in

«Астана Балет» Алматыға гастрольмен барып, жаңа қойылымдарын ұсынады

«Астана Балет» театры Алматыға жыл сайынғы гастрольдік сапарында көрермен көкейінен шығар кезекті бағдарламасын дайындады , – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

2-7 мамыр аралығында Almaty Theatre сахнасында елордалық ұжым театрдың шығармашылық ізденісін және заманауи сахна тіліне деген ұмтылысын бейнелейтін жарқын қойылымдар ұсынады.

«Театр үшін орындаушылық деңгейін биік ұстап қана қоймай, көркемдік көкжиегін де үнемі кеңейтіп отыру аса маңызды. Биыл біз алматылық көрермен тамашаламаған жаңа қойылымдарды көрсетпекшіміз. Бұл  біздің шығармашылық ізденісімізді және көрерменмен заманауи сахна тілінде сөйлесуге деген ұмтылысымызды айғақтайтын туындылар. Ұсынылған спектакльдер көрермен көңілінен шығып, маңызды мәдени оқиғаға айналатынына сенімдімін», – деп атап өтті театр директоры Тайыр Қаратаев.

Гастроль шымылдығы 2тмамырда премьерасы күзде өткен екі актілі «Қос кілем» балетімен ашылады. Бұл – Ширван кілемі туралы ежелгі әзербайжан аңызының негізінде жасалған ауқымды қойылым.

Спектакль көрерменді ерекше әлемге жетелейді. Онда кілем өрнегі адам өмірбаянына айналып, әр иірімі тағдырлар мен сезімдерді сақтайды. Махаббат, айырылу және қайта қонған бақ туралы аңыз осы балетке негіз етіп алынған. Талай қиындықты басынан өткерген кейіпкерлер қайта табысып, ал кілем адалдық пен рухани байланыстың символына айналады. Либретто авторы әрі жобаның идеялық бастамашысы – Валерий Копейкин, қоюшы-режиссер әрі хореограф – эпикалық мазмұнды мәнерлі пластикалық тілде бейнелеген Александр Могилев.

Гастрольдің шарықтау шегі 6 және 7 мамырда көрсетілетін  Carmina Burana  балет-кантатасы болмақ. «2025 жылдың үздік қойылымы» атанған қойылым сахнада балет, хор, оркестр және солистерді біріктіріп, тартымды синтетикалық көрініс жасайды. Спектакль адам табиғатының мәңгілік тақырыптарын – махаббат, азғыру, рухани таңдау және қарама-қайшылықтардың күресі мәселесін көтереді.

Балет оқиғасы екі жанның (Бозбала мен Бойжеткен) айналасында өрбиді. Олар біріне-бірі ынтық. Екеуара пәк сезімдері махаббатқа ұласады. Бірақ  болмысыңды сақтап, махаббат сырын тану үшін өзгенің алдап-арбауынан, азғыруынан бойыңды аулақ ұстасаң ғана мүмкін екен. Спектакльдің бейнелік әлемі Орфтың музыкасынан ғана емес, Қайта Өрлеу дәуірі суретшілерінің эстетикасынан да қуат алған. Жаратылыс пен қиратушы күштер шартты түрде Жаратушы және Азғырушымен байланысты символдық кейіпкерлер арқылы бейнеленіп, Фортуна дөңгелегінің үздіксіз қозғалысы тақырыбын көтереді.

Қоюшы-хореографтар  – Мукарам Абубахриева (Авахри) және Тимур Загидуллин. Бас дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі оркестр, хор және солистер спектакльді музыкамен сүйемелдейді. Қойылымға опера солистері – баритон Әділ Сұлтан, тенор Талғат Аллабиринов және сопрано Фируза Рахметова қатысады.

«Алматыға гастрольдік сапар біздің театрымыз үшін әрқашан ерекше оқиға болып саналады. Өзіміз де жыл сайын сүйікті алматылық көрерменмен қауышуды асыға күтеміз. Гастрольдік репертуарды дайындағанда алматылық көрермен бұрын көрмеген қойылымдарды көрсетуге тырысамыз. Балетте жаңа формалар мен мағыналарды іздеуге деген ұмтылысымыз гастрольдік репертуарда да көрініс тапты. «Қос кілем» және  Carmina Burana  спектакльдері көркемдік жағынан өте ерекше, бірақ олардың әрқайсысы көрермен қауымның тамашалап, бағалауына лайық.  Алматы жұртшылығы әртістеріміздің барлық күш-жігері мен талантын сезініп, осы жарқын әрі әсерлі оқиғалардың әрқайсысын бізбен бірге басынан өткереді деген үміттенеміз», – деген ойын айтты театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Қанетов.