in

Қазақстан мен Гонконг: Жасанды интеллект пен білім саласындағы жаңа серіктестік

Астанада өткен бизнес форум аясында Сәтбаев университеті  мен Гонконгтың жетекші жоғары оқу орындарының бірі – City University of Hong Kong (CityUHK) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Бұл маңызды келісім жасанды интеллект, цифрлық трансформация және заманауи басқару бағыттарында халықаралық деңгейдегі білім беру бағдарламаларын әзірлеуге жол ашады. Енді қазақстандық мамандар мен болашақ көшбасшылар әлемдік тәжірибені меңгеріп, жаңа технологияларды игеруге мүмкіндік алады.

Құжатқа Сәтбаев университетінің әкімшілік, әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Сапар Шалабаев пен CityUHK университетінің таланттарды дамыту және халықаралық стратегия жөніндегі вице-президенті, профессор Ли Вэнь Чжун қол қойды. Салтанатты рәсімге Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Абай Рахмет және CityUHK директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Нгай қатысты.

Майкл Нгай өз сөзінде Қазақстан мен Гонконг арасындағы білім және ғылым саласындағы байланыстардың жылдан-жылға нығайып келе жатқанын атап өтті.

– Қазақстанда өз өкілдігін ашқан алғашқы гонконгтық университет ретінде біз бұл серіктестікті ерекше бағалаймыз. Ортақ мақсатымыз – болашақтың көшбасшыларын даярлау. Жаңа бағдарламалар өңірдегі цифрлық жаңғыру мен инновациялық дамуға серпін береді, – деді ол.

Кездесу Қытай мен серіктес мемлекеттер арасындағы байланыстарды күшейтуге бағытталған «Бір белдеу – бір жол» халықаралық бастамасы аясында ұйымдастырылды. Форум барысында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму саласының өкілдерімен кездесулер өтіп, жасанды интеллект, цифрландыру және ғылыми-зерттеулер бойынша болашақ жобалар талқыланды.

Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдарының, университеттері мен бизнес қауымдастықтарының өкілдері қатысып, академиялық ұтқырлықты дамыту, бірлескен ғылыми-зерттеулер жүргізу және жаңа буын мамандарын даярлау мәселелеріне ерекше назар аударды.

Айта кету керек, CityUHK әлемдегі беделді QS World University Rankings 2026 рейтингінде 63-орында орналасқан және Азиядағы үздік зерттеу университеттерінің қатарына кіреді. Мұндай жоғары деңгейдегі серіктеспен ынтымақтастық Сәтбаев университетінің студенттері мен жас ғалымдары үшін халықаралық мүмкіндіктердің көкжиегін кеңейтеді.

Екі университет арасындағы әріптестік 2023 жылдан бері табысты жалғасып келеді. Осы уақыт ішінде білім мен ғылым саласында бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асырылды. Соның ішінде Сәтбаев университеті базасында құрылған CIRI – CityUHK Зерттеулер және инновациялар институты ерекше орын алады.

Бүгінде бұл серіктестік тек білім берумен шектелмей, пәнаралық зерттеулерді дамытуға, инновациялық технологияларды енгізуге және жаһандық сын-қатерлерге жауап беретін ғылыми шешімдерді әзірлеуге бағытталған.

Жаңа меморандум – қазақстандық жастар үшін сапалы білімге, халықаралық тәжірибеге және технологиялық болашаққа бастайтын тағы бір маңызды қадам.