Осы жылдың 1 шілдесінен бастап коммерциялық банктердегі ипотека мөлшерлемесі 25 пайыздан 20 пайызға дейін төмендейді. Сыйақы мөлшерлемесінің жаңа шегі Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) мен Ұлттық банкінің бірлескен қаулысы аясында қайта бекітілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Tengrinews.kz cілтеме жасап.
Осындай шешім бұған дейін де қабылданған. Жаңа пайыздық мөлшерлеме 2025 жылдың қарашасында қосылу керек еді. Бірақ сол жылдың қазан айында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5 пайыздан 18 пайызға дейін көтереді. Осы өсім аясында екінші деңгейлі банктер ипотекалық несие беруді уақытша тоқтатқан болатын.
«Неліктен бұлай болды? Сол кезде екінші деңгейлі банктер Ұлттық банктен қаражатты 18 пайыз және одан жоғары мөлшерлемемен алуға мәжбүр еді, өйткені +1 пайыздық дәліз сақталады. Ал кейін қазақстандықтарға несиені 20 пайыздан жоғары емес мөлшерлемемен беруі керек. Яғни коммерциялық банктің табысы 2 пайыздан аспайды», — дейді қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов.
Нәтижесінде 2025 жылғы қазанда екі реттеуші ең жоғары пайыздық мөлшерлемені төмендетуді 2026 жылғы 1 шілдеге дейін шегеру туралы шешім қабылдады. Енді екі реттеушінің бірлескен қаулысы аясында шекті мөлшерлеме бәрібір 20 пайызға дейін төмендетіледі.
Премиум санаттағы жылжымайтын мүлікті сату бойынша сарапшы Виталий Шалаев шекті меженің төмендеуі бастапқы нарықтағы ипотекаға ешқандай әсер етпейді деп санайды. Банктер қазір жаңа тұрғын үйге несиені 20,5–21 пайызбен беріп жатыр. Жаңа ЖТСМ іске қосылғаннан кейін 0,5–1,5 пайыздық айырмашылық айтарлықтай маңызды болмайды.
Сондықтан Шалаев банктер бұл сегментті қаржыландыруды жаппай тоқтатпайды деген пікірде.
Ал жоғары санатты риелтор Александр Бикетов бұл өзгеріс қайталама нарықтағы ипотекаға әсер етеді деген пікірде. Себебі ол жақта пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда жоғары – жылдық 25 пайызға дейін болған. Енді оны төмендетуге тура келеді, ал бұл банктің маржасын азайтады.
“Бұл ипотека нарығына кәдімгідей әсер етуі мүмкін. Алматы мен Астананы алсақ, қайталама нарықтағы сатып алу-сату мәмілелерінің 30 пайызы ипотека арқылы жасалып келген. Яғни біз осы сегменттен баспана алуды жоспарлаған сатып алушылардың шамамен 20–30 пайызын жоғалтып алуымыз мүмкін”, – деп қауіптенеді Бикетов.