in

Жапырақ – жаздың жyрегi

Ол қазақ әдебиетінде әйел ақындар поэзиясының жаңа бір тынысын ашып, адам жанының ішкі иірімдерін шынайы әрі әсерлі жеткізе білген қаламгер ретінде танылды. Мөп-мөлдір лирикалық жырлардың авторы тірі болса, бүгін, яғни 25 сәуір күні  80 жасын тойлап жатар еді… Амал нешік, оқырман енді ақынды өлеңдері арқылы сағынышпен еске алады.

Күләш Ахметова шығармашылығы ең алдымен адам жанының тазалығы мен махаббаттың биік құндылығын жырлауға бағытталған. Оның өлеңдерінен нәзіктік пен сыршылдық сезіледі. Күләш ақын көбіне өмір, уақыт, тағдыр, ана мен бала арасындағы мейірім, туған жерге деген сағыныш сияқты мәңгілік тақырыптарды жырлады. Бұл тақырыптарды ол қарапайым сөзбен емес, жүрекке тікелей жететін шы­найы сезіммен өрнектеп өтті.

«Тіршілікте боран да,

Құйын да бар,

Қайдан сенің түсінсін күйіңді олар?

Ылғи жақсы болуды тілегенмен,

Ылғи жақсы боп қалу қиын болар…» деп жырлаған ақын өзі «тағдырым» деп білген әдебиетке үн-түнсіз қызмет етіп, тек шы­ғар­машылықпен алаңсыз айналысты. 

Күләш Ахметова тек махаббат пен сезім жыршысы ғана емес, адамгершілік құнды­лықтарды да  насихаттап өтті. Ол адам бо­йын­дағы ізгілік, адалдық, мейірім сияқты қа­сиеттерді дәріптеп, оқырманды жақсы­лық­қа үндеді. Ақынның өзі де көзі тірісінде: «Әр мезгілдің өзінің сипаты бола­тыны сияқты, әр кезеңдегі өлең-жырлардың да өз табиғаты болады. Біздің бойжеткен ке­зі­мізде жазылған жырлар мөлдір, таза бо­луының себебі сол ортаға, қазақи тәр­бие­ге байланысты болса керек. Ол кездегі адам­дар да бір-біріне мейірімдірек болған сияқ­ты» деп айтқан екен.

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

Күләш – сыршыл лирик ақын

Күләш Ахметова алғаш әдебиет әлемін­де көріне бастаған шақта әлі студент еді. Ол Тараздағы медицина училищесінде білім алып жүрген. Ал мен Қыздар институтын тәмамдағалы отырған жас түлек болатын­мын. Фариза Оңғарсынова болса, Атырау өңірінде еді.

Сол бір кезеңнің бір ерекшелігі – әде­биеттің алып тұлғалары Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Қа­лижан Бекхожин сынды майталмандардың көзі тірі кезі. Баспасөздің беделі биік, тала­бы қатал еді. Жаңа буынның әрбір өлеңі сол кісілердің назарынан тыс қалмайтын. Жылт еткен бір әдемі жыр туса, оны әде­биеттің абыздары бірден байқап, бағасын беріп үлгеретін.

Біз үшін әдебиет – өмірдің өзегі еді. Аш жүрсек те, соңғы тиынымызға кітап сатып алатынбыз. Газет-журналға шыққан бір әңгімені оқымай қалсақ, өзімізді кінәлі сезінетінбіз. Жаңа есімдерге құлақ түріп, жас ақындардың шығармашылығын қалт жібермей қадағалайтынбыз. Жаңа қойыл­ған спектакль болса, оны да қызу талқылап, пікір алмасатын едік. Біздің буынның ар­тықшылығы да, бәлкім, осы шынайы құш­тар­лықта жатқан шығар.

Сол тұста Күләштің өлеңдері өзгеше әсер қалдыратын. Оның «Шілтер», «Ақ гү­лім» атты жырлары жүректі бірден баурап алды. Біз бір-бірімізді көрмесек те, есім­де­рімізге қанық болып өстік. Ал кейін әдеби жиындардың бірінде алғаш жүздескен сәтте баяғыдан таныс жандардай бірден шұрқырай табыстық.

Күләштің болмысы да жырларындай нәзік еді. Жалпы, қазақ қызының табиғаты нәзік қой, ал ақынның жан дүниесіндегі сол нәзіктік тіпті айрықша сезілетін. Оның әр сөзі, әр қимылы мөлдірлікке, әдемілікке тұнып тұратын.

Ол:

«Өсек айтып, жел сөзбен желіккендер,

Маған маза беріңдер, ерікпеңдер.

Мен бұлақпын,

Бұлақтың айналаға

Зиян болған кездерін көріп пе еңдер?» – деп жазады.

Ақынның «бұлақпын» деуі – тегін теңеу емес. Бұл – оның ішкі жан дүниесінен мөл­діреп төгілген жырдың бей­не­сі. Бұлақ қашанда таза, тұнық қалпымен айналасына нәр беріп, жанға шипа сыйлайды. Ол ешқашан қоршаған орта­сына зиянын тигізбейді. Ке­рісінше, тірші­лік­ке нәр, көңіл­ге сая болады. Сол секілді, Күләштың да поэ­зиясы – жан дүниесінің мөлдір айнасы. Ол өз жүрек сырын өлеңмен өрнектеп, оқырманға шынайы қалпында жеткізеді. Оның жырларын оқыған әрбір қазақ қызы нәзіктікті, ішкі мә­дениетті, сезім тазалығын бо­йына сіңіргендей әсер алады.

Күләш – сыршыл лирик ақын. Оның поэзиясы өзгеше әуезімен, нәзік иірімдерімен дараланады. Әр өлеңінен жү­ректің лүпілі, жанның жылуы сезіліп тұрады. Сондықтан да оның лирикасы оқырманын бейжай қалдырмай, көңіл түк­піріне терең бойлайды.

Біз поэзияға келген жыл­дары жанымызда өзге де ақын  қыздар көп еді ғой. Ырза Қо­нақова, Бәтима Батырбекова, Шәрбану Құмарова – бәріміз бір ортада жүріп, бас қосқанды жақсы көретінбіз. Қай жерде жиын болса да, шұрқырасып табысып, артынша Тұрсынхан Әбдірах­манова апамыздың үйіне шай ішуге бара­тынбыз. Кейде мереке күндері әзілдеп: «Апа, ендігі кезек сіздікі ғой», – деп қал­жыңдап қоятын едік. Қол тимей, қарбалас тіршілікпен жүрген күндердің өзінде осын­дай көңілге жылы, сағынышты сәттеріміз аз болған жоқ. Біз де сендер секілді әр жер­де еңбек еттік. Мен «Жұлдыз» журна­лын­­да, «Қазақ әдебиеті» газетінде, Қазақ­фильм студиясында қызмет атқардым. Ке­йін Алматыдан жұмыс табылмай, Тал­дықорғандағы газетке ауыстым. Сөйтіп, тіршіліктің күйбеңімен ары-бері жүгіріп, тынымсыз күн кештік. Солай жүрсек те, бір жиын болады дегенді естісек, бір-бірімізді сағынып, кездесуге асығатын едік.  Өңір­лер­­ден  Шырын Мамасерікова, Қатира Жә­ленова секілді қыздар келетін. Ал бәрі­міздің қашан, қайда жиналатынымызды біліп, басымызды қосып жүретін Жур­налистер одағында істеген Ибада деген апаларың еді. Біз сондай сыйластығы жарасқан, бір-біріне тілеулес буын болдық.

Күләш екеуміз 1992 жылы Бурса қаласында өткен «Түрік әлемі» фестиваліне бірге барған едік. Сол сапарда Тұманбай Молдағалиев ағамыз жүлделі орынға ие болды. Бұл сапар біз үшін тек шығарма­шы­лық тәжірибе ғана емес, рухани жа­қын­дықты тереңдете түскен ерекше кезең еді. Мұндай кездесулер ақындардың бір-бірі­мен сырласып, ішкі әлемін бөлісуіне, мұңдасып, жан дүниесін ұғынуына мол мүмкіндік беретін. Сол күндердің бәрі бүгінде жүрек төрінде сақталған әдемі естелікке айналды.

Кейін Алматыда өткен поэзия кеште­ріне де бірге қатысып, үлкен апаларымызға сәлем беріп баратын едік. Күләштің адам­гершілік болмысы ерекше еді – өте жайлы, бауырмал, әр адамға жылы пейілмен қарай білетін жан болатын. Оның осы қарапа­йым­дылығы мен кең жүрегі айналасындағы адамдарды өзіне тартып тұратын.

Күләштің жырларын ешкіммен шатас­тыруға болмайды, соңына қол қоймаса да нәзік әйел жүрегінің лүпілінен танитын едік.

Ол жасыл жапырақтың мезгілсіз үзіл­мегенін, қайтқан құстардың түгел оралуын тілейтін. Соның бәрін ғажайып жүрек дірілімен нәзік сезімді жолдармен өрнек­теді.

Әйел жүрегі сезетін бөлек нақышпен жырлайтын ғажап Ақын еді.

Нәзира БАЙЫРБЕК,

журналист:

Санаға сәуле түсіреді

Кейде өмірде бұрын басыңнан өтпеген оқиғаларға, бұрын көрмеген жайттарға тап боласың. Бірақ олар соншалықты таныс сияқтанады. Тәжірибең, білімің бар сияқ­ты, жағдайды оңай түсініп, оңай талдап, шығар жолдарды тез көріп, оңай шешім қабылдай қоясың. Бұлай өмірді оңайлатуға бұрын сен оқыған кітаптар, сен көрген ки­нолар, болмаса сен әңгімелескен адамдар, олар саған айтқан сырлар себеп болады көбіне.

Маған да ақын Күләш Ахметовамен жа­қындау араласуым, ақын жайлы  кітап жа­зуым дәл осылай өмірдің талай сәтте­рінде көмек болды. Маған кей кезеңдердегі кейбір қиындықтар мен қуанышты сәттер бұрын бетпе-бет келіп көрмеген, жаңа тә­жі­рибе болса да  маған соншалық таныс сияқ­танып отырды. Таныс тәжірибе, таныс сезімдер,  таныс ойлар… Мен сол сәттерде өзімді қалай ұстау керегін, сол сәттен өзімді қалай алып шығуды қиналмай анықтай алатынмын.

Өйткені кейде Күләш Ахметова осын­дай жағдайларға тап болғанда қалай әрекет етер еді деген ой санамда еріксіз қылаң береді. Ол кісінің өмірінде болған оқиға­ларды, сол сәттердегі шешімдерін іштей саралап, қайсысы дұрыс, қайсысы қате болғанын бағамдауға тырысамын. Содан өзіме сабақ алып, соның негізінде жеке шешім қабылдауға ұмтыламын.

Осылайша, ақынның өмірлік тәжірибесі мен ұстанымдары санамның бір түкпірінде үнемі жұмыс істеп, түрлі жағдайды тара­зылауға, дұрыс жол табуға бағыт беріп тұратындай.

Бұл әлгі «Күләш Ахметова» кітабын жа­зарда  ақынның мені жассынбай барын­ша ашылып, сырын айта білгенінен, ал менің ақынның жан дүниесіне терең үңіле алғанымнан, ақынның күйін сезіне алға­ным­нан болар деп ойлаймын. Былайша айт­қанда, мен 2014-2016 жылдар арасында Күләш Ахметованың «аяқкиімін киіп», ақын жүрген жолдармен жүріп көрген сияқтандым.

Біз адамдарды айтқан сөзімен, істейтін ісімен ассоциациялаймыз ғой. Маған Күләш ападан қоңырау немесе хат келсе, әлі ашып оқымай жатып көңілім қуанып, көзім жайнап, жүзім жадырап сала беретін. Хатқа жауап берерде қуанғаннан дауысым жіңішкеріп кететін еді. Тіпті, әлі хатты ашпай, қоңырауға жауап бермей жатып, бойымда осындай сәуле, жылылық тарап жататын. Өйткені ақын Күләш Ахметова өз-өзімен үнемін жұмыс істейтін, «жақсы ой ойлап, жақсы сөйле» принципін ұстанатын адам еді.  Сол жақсы ойлары мен жақсы сөзі адамдармен қарым-қатынасына, барлық ісіне шуақ беріп тұратын. Жай ғана Күләш Ахметова де­ген сөзді айтқанда, естігенде күндей күлім­сі­реген, дауысы мейірімге толы, сондай жылы бейне көз алдыңа келе қалатыны да сондықтан.

Мені қуантатыны –  ақынның бұл жылылығын оны көзімен көріп, әңгі­месін тыңдап, жанында жүрген біз ғана емес, ақынның шығармаларын оқыған әр адам сезіне алады. Ақынның өлеңдері әлемнің 20 шақты тіліне аударылған болса, ақынның болмысының шуағы да сол 20 шақты тілде оқитын  өлеңсүйер оқырманның санасына сәуле түсіріп отыр.  

Өйткені Күләш Ахметованың әр өле­ңінде ақынның нұрлы әлемінің шуағы бар. Осы шуақ ғасырлар бойы жүректерді жылытып, ұрпақ санасын сәулелендіре беретініне сенемін.

Гүлзина БЕКТАС