in

«Жалпыға бірдей білім беруді» цифрлық форматта жүзеге асырады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен кеңесте Бірыңғай цифрлық платформаны дамыту және әлеуметтік қызметтерді автоматтандыру мәселелері қаралды. Жиын барысында министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мәслихаттардың шешімімен тағайындалатын өңірлік әлеуметтік төлемдерге ауқымды талдау жүргізгені атап өтілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Нәтижесінде, цифрлық форматқа көшіруді қажет ететін 13 бағыт айқындалды. Бұл барлық өңірлерде әлеуметтік қолдау көрсету тәсілдерін біріздендіріп, көмекті алу процесін ашық әрі жедел етуге мүмкіндік береді.

Бүгінде Еңбек министрлігінің Бірыңғай цифрлық платформасы әлеуметтік қолдау шараларын автоматтандыруға арналған бірыңғай технологиялық база ретінде қалыптасып отыр. Ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында Оқу-ағарту министрлігінің қызметтерін цифрландыру бойынша да ауқымды жұмыс жүргізілді.

Платформаның мемлекеттік деректер базаларымен және eGov порталымен интеграциялануының арқасында биылғы мамыр айының соңынан бастап «Жалпыға бірдей білім беруді» әлеуметтік қолдау шараларын цифрлық форматта жүзеге асыру мүмкіндігі пайда болады. Енді ата-аналарға қағаз анықтамалар жинап, мәртебесін растаудың қажеті жоқ. Жүйе отбасының әлеуметтік жағдайы туралы Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйелерінде бар деректер негізінде көмекті алу құқығын автоматты түрде анықтайды.

Кеңес қорытындысы бойынша, министр цифрландыру ең алдымен азаматтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталуы тиіс екенін атап өтті. 2026 жылдың соңына дейін платформаны еліміздің барлық өңірінде кеңейту, сондай-ақ оны қаржы және денсаулық сақтау министрліктерінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау жоспарланып отыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.