Себебі ғылым мен білімге негізделген ақпарат – ой-өрісті шыңдап, дүниетанымды тереңдететіні сөзсіз. Осындай мазмұнды, деректі әрі сапалы контент ұсынатын National Geographic Qazaqstan журналы биыл 10 жылдық мерейтойын атап өтіп отыр. Осы уақыт ішінде басылым табиғат, ғылым, тарих және қоғам тақырыптарын кеңінен қамтып келеді. Журнал оқырманның әлемді тануына, зерделі қоғам қалыптастыруға үлес қосты. Айшықты мерейтойы аясында танымдық журнал алғаш рет өз елшілерін (амбассадорларын) жариялады. Марапаттау рәсімі Nazarbayev University-де өтті.
National Geographic журналының 1,5 ғасырға жуық тарихы бар. 1888 жылы АҚШ-та 33 ғалымның бастамасымен жарық көрген бұл басылым уақыт өте келе әлемдік деңгейдегі беделді журналға айналды. Бүгінде ол 60-тан астам елде таралып, 38 тілде жарияланады. Солардың қатарында қазақ тілі де бар. National Geographic Qazaqstan журналы – ТМД кеңістігіндегі осы брендті иеленген жалғыз басылым. Әлемдік брендтердің ішінде алғашқылардың бірі болып қазақша сөйлеген де – осы басылым. Танымдық журнал археологиядан бастап, ғарыштық зерттеуге дейінгі барлық тақырыпты қамтиды.
Сапалы контент саналы қоғам қалыптастырады
Іс-шара барысында National Geographic Qazaqstan журналының жауапты редакторы Айбын Шағалақ басылым жүзеге асырып жатқан жобаларға кеңінен тоқталып, олардың мазмұны мен маңызын атап өтті. Айтуынша, журналдың басты миссиясы – әлемнің ғажайыптарын халыққа таныта отырып, табиғатты қорғау мен сақтауға қоғамды жұмылдыру. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу материалдарын отандық оқырманға жеткізіп, қазақстандық ғалымдардың бәсекеге қабілетті жобаларын жаһандық аудиторияға таныту міндетін арқалайды.
– Осы уақытқа дейін Батыс және Оңтүстік өңірлерде 100-ге жуық семинар өткіздік. Бұл кездесулердің басты мақсаты – оқушыларды қайтсек ғылымға қызықтырамыз деген сауалдың жауабын табу, олардың зерттеушілік қабілетін дамыту. Екінші бағытымыз – журнал фотокөрмелері. Бұл арқылы жастар мен студенттердің арасынан болашақ халықаралық стандартқа сай кәсіби фотографтардың шығуына ықпал етуді мақсат етеміз. Үшіншіден, тұрақты түрде фотоэкспедициялар ұйымдастырамыз. Оның негізгі мақсаты – туризмді насихаттау, еліміздің көрікті жерлерін халыққа кеңінен таныстыру және ішкі туризмді дамыту. Фотоэкспедициялар, бір жағынан, журналдың фотоқорын толықтырып, Қазақстанның тұмса табиғатын көрсететін құнды дерекқордың қалыптасуына негіз болып отыр, – деді Айбын Шағалақ.
National Geographic Society бүгінде білім мен мәдениетті дамытуға ықпал ететін маңызды халықаралық платформаға айналды. Бұл жоба әлемнің түкпір-түкпірінде қоғамға оң өзгеріс әкеліп жүрген тұлғаларды танытуды мақсат етеді. Осыған орай Айбын Шағалақ әлемдік National Geographic журналының National Geographic 33 жобасын таныстырды. Айтуынша, айтулы жоба биыл екінші жыл қатарынан сәуір айындағы санын National Geographic 33 бастамасына арнап, ізгі істерімен ерекшеленген азаматтарды кеңінен насихаттап келеді.
– Осы жобадан шабыт алған біздің редакция, яғни жергілікті журнал, биыл өзінің 10 жылдығына орай «National Geographic Qazaqstan елшісі» деген құрметті атақ тағайындауға шешім қабылдады. Өйткені, біздің елімізде де ғылымды дамытуға, табиғатты қорғауға және қоғамды жақсартуға үлес қосып жүрген, істеген ісі мен қызметі жаһандық National Geographic 33 рухымен үндесетін азаматтар баршылық. Біз солардың атқарып жүрген ісіне өз құрметімізді білдіре отырып, еңбектеріне ел назарын аударғымыз келді. Бірақ оларды өзіміз таңдай салмай, халықаралық National Geographic-тің бас редакциясының сараптауына ұсындық. Бас редакциямыз біз ұсынған 7-8 үміткердің жұмыстары мен қызметін ашық дереккөздер арқылы сараптай келе, ішінен екі адамға биыл жергілікті деңгейде құрмет көрсетуге кеңес берді, – деді А.Шағалақ.
Сөйтіп, «National Geographic Qazaqstan елшісі» атағы отандық ғылымға еңбегі сіңген қазақстандық екі ғалымға табысталды. Каспий итбалығын қорғау бағытындағы елеулі еңбегімен ерекшеленген Әсел Тасмағамбетова мен инклюзивті коммуникацияны дамытуға қосқан үлесі үшін Нұрзада Амангелдінің еңбегі National Geographic-тің планетаны сақтау миссиясымен үндес деп танылып, журналдың арнайы елшісі атанды.
National Geographic Qazaqstan журналын 10 жылдан бері қазақ тілінде сөйлетіп, оның дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан журнал редакторы Еркін Жақыповтың айтуынша, басылымның басты миссиясы – әлемді, планетаны сақтауға үлес қосу. Осы мақсатта әлемнің әр түкпіріндегі зерттеушілер мен ғалымдарға қолдау көрсетіліп, өзекті экологиялық және ғылыми тақырыптар тұрақты түрде көтеріліп келеді. Бүгінде журнал 100-ден астам нөмір шығарып, мыңдаған ғылыми материалды баспа және онлайн форматта оқырманға ұсынып отыр.
– Планетамыз ортақ болғандықтан, көтерілетін мәселелер де ортақ. Сол себепті әлемдік деңгейде жүргізілген ғылыми зерттеулерді қазақ тілінде қолжетімді ету – әлдеқайда тиімді жолдардың бірі. Бұл, ең алдымен, оқырманның функционалдық сауаттылығын арттыруға ықпал етеді.
Функционалдық сауаттылық – алынған теориялық білімді күнделікті өмірде қолдана білу қабілеті. Мұндай контент тек ақпарат беріп қана қоймай, саналы таңдау жасап, сапалы шешім қабылдауға жетелейді. Мысалы, қазір экожүйелердегі кейбір құбылыстарды үстірт бағалау дұрыс шешімге алып келмеуі мүмкін. Әлемдік тәжірибеде жануарлар саны күрт артқанда, оларды азайту ұсыныстары болғанымен, ғылыми зерттеулер оның табиғи тепе-теңдікті сақтауда маңызды рөл атқаратынын дәлелдеген. Айталық, гну антилопасы саны шамадан тыс көбейген кезде де олардың популяциясын қысқарту ұсынылған. Алайда кейінгі ғылыми зерттеулер бұл көзқарастың қате екенін көрсетті. Ғалымдар анықтағандай, жануарлардың көп болуы экожүйеге керісінше оң әсер еткен: олар шөпті тықырлап жегендіктен, күн сәулесінің жерге толық түсіп, топырақтың құнарлығы артқан. Сонымен қатар шөптің сиреуі орман өрттерінің алдын алуға ықпал етіп, ағаштар мен құстар санының көбеюіне жағдай жасаған. Сондықтан кез келген табиғи құбылысқа ғылыми тұрғыдан баға беріп, салмақты шешім қабылдау маңызды, – дейді Е.Жақыпов.
«NGQ елшісі» моральдық міндет жүктейді
Бүгінде National Geographic Qazaqstan көптеген оқырман үшін әлемді танып-білудің сенімді дереккөзіне айналды. Осылайша, басылым табиғатты қорғау, экологиялық сананы қалыптастыру және білімге ұмтылу сынды маңызды құндылықтарды жүйелі түрде насихаттап келеді. Ғылымға Абай айтқан «білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» деген құштарлықпен келген жас ғалымдардың бірі, алғашқы марапат иесі – Әсел Тасмағамбетова. Ол – Каспий теңізіндегі жалғыз сүтқоректі Каспий итбалығын қорғау мен сақтауға бар күш-жігерін жұмсап жүрген эколог. «Жалпы, итбалық санының азаюы бүкіл теңіз экожүйесінің табиғи тепе-теңдігін бұзуы мүмкін», – дейді ол. Небәрі соңғы 10 күн ішінде 191 итбалықтың өлексесі табылғаны туралы ресми ақпарат тарады. Сондықтан бұл түрді сақтау табиғатты қорғаудың және биологиялық әртүрлілікті сақтаудың маңызды бағыттарының бірі ретінде ескерілуге тиіс. Негізі, Каспий итбалығы популяциясының азаю себептерін Орталық Азия экологиялық зерттеулер институты (CAIER) 2015 жылдан бері жүйелі түрде зерттеп келеді. Осы уақыт аралығында 10 халықаралық экспедиция ұйымдастырылып, оған Әзербайжан, Иран, Ресей, Норвегия, Сауд Арабиясы, Түрікменстан, Франция және Қазақстан ғалымдары қатысты. Соңғы зерттеу нәтижелері Каспий теңізі экожүйесінің экологиялық дағдарыс жағдайында тұрғанын көрсетеді. Су құрамының қышқылдануы мен ластануға төзімділіктің төмендеуі теңіздегі тіршілікке, әсіресе итбалықтардың денсаулығына тікелей кері әсерін тигізіп отыр. CAIER ғалымдары осы бағытта биологиялық негіздеме әзірлеп, нәтижесінде 2020 жылы мемлекет деңгейінде Каспий итбалығын қорғау шаралары қолға алынды. Ал 2019 жылы Ақтауда институт базасында Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы ашылды. Бұл – Солтүстік Каспий өңірінде ветеринариялық көмек көрсетіп, популяцияның жай-күйін бақылаумен айналысатын бірегей мекеме.
Халықаралық ветеринариялық хаттамаларды негізге ала отырып, институт мамандары итбалықтарды емдеудің 63 арнайы әдістемесін әзірледі. Орталық жұмыс істеген уақыт ішінде 100-ден астам итбалық тексеріліп, оның 70-іне қажетті көмек көрсетілді.
– Мен үшін National Geographic Qazaqstan журналының биылғы жергілікті нұсқасына енуді үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік деп түсінемін. Осындай сенім білдіріп, қолдау көрсеткендеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Каспий итбалығын қорғау жобасы – біздің жұмысымыздағы ең маңызды бағыттардың бірі. Бұл салада он жылдан астам уақыт бойы жүйелі түрде еңбек етіп келеміз. Осы аралықта ғылыми экспедициялар ұйымдастырып, кешенді зерттеулер жүргізіп, ғылыми базамызды жаңарттық. Алайда Каспий теңізі экожүйесінің қазіргі жағдайы күрделі күйінде қалып отыр. Каспий итбалығы популяциясының аза-юы – алаңдатарлық мәселе. Өйткені итбалықтың денсаулығы – теңіздегі экологиялық ахуалдың басты көрсеткіші. Жыл сайын жағалаудан мыңдаған өлі итбалықтың табылуы осыны айқын дәлелдейді. Сондықтан бұл марапат мен үшін екі сезім тудырып отыр: бір жағынан – қуаныш пен ризашылық, екінші жағынан бұл популияция әлі де толық қалпына келмеген. Біздің мақсатымыз ортақ деп санаймын. Бізді табиғатқа деген жауапкершілік пен жанашырлық біріктіреді, – деді Әсел Тасмағамбетова.
Сондай-ақ іс-шара барысында Нұрзада Амангелді инклюзия бағытындағы бірегей жобасын таныстырды. Әлемде 120-ға жуық ым-ишара тілі бар және қарым-қатынас тек қол қимылымен шектелмей, бет әлпеті мен ерін қозғалысына да тікелей байланысты. Зерттеуші елімізде бірыңғай ым-ишара тілінің әлі толық қалыптаспағанын атап өтті. Қазақ тілі ортақ болғанымен, ым-ишара арқылы түсінісуде ішкі кедергілердің әсерінен түрлі нұсқа қалыптасқанын жеткізді.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ