Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі және Қазақстанның Мал шаруашылығы одағы сиыр еті бағасын тұрақтандыруға бағытталған меморандумға қол қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Келісімге сәйкес, Мал шаруашылығы одағы ішкі нарықты ет өнімдерімен тұрақты қамтамасыз етіп, тапшылыққа жол бермеуге міндеттенді. Сондай-ақ экспортқа шығарылатын сиыр етінің кемінде 15%-ы ел ішінде сауда желілері арқылы сатылатын болады.
Меморандумда ішкі нарыққа жеткізілетін сиыр етінің бағасы 3275 теңгеден аспауы тиіс екені белгіленген. Сонымен қатар экспорттаушылардың жұмысы үйлестіріліп, ет өнімдерін жеткізу жүйесі реттеледі.
Өз кезегінде, Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарық толық қамтылған жағдайда экспорттық квоталарды арттыру мүмкіндігін қарастырады.
Ал Сауда және интеграция министрлігі баға мониторингін жүргізіп, сауда желілерімен жұмысты үйлестіреді және сауда үстемесінің белгіленген деңгейден аспауын қадағалайды.