CNBC жаңалығына сүйенген Aikyn.kz қытайлық электр көлігін өндірушілер арасындағы қатал бәсекенің сипатын талдайды.
Соңғы бірнеше жылда қытайлық электр көлігін өндірушілері алдымен батареяның жүріс қорын ұлғайтуға, кейін жүргізушіге көмек жүйелерін жетілдіруге және қуатты автомобиль чиптерін енгізуге назар аударды. Ал қазір негізгі бәсеке көліктің ішкі жасанды интеллект мүмкіндіктеріне ауысқан.
Өткен жұмада (24 сәуір) Бейжің автосалонында ByteDance компаниясының Doubao жасанды интеллект моделі қазір 50-ден астам автокөлік брендіне енгізілгені мәлім болды. Volcano Engine компаниясының дерегінше, Doubao 145 көлік моделінде қолданылып, 7 миллионнан астам көлікте орнатылған.
Қытайдағы ең танымал жасанды интеллект чат-боттарының бірі саналатын Doubao-ның апта сайынғы белсенді қолданушыларының саны осы жылдың басындағы мәлімет бойынша 155 миллионнан асқан. Автосалонда Volcano Engine қытай және ағылшын тілдерінде жұмыс істейтін көлікке арналған жасанды интеллект жүйелерін де көрсеткен.
Сарапшылардың айтуынша, бұл өзгеріс тұтынушылар сұранысымен тікелей байланысты. Бүгінде сатып алушылар смартфонмен үйлесетін интерфейстерді, дауыспен басқарылатын көмекшілерді және көлік ішінде онлайн қызметтерге қолжетімділікті көбірек талап етуде.
AlixPartners консалтинг компаниясының өкілі Стивен Дайердің пікірінше, «баға соғысы көлік салонында орнатылатын функциялар соғысына айналған».
Алайда бұл жерде де қиындық бар. Көптеген жаңа технологиялар нарыққа өте жылдам таралғандықтан, компанияларға ұзақ уақыт бойы өзгелерден ерекше болып қалу қиынға түседі.Nio компаниясы өз клиенттеріне эксклюзивті клуб аймақтарына қолжетімділік, арнайы өнімдер және жоғары сапалы материалдармен әрленген көліктер ұсынады. Компания осындай артықшылықтардың шығыны мен нарық өсімінің баяулауына байланысты қиындық көргенімен, өткен аптада Nio ES8 моделі 58 000 доллардан жоғары сегментте 215 күн ішінде 100 мың данасы сатылған алғашқы модель болғанын хабарлады.
Alibaba да бұл жарыстан шет қалған жоқ. Компанияның Qwen жасанды интеллект моделі енді BYD және Volkswagen-нің жергілікті бірлескен кәсіпорны шығаратын көліктерге енгізіледі.
Бұл жүйе жүргізушілерге дауыстық пәрмен арқылы асқа тапсырыс беруге, қонақүй брондауға, туристік орындарға билет алуға және сәлемдемені бақылауға мүмкіндік береді. Жүйе Nvidia автомобиль чипінде жұмыс істейді және желі әлсіз болған жағдайда да қызмет көрсете алады.
Sino Auto Insights компаниясының негізін қалаушы Ту Ле жасанды интеллект болашақта көліктің жеке бір функциясы емес, пайдаланушы тәжірибесін жақсартатын фондық жүйе ретінде жұмыс істеуі керек деп есептейді.
Оның пікірінше, қытайлық өндірушілерге ішкі нарықта ерекшелену қиын болғанымен, олар шетелдік бәсекелестерден озып тұр. Бүгінде Қытайда қарапайым саналатын функциялар ерте ме, кеш пе, Батыс нарығына да тарала бастайды.