Дүбірлі жиынның екінші күнінде әлемнің әртүрлі елінен келген жетекші тарихшылар, археологтар, шығыстанушылар, генетиктер, деректанушылар және ортағасырлық Еуразияны зерттеушілер дипломатиялық дәстүрлер мен сауда-экономикалық байланыстардан бастап археологиялық жаңалықтар мен Ұлы дала халықтарының заманауи генетикалық зерттеулеріне дейінгі кең ауқымды мәселелерді талқылады.
Негізгі секциялардың бірі Алтын Орда аймақтарының тарихына арналды. Оның аясында ғалымдар Алтын Орда кеңістігіндегі түрлі өңірдің тарихи даму ерекшеліктерін, ұлыстардың, қалалық орталықтар мен шет аймақтардың мемлекеттілікті нығайтудағы рөлін қарастырды. Сонымен қатар Алтын Орданың ғасырлар бойы тұрақтылығы мен тұтастығын қамтамасыз еткен саяси, экономикалық және мәдени үдерістерге ерекше назар аударды.
Талқылаулардың елеулі бөлігі ортағасырлық мемлекеттің дипломатиялық мәдениетіне арналды. Зерттеушілер елшілік тәжірибелерді, мемлекетаралық қатынастардың шарттық-құқықтық тетіктерін, вассалдық-сюзерендік байланыстар жүйесін, сондай-ақ Алтын Орданың ортағасырлық Еуразияның халықаралық саясатындағы орнын саралады.
«Алтын Орда археологиясы және мәдени мұра нысандарын қорғау. Ұлы дала халықтарының популяциялық генетикасының өзекті мәселелері» секциясы аясында Алтын Орда дәуіріне жататын ескерткіштер бойынша заманауи археологиялық зерттеулердің нәтижелері, жаңа ғылыми олжалар мен оларды интерпретациялаудың жаңа тәсілдері таныстырылды. Ғалымдар Ұлы дала халықтарының қазіргі этногенетикалық және популяциялық-генетикалық зерттеулеріне де ерекше назар аударды. Пікірталастар барысында ежелгі және заманауи ДНҚ талдауларының нәтижелері, генетикалық-генеалогиялық модельдер, көші-қон және этногенез үдерістері қарастырылды. Сарапшылар генетика, археология, тарих және деректану мәліметтерін ықпалдастыру Еуразия халықтарының шығу тегі мен тарихи дамуын зерттеуде жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
«Алтын Орда деректануы. Алтын Орданың сауда-экономикалық жүйесі және нумизматика мәселелері» секциясында мемлекеттің сауда-экономикалық жүйесінің жұмыс істеу тетіктері, трансеуразиялық сауда жолдарының дамуы, қалалық экономика мен ортағасырлық дала мемлекетінің қаржы институттары талқыланды.
Қатысушыларға ақша айналымын, теңге сарайларының қызметін және Алтын Орданың Еуразия мемлекеттерімен экономикалық байланыстарының ауқымын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін нумизматикалық зерттеулер ерекше қызығушылық тудырды. Сонымен қатар ғалымдар жазба, археологиялық, эпиграфикалық және картографиялық деректердің кең ауқымын, сондай-ақ оларды талдау мен интерпретациялаудың заманауи әдістерін қарастырды.
«Алтын Орда – Еуразиядағы көшпелі және отырықшы өркениеттер байланысының тарихи моделі» атты сессия барысында зерттеушілер Алтын Орданы көшпелі мәдениет дәстүрлерін, дала қоғамының мобильдігін және саяси-экономикалық ұйымдасудың дамыған формаларын біріктірген бірегей өркениеттік модель ретінде талқылады.
Қатысушылар Алтын Орда тәжірибесінің көшпелі өркениеттердің даму заңдылықтарын түсіну, мәдениетаралық диалогты қалыптастыру және Шығыс пен Батыс арасындағы тарихи байланыстарды зерделеу тұрғысынан ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Сонымен қатар басқару, сауда, мәдени алмасу және Ұлы дала кеңістігіндегі коммуникациялар мәселелері де назарда болды.
Симпозиум қорытындысы бойынша қатысушылар ғылыми пікірталастардың жоғары деңгейін, ұсынылған зерттеулердің пәнаралық сипатын және Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасын зерттеудегі халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңызын атап өтті. Форум тәжірибе алмасуға, жаңа ғылыми тәсілдерді қалыптастыруға және әртүрлі елдердің зерттеу орталықтары мен ғалымдары арасындағы өзара байланысты нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды.
Айгүл СЕЙІЛ