Мемлекет басшысының әлеуметтік саясаттағы басым міндеттерінің бірі қоғамның осал топтарына жан-жақты қолдау көрсету болса, бұл бағыттағы бастамалар бүгінде мегаполисте нақты нәтижесін беруде.
Қалада әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және оңалту салаларын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Соның айқын дәлелінің бірі – Президент тапсырмасына сәйкес салынып жатқан 150 орындық заманауи оңалту орталығы. Бұл нысан ерекше қажеттілігі бар азаматтарға сапалы қызмет көрсетуді жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды әлеуметтік жоба саналады. 2024 жылдың желтоқсан айында басталған құрылыс жұмыстары бүгінде қарқынды жүргізілуде. Бозарық шағынауданында бой көтеріп жатқан кешеннің жалпы аумағы – 5,3 гектар. Бес блоктан тұратын орталық халықаралық талаптарға сай заманауи құрал-жабдықтармен қамтылатын болады.
Жоба аясында І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Бұл – ерекше күтімді қажет ететін жандардың өмір сапасын жақсартуға, олардың қоғамға бейімделуіне және белсенді өмір сүруіне мүмкіндік беретін маңызды бастама. Орталық құрамында спорт залы, емдік-сауықтыру бассейні, акт залы, үш қабатты оңалту корпусы, кең асхана, екі қабатты стационар және қосымша техникалық нысандар қарастырылған. Яғни мұнда келушілердің толыққанды ем қабылдап, әлеуметтік және психологиялық қолдау алуына барлық жағдай жасалмақ. Қазір құрылыс жұмыстарының 60 пайызы аяқталған. Нысанда 262 жұмысшы еңбек етуде. Барлық жұмыс белгіленген талаптар мен сапа стандарттарына сәйкес жүргізіліп жатыр. Жобаны 2026 жылдың желтоқсан айында толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.
Мегаполисте тек ересектерге емес, ерекше балаларды оңалту мәселесіне де айрықша назар аударылуда. Бүгінде қаладағы медициналық ұйымдарда балаларға арналған оңалту қызметтерінің сапасы едәуір артып, заманауи емдеу тәсілдері кеңінен енгізілуде. Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарда жыл басынан бері 3 500-ге жуық бала оңалту емінен өткен. Мамандардың мәліметінше, көрсетілген медициналық көмектің нәтижесінде оң динамика жоғарылап, ем қабылдаған балалардың 99,3 пайызының денсаулығы жақсарған.
Қаладағы №1, №2 және «Мейірім» оңалту орталықтарында церебральды сал ауруының спастикалық түрін емдеуде ботулотоксин терапиясы – «Диспорт» препараты сәтті қолданылып келеді. Бұрын ата-аналар мұндай емді алу үшін Астана мен Алматы қалаларына баруға мәжбүр болса, бүгінде қажетті қызметтер Шымкенттің өзінде қолжетімді бола түскен. Бұл өңірдегі медициналық инфрақұрылымның сапалы дамып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Сонымен қатар қалада №1 және №2 оңалту орталықтары, «Мейірім» орталығы, «Қамқорлық» орталығы, Психикалық денсаулық орталығы және мемлекеттік тапсырыс аясында қызмет көрсететін жекеменшік орталықтар да тұрақты жұмыс істейді.
Оңалту қызметтері неврология, ортопедия-травматология және кардиология бағыттары бойынша ұйымдастырылған. Атап айтқанда, 2 273 бала тәуліктік стационарда, 1 179 бала амбулаториялық деңгейде ем қабылдаған. Ал неврологиялық бағыт бойынша – 2 405, ортопедия-травматология бойынша – 775, церебральды сал диагнозымен 492 бала оңалтудан өткен. Әсіресе, ерекше күтімді қажет ететін балаларды қолдау бағытындағы жұмыстардың нәтижесі көңіл қуантады. Тек төрт айдың ішінде оңалту емін алған 2074 бала немесе 60,1 пайызы ерекше балалар санатына жатады. Бұл олардың қоғам өміріне бейімделуіне, денсаулығын жақсартуға және өмір сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нақты жемісі.
Қоғамның өркениеттілігі әлсіз топтарға көрсетілген қамқорлықпен өлшенеді. Ал Шымкентте қолға алынған әлеуметтік бастамалар бұл бағыттағы жұмыстардың жаңа деңгейге көтерілгенін байқатады.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы