in

Тағдыр тоғыстырған тағылым

Ұлты украин болғанымен, ол бүгінде қазақ тілінде еркін сөйлеп қана қоймай, қазақша ойлайтын деңгейге жеткен. Қазақ отбасына келін болып түскеннен кейін оның өмірінде үлкен өзгерістер басталып, жаңа мәдениетке деген қызығушылығы терең құрметке ұласқан. «Мен қазақтың украин қызымын» деп әзілдейді өзі.

Татьяна түскен әулет – көпұлт­ты болғанымен, болмысы то­лықтай қазақы отбасы. Жолдасы Мак­­­­симнің әкесі  Набидолла – қазақ, ал анасы Еленаның бойында неміс пен орыс ұлтының қаны бар. Соған қа­ра­мастан, бұл шаңырақта қазақтың салт-дәстүрі, жөн-жоралғылары қа­таң сақталады. Татьяна үшін бұл орта жат емес, керісінше, өзін еркін сезіне­тін, қолдау табатын орынға айналған. Енесі оны келін ретінде емес, өз қы­зын­дай қабылдап, бар білгенін үй­рет­кен. Ешқандай қысым көрсетпей, мейі­ріммен тәрбиелеу – Татьянаның жаңа өмірге тез бейімделуіне үлкен әсер еткен.

Оның айтуынша, қазақ халқы­ның кеңпейілділігі тек отбасы деңгейінде емес, тарихи тұрғыдан да дә­­­­лелденген қасиет. ХХ ғасырда түрлі ұлт өкілі Қазақстанға күштеп қоныс ау­дарылған кезде, қазақтар оларды жа­тсынбай, бауырына басқан. Осын­дай адамгершілік пен тектілік Татьяна түскен әулеттен де айқын байқалады. Сон­дықтан ол қазақ жерін «қасиетті мекен» деп ерекше құрметпен атайды.

Татьяна үшін қазақ асханасы – жаңа қырынан ашылған үл­кен әлем. Бастапқыда тек қарапайым та­ғамдармен таныс болса, бүгінде ұлт­тық ас дайындаудың қыр-сырын то­лық меңгерген. Ет асу, тұздық дайын­дау, бауырсақ пісіру, қазы қай­нату сияқты қазақтың ұлттық тағамдарын дайындауда тәжірибе жинаған. Оның айтуынша, қазақ тағамдарының бас­ты ерекшелігі – қарапайымдылығында және ерекше дәмінде. Бұл асхананың табиғилығы мен шынайылығы оны қатты таңғалдырған.

Қазақ тілін меңгеру Татьяна үшін ар­найы курс немесе міндет емес, та­биғи процесс болған. Үлкен әулет ор­та­сында жиі өтетін басқосулар, туыс­тар арасындағы ашық әңгімелер оның тіл үйренуіне үлкен ықпал ет­кен. Сонымен қатар ол қазақ халқы­ның дәстүрлері мен салт-жорал­ғы­лары туралы өз бетінше көп ізденген. Бе­ташар, тұсау кесер, сәлем салу сияқ­ты рәсімдердің мән-мағынасын тү­сініп, оларды құрметтеуді үйренген. Бү­гінде ол тек тілдік тұрғыда ғана емес, дүниетанымдық деңгейде де қ­а­зақы ойлауға жақындағанын ай­тады.

Татьяна қазақ отбасыларындағы ең басты құндылық ретінде бір­­­­­лікті ерекше атап өтеді. «Қандай жағ­дай болмасын, ағайын-туыстың бір-біріне демеу болуы, қиын сәтте жанынан табылуы – мені тәнті еткен қа­сиет. Осындай үлкен әрі ұйымшыл әу­леттің бір мүшесі ретінде өзімді әр­кез қорғанышы бар адам ретінде се­зінемін», – дейді Татьяна. 

Татьяна отбасы аясында ғана емес, қоғамдық өмірде де белсенді. Ол мәдени жобалар арқылы қазақ тілін на­сихаттап, түрлі этнос өкілінің бала­ла­рына үйретіп жүр. Оның жетек­ші­лігі­мен жұмыс істейтін «Вершина» мә­дени орталығында «Театр көме­гі­мен қазақ тілін үйрену» атты ерекше жоба қолға алынған. Бұл бастаманың басты мақсаты – балаларға тілді құр­ғақ ережелер арқылы емес, өнер ар­қылы, сахналық қойылымдар арқылы үй­рету. Қазір әртүрлі ұлт өкілінен құрал­ған топ қазақ тілінде шағын спек­такльдер қойып жүр. 

Сонымен қатар Татьяна есту қа­білеті шектеулі жандарға ар­налған «Брависсимо» театрында да ең­бек етіп, өнер арқылы адамдардың өмі­ріне өзгеріс енгізуге үлес қосып ке­леді. Оның бұл қызметі тек тіл үй­ре­тумен шектелмей, әлеуметтік маңы­зы зор жұмыстардың бірі болып саналады.

Алдағы жоспарлары да ауқымды. Татьяна шәкірттерін республикалық, тіп­ті халықаралық деңгейдегі сах­на­ларға шығаруды көздейді. Сонымен қа­тар ол қазақтың дәстүрлі ою-өрнек өнеріне ерекше қызығушылық таны­тып, болашақта оны театрмен байла­ныс­тырып, жаңа шығармашылық ба­ғыт қалыптастыруды жоспарлап отыр.

Татьяна Капуованың өмір жолы – мәдениеттер тоғысының жарқын үл­­­­гісі. Ол өз таңдауы арқылы тек бір от­басының емес, тұтас қоғамның бір­лігі мен татулығын насихаттап жүр. Оның «қазақша ойлап, қазақша сөй­лейтін қазақтың Татьянасы болу» ар­маны – шынайы құрмет пен сүйіс­пеншіліктен туған мақсат.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы