in

Ойыңды өсіре ме, орта білім?

Кейінгі уақытта тіпті әлеуметтік желіде Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова­ның орта білім беру саласына қатысты мәлімдемелері күн сайын бірінен соң бірі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Оқулықтар жаңартылады, педагогтардан біліктілік тест алынып тасталады, аттестация жүйесі өзге­реді, мектеп директорларын тағайындау өзгереді, мектептерде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілуде дегендей жаңалық көп. Дегенмен түсінгеніміз, енді ОЗП тесті толықтай алып тасталды, авторлық және әдістемелік, портфолио жинау болмай­ды, ұстаз және eGov жүйесі ашылады, жаңа ереже алдағы уақытта шығады. 

Бірақ министр білім жүйесіне енгізілетін өзгерістер туралы педагогикалық ортада сараптап, талқылап, ортақ шешім қабылдап, бекітілгеннен кейін жалпақ жұртқа жария­лауына болмай ма? Мәселен, 7 сәуірде Жұл­дыз Досбергенқызы іңірде әлеуметтік желі­дегі парақшасы арқылы «Қазақстанда мұғалімдерге арналған ОЗП тесті толықтай алып тасталды. Бұл уақытша емес, тұрақты шешім болып саналады. Енді жұмыс істеп жүрген мұғалімдер бұл тестіні тапсырмайды» деп мәлімдеді. Жаңалық көпшілік ұстаздар тарапынан екіұшты қабылданды. Қолдаған­дардың да, қарсы болғандардың да қатары қалың көрінді.

Педагогтардың сөзінше, өзгерістер дәл аттестация аяқталар сәтте және қандай өзгеріс болмасын алдын ала талқыланбай, жоспарсыз енгізілгені үлкен мәселе туғызды. Кезінде педагогикалық біліктілік тестін енгізген экс-министр Асхат Аймағамбетов журналистердің сұрағына жауап беріп, тестілеудің толығымен алынып тасталғаны­нан хабарсыз екенін айтқан.

«Біріншіден, ол бұйрық нақты шықты ма, шықпады ма, мен білмеймін. Нені тоқта­тып жатыр, қалай тоқтатып жатыр, білмедім. Тестілеуді кезінде біз жайдан-жай енгізген жоқпыз ғой? Өкінішке қарай, проблемалар болды, мысалы, университетті бітірген соң педагог тест тапсырып, сертификатын алуды міндеттеуді енгіздік. Бастапқы жылдары осы тесті енгізген соң төрт жыл бойы, әсіресе математиктердің басым бөлігі сол тестен өте алмағандары болды. Соған байланысты біз сол жылы 36 университеттің лицензиясын қайтарып алған болатынбыз. Ал жалпы, аттестация мәселесіне келер болсақ, дұрыс, бұл жүйені жаңартқан дұрыс. Мен өзім авторлық бағдарлама талабын түсінбеймін. Егер бұл талап шебер мұғалімге болса, түсі­нікті. Ал модератор мен сарапшыдан оны не­ге талап етеді? Осыны алып тастау туралы есті­дім. Мұнымен келісемін. Ал тестілеуді то­лығымен алып тастау туралы естімедім. Бұл жерде нақты зерттеулер болуы керек», – деді Асхат Аймағамбетов.

Қарсы топ әлеуметтік желілерде «Тес­тілеу артық жүктеме емес, өйткені ол бес жылда бір-ақ рет өткізіледі. Бұл – кәсіби деңгейді бағалау мен білім беру сапасын сақтаудың тиімді құралы. Жемқорлық алдында шара­сыздық танытып, тестілеу мен авторлық бағ­дарламаны алып тастау тиімді ме?!» десе, қолдаушылар «Сіз тек тестті тоқ­татқан жоқ­сыз, сіз тест орталығының жем­қорлығын, мұғалімдердің «стресін» тоқ­таттыңыз. Енді ваучер деген тиімсіз, жү­йесіз, өтірік банк не акционерлік қоғам­ның былықтарын тоқтат­саңыз, нұр үстіне нұр болар еді» деп жазды. Пікірлер тізбегін оқып отырып, ұстаздар үшін міндеттелген ОЗП тестін тапсыру жү­йесі қолданысқа ен­гізілген уақыттан бері бір жүйеге түспегенін аңғаруға болады. 

Ең бастысы – сапалы білім және білікті кадр 

Жалпы, кейінгі 30 жыл ішінде білім саласында жасалған реформалар санын саусақпен санап шығу мүмкін емес. Ресми ақпарат көздеріндегі деректерге сүйенсек, 2000-2017 жылдар аралығының өзінде білім беру стандарты 7 рет өзгеріп, әр өзгерту сайын оқулықтар жаңартылған екен. 2017-2022 жылдары «Білім» туралы заңға 29 рет өзгертулер мен толықтырулар енгізіліпті.

– Шынында да, тәуелсіздік алғалы бері ең көп реформа жасалған сала – білім. Оның да себептері бар шығар. Біздің осы мерзім ара­лықтарында тапқанымыздан жоғалтқаны­мыз көп болды. Алайда кеңестік одақ құра­мынан шыққаннан кейін біздің алдымызда білім саласы бойынша қай жолды таңдау қажеттігі туралы маңызды міндет тұрды. Ол үшін әр мемлекеттің білім беру жүйесін сараладық. Сонымен, біз түптеп келгенде, болон білім беру жүйесін таңдадық. Бұл әлемдік білім­дердің үдерісі дегенді білдіреді. Яғни, бір мем­лекеттен алған дипломыңыз басқа мем­ле­кетте жарамды болады деген сөз. Алайда бізге келіп жеткен мәліметтер бойынша, шетелде біздің дипломымызды қайтадан дәлелдеуді қажет етеді екен. Тіпті, өз елімізде де дипломы бар, сапасыз кадрлар көп даярланып кетті. Осыған байланысты болон білім беру жүйесін әлі де жетілдіру мәсе­лесінің өзекті күйде қалып отырғанын аң­ға­рамыз, – деді экс-сенатор Мұрат Бақтиярұлы.

М.Бақтиярұлының айтуынша, түйінді түйт­­кілге назар аударсақ, қазірге дейін жоғары оқу орындарында педагог мамандары ақылы негізде де даярланады. Яғни, мектепте төменгі бағаға оқыған бала жоғары оқу орнында ақылы білім алып, мектепте мұғалім болуы кейінгі жыл­дарда білім сапасының нашарлауының нақ­ты себебі болуы мүмкін. Сондықтан педа­гогикалық біліктілік тестін алып тастауға болмайды. 

– Жаңа министр келгелі де жарты жыл­дан асты. Бұл кісі де білім саласын жақсарту үшін талпыныстар жасап жатыр. Дегенмен осы са­ла­ның маманы ретінде менің айта­ты­ным, елі­міздегі 8000-ға жуық мектеп сынақ алаңы емес қой, кез келген реформа жасар­дың ал­дын­да көптеген сараптама өтуі керек, тәжі­рибе жинақталуы керек. Содан кейін ғана өзгеріс жасалуы керек. Мен біліктілік тест тапсыруды құптаймын. Өйткені универ­ситет бітірген маман мектепке келер алдында тест­тен өткені дұрыс, оны министр қалдыр­дым деп отыр. Бірақ әрбір 4-5 жыл сайын мұ­ға­лім­дер өзінің пәні бойынша тест тап­сыруы керек. Бұл – бүкіләлемдік үрдіс, ұстаз өз пәнін қалай білетінін нақтылап отырған дұрыс. Бүгінде өз пәнін жетік білетін маман­дар аз екені рас. Мен кезінде Парламентте 2-3 рет депутаттық сауал ретінде педагогика­лық және меди­ци­налық мамандарды ақылы негізде оқытуды тоқтату туралы мәселе көтергенмін. Оларды кәдімгі нақты біліміне қарай саусақпен санап отырып, жоғары оқу орындарында арнайы дайындау керек, – деді Мұрат Бақтиярұлы. 

Ал экс-сенатор Динар Нүкетаева рефор­малардың жиі өзгеруі мұғалімдерге де, оқу­шыларға да белгілі бір деңгейде қиындық туғызатынын айтты.

– Реформалар тұрақтылықпен, жүйелі­лік­пен және педагогтардың пікірін ескере отырып жүзеге асырылуға тиіс деп санаймын. Аттестация мен бағалау жүйесі мұғалімдердің кәсіби өсуіне ынталандыратын маңызды құралдардың бірі болып келді. Осыған бай­ланысты мұндай өзгерістер балама, заманауи және әділ бағалау жүйесімен қатар жүруі қажет деп ойлаймын. Мысалы, мұғалімнің жұмыс нәтижесін оқушы жетістігі, сабақ сапасы, кәсіби даму белсенділігі арқылы кешенді бағалау тиімдірек болуы мүмкін. Ең бастысы – білім сапасын төмендетпей, мұғалім мәртебесін арттыратын теңгерімді жүйе қалыптастыру, – деді Д. Нүкетаева. 

ҰБТ жүйесі өзгерсе, мектептегі білім де соған сай жаңара ма? 

Осы орайда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сұхбатының бі­рін­де: «Біз ҰБТ-ға қатысты реформа қабылда­уымыз қажет. ҰБТ өз алдына қойған мінде­тін 100% орындады. Ендігі реформа міндеті – са­па­лы білім және білім ордасы трансформа­ция­сы» деді. Бұл тұста «Егер халықаралық стан­дартқа сай тест түрленетін болса, соған сай орта білім беру жүйесіне қандай өзгеріс жасалуы керек?» деген заңды сұрақ туын­дайды емес пе? Біз Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитеті баспасөз қызметіне ха­бар­ласып, алдағы уақытта жалпы орта білім саласында қандай жаңалықтар болғалы жат­қанын сұрағанбыз.

Орта білім комитеті баспасөз қызметі сұ­рағымызға: «Оқу-ағарту министрлігі педа­гогтарды аттестаттау жүйесіне бірқатар өзге­ріс енгізуде. Жүргізіліп жатқан реформалар­дың негізгі мақсаты – педагог еңбегін әділ әрі ашық бағалау жүйесін қалыптастыру, артық талаптар мен негізсіз қаржылық шы­ғындарды қысқарту. Жаңа аттестация педа­гог­тардың жұмыс нәтижелеріне негізделеді әрі барынша түсінікті, объективті форматқа көшіріледі. Аталған өзгерістер 2027 жылдан бастап енгізілетін аттестаттау жүйесіне байланысты екенін естеріңізге саламыз», – деп жауап берді. 

Алайда күн сайын қайта-қайта мектеп­тер­ге енгізілетін жаңалықтар туралы ми­нистр­дің мәлімдемелерін әлеуметтік желі арқылы ба­қылап отырғанымызбен, мектеп қабырғасы­нан бағыт-бағдары, мақсат-мұраты айқын азамат тәрбиелеп шығаруға арналған нақты бағдарламаның жасалып жатқаны туралы естімейміз. Себебі мектеп адам өміріндегі – ең маңызды кезең. 11 жыл бойы мектеп парта­сын­да баланың нақты дағдысы, ойлау қабі­леті, шешім қабылдай білу әдеті қалыптасуы керек. Бұл – кейінгі жылдары білім саласына енгізуге талпынып жатқан нақты жаңалық­тардың бірі. Бірақ оның әлі де жүйеленбей жатқаны жасырын емес. Соның салдарынан оқушылар ара­сын­да да, студенттер арасында да білім сапасы мен мамандыққа адалдық мәселесі күрделі күйінде қалып отыр. Жас­тардың арасында жоғары білім алуға ұмты­латындар саны көп. Бірақ дипломды жас­тар­дың бәрі өздерінің алған мамандықтары бо­йынша жұмыс істе­мейді. Нарықта жұмыс­сыз жастардың қата­рын толтырып, нақты экономикаға ешқандай пайда әкелмейді.

Сарапшылар мемлекет тарапынан жоға­ры білімге салынған қомақты инвестицияға және жыл сайын мыңдаған білім беру гранты бөлінетініне қарамастан, мамандық бойын­ша нақты жұмысқа орналасу коэффициенті төмен деңгейде қалып отырғанын айтып, дабыл қағуда. Президент жанындағы ҚСЗИ Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің бас са­рапшысы Гүлназ Қасымованың пайымда­уын­ша, жүргізген таңдаулы сауалнама нәти­желеріне сәйкес, бүгінде жас мамандардың бестен бір бөлігінен астамы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді: бұл көрсеткіш техникалық және кәсіптік білім (ТжКБ) түлектері арасында – 29%, ал жоғары білім ал­ған­дар арасында 17%-ды құрайды. Сал­да­рынан елімізде ЖОО бітірген дипломды ма­мандардың 60-80 пайызы алған мамандық­тары бойынша жұмыс істемейді. 

Мұрат Бақтиярұлының сөзінше, көпте­ген Еуропа мемлекетінде жастардың басым бөлігі ең алдымен орта арнаулы білім алуға ұмтылады.

– Мәселен, Германияда жастардың көбі таңдаған мамандығы бойынша орта арнаулы білім алып, оқуын бітіріп, сала бойынша ше­берліктерін шындаған соң ғана жоғары білім алуға ден қояды. Ал бізде мектеп бітір­гендер­дің 80 пайызға жуығы жоғары оқу орындарына құжаттарын тапсырады. Мәсе­лен, Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, 2025-2026 оқу жылының басында елдегі жо­ғары оқу орындарында 678,1 мың студент білім алып жатыр. Бірақ солардың жыл са­йын 120-140 мыңдайы жоғары оқу орын­дарын бітірсе, бұлардың 20-30 пайызы ғана өз мамандықтары бойынша жұмыс істейді. Мен дамыған мем­­лекеттердің білім саласын көп зерттеп көрдім, ол мектептерде оқушы­лардың бейімділігіне қарай жаратылыстану математикалық және қоғамдық гуманитар­лық білім беру қарас­тырылған. Сондай-ақ балалар мектепте 12 жыл оқиды, 1-6-сынып бастауыш, 6-9-сынып орта білім, кәсіптік оқуға бейімдеу, 10-12-сы­нып­тарда таңдаған мамандыққа сәйкес пәндерді оқытады. Біз мектептерде қаптаған пәндерді танымдық, кіріспе бағытында оқы­ту­ға көбірек мән береміз. Дамыған елдер ғы­лымға баулиды, логикаға, жүйелі ойлауға бау­лиды. Өзіңіз білесіз, Назарбаев зияткерлік мектептері 12 жыл оқиды. Біз де осы стан­дарт­қа көшуіміз ке­рек. ҰБТ-ны да әлемдік стан­дартқа негіз­деу керек, – деді ол.

Р.S.                                                      

Еліміздің білім саласына жасалатын ендігі өзгеріс мектептер мен жоғары оқу орындарының арасындағы сәйкессіздікті жоюға бағытталғаны дұрыс сияқты. Егер Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ жүйесіне өзгеріс енгіземіз десе, соған сай мектептегі білімнің бағыты қалай өзгереді, Оқу-ағарту министрлігі мұны да ойлап жатқан болса керек.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ