдері» Айда ресурстар өндіру және «қауіпсіздік аймақтарын» құру мүмкіндігін қарастырады. Сарапшылар бұны Ай аумақтарын жанама бақылаудың жаңа механизмі деп бағалауда.
Сондықтан АҚШ-тың Айға қайта оралуы тек романтикалық ғарыш арманы емес. Бұл – Қытаймен, Ресеймен бәсеке, ресурстарға қол жеткізу, стратегиялық үстемдік және жеке компаниялардың болашақ пайдасы тоғысқан күрделі жоба.