in

Қазақстан – қаржы хабы: Үкімет реформаны неден бастамақ?

Президент қойған міндет аясында Қазақстан Орталық Азия, Еуразиялық одақ және Таяу Шығыс елдерінің бир­жаларымен және депозитарийлерімен екіжақты тығыз байланысты дамытатын болды. Бұл шетелдік инвесторлар үшін транзакциялық шығындарды азайтуға және Қазақстанды өңірлік қаржылық хаб ретінде орнықтыруға жағдай жасай отырып, халықаралық алаңдарда қазақ­стандық қаржылық құралдардың қолжетім­ділігін кеңейтуге жол ашпақ. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сарапшыларының пайымдауынша, бұл мақсат шетелдік алаңдармен арадағы «биржалық және депозитарлық көпірлер желісін» одан ары өрістетуді, соның іш­ін­де Euroclear, Clearstream сияқты шетелдік есепке алу ұйымдарымен direct link арнасын іске қосуды, сондай-ақ ҚР Орталық депозитарийінде тікелей шоттар ашуды жеңілдету талап етеді. Осыған қол жеткізу үшін агенттік «Капитал нарығы туралы» жаңа заңның жобасын әзірледі. Оны жаңа Парламент – Құрылтай жыл соңына дейін қабылдаса, отандық нарықтың халықаралық мәртебесін арттыру үшін де алғышарт түзеді. 

Әзірге, HKEX биржасының халық­аралық эмитенттерге қызмет көрсету бағытының басшысы Джонсон Чойдың түсіндіруінше, қазақстандық биржа мен қаржы нарығы жете дамымаған күйде қалып тұр. Сарапшы бір олқылық ретінде құнды қағаздарын биржада орналастыратын эмитенттер құрамында квазимемлекеттік сектордың, ұлттық компанияларының басым болуын атады. 

Отандық акциялар нарығының капитал­дануы соңғы 5 жыл ішінде 40%-дан астам өсіп, 39 трлн теңгеге жетті. Саудаланатын корпоративтік қарыз көлемі 2025 жыл қорытындысында 18,5% артып, 16,2 трлн тең­гені құрады. Соған қара­мастан, ірі эми­тенттердің қатары бәрібір аз шоғыр ғана: өткізілген корпоративтік қарыз-об­ли­гация көлемінің шамамен 75-80%-ы – квазимемлекеттік секторға, 12-13%-дайы – екінші деңгейдегі банк­терге, ал небәрі 5%-дан азы – нақты жеке секторға тиесілі. 

Соңғы бес жылда KASE-де алпауыт­тардың құнды қағаздарына қатысты бірқатар айтулы орналастырулар ұйым­дастырылды. Атап айтқанда, 2022 жылы – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының IPO-сы, 2024 жылы –  «Эйр Астана» АҚ IPO-сы, 2025 жылы – «Қазақстан Халық Банкі» АҚ SPO-сы өтті. Біз хабарласқан брокерлер 2026 жылы «Қазақстан темір жолының» IPO-сын күтіп отырғандарын хабарлады.

KASE мен AIX-тың қайсысы азулы?

Мамандар биржа тек ұлттық компания­лармен немесе банк секторымен шектеле бермей, жеке сектордан, шағын және орта бизнес сегментінен жаңа эмитент­тердің шығуын қамтамасыз еткені жөн деп есептейді. Нарықты кеңейтудің үлкен әлеуеті сақталған: оны жүзеге асыру үшін реттеушілік ортаны және ынталандыру тетіктерін жетілдіру талап етіледі. Ол болмаған соң, қаржыдан тарыққан бизнес (90%-ы) бұрынғысынша банктен несие алумен шектелуге мәжбүр. Сарапшылардың пікірінше, ШОБ-ты IPO-ға шығуға ынталандыру шаралары қажет. 

Брокер Ерлан Сейітқазыұлы мем­лекеттің күш-жігерін бытыратпау үшін елдегі екі биржаны – KASE мен AIX-ты біріктірген орынды деп санайды. «Мысалы, KASE-де акциялармен сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 5-7 млн доллар ғана. Салыстыра кетсек, Нью-Йорк қар­жы биржасының (NYSE) бүкіл электронды алаңдарындағы 1 тәуліктегі саудасы нарық белсенділігіне қарай 1,4–1,5 трлн долларға жетеді. Біздің KASE-ден 214 мың есе көп! Себебі біздегі нарықтың жоғары шоғыр­лануы және өтеуге дейін ұстау стратегиясы белсенді сауданы шектейді. Тиімді баға белгілеуге кедергі келтіреді. Спредтердің кеңеюіне ықпал етеді және мәмілелердің орындалу болжамдылығын төмендетеді», – деді ол.

Бұл ретте жаһандық №1 алпауытты алмай, түркі әлемінің көшбасшысына қарайлайық: Түркиядағы акциялардың айналымдылық коэффициенті 271%-ды құрайды! Әлемде осы көрсеткіші бойынша ол 4-ші орында тұр. Түрік нарығы күніне 4,1 млрд доллар көлемінде орташа айналымды қамтамасыз етеді, ал дери­вативтер айналымы – жылына 466 млрд доллар. Бұған Анкара мерзімді нарықты дамыту, заңнамасын оңтайландыру, кедергілерді жою және брокерлердің бөлшек инвесторларды тарту саясатын ынталандыру арқылы жетті.

Қаржылық реттеуші АХҚО-да бағалы қағаздарды шығарудың анағұрлым икемді режимі және эмитенттердің ақпаратты ашуына қойылатын, үздік халықаралық практикаға көбірек сәйкес келетін талаптар белгіленгенін жеткізді. Яғни, әлеует мол. Жаңа заң соған жағдай жасайды деген үміт бар. Ал әзірше, АХҚО әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры Жанболат Кәкішевтің хабарлауынша, биылғы сәуірде «Самұрық-Қазына» қоры AIX биржасында Қазақстан мен Орталық Азияда тұңғыш рет 3 млрд юань көлеміндегі панда-бондтарды орналастырды. Мамырда Caspian Solar Ltd. компаниясының «жасыл» облигациялары да орналастырылып, ол 625 млн юань тапты. Бұл тек қарлығаштары болса керек. 

Президенттің Қазақстанды ірі қаржы­лық хабқа айналдыру тапсырмасы биржа саласында шұғыл әрі түбегейлі рефор­ма­ларды керек етіп отыр. Ел жаһандық озық тәжірибелерге сүйеніп, кедергілерді жойғанда ғана нарық мемлекеттік ком­панияларға жалтақтаудан арылып, отандық және шетелдік бизнес есебінен жандана түспек.

Елдос СЕНБАЙ