in

Алып арыстанды бағындырған ана

Ол  циркке кез келген адам келе бермейтінін,  бұл жолды тек жанкештілікке дайын, өнерді шексіз сүйетін, әр сәтін сахнаға арнауға даяр жандар ғана таңдайтынын айтқан. Айтса айтқандай, біздің кейіпкеріміз Қазақстандағы тұңғыш әрі жалғыз арыстан үйрет­кен әйел және цирк саласындағы династияның басында тұрған ана Жанат Қалметованы нағыз өз саласының жанашыры дер едік. 

Циркке 40 жастан асқанда қайта келді

Сарыағаш ауданында қара­пайым мұғалімдер шаңы­ра­ғында дүниеге келген кішкентай қы­з­дың арманы уақыт өте келе үл­кен сахнаға, кең манежге ұлас­қан. Ол – жеті баланың үшіншісі. Ба­ла күнінен өнерге жақын болып өс­кен қыздың жүрегін ерекше бау­рағаны цирк әлемі болды. Қап­лан­бек совхозындағы мәдениет үйін­де алғаш сахнаға шығып, цирк өне­рінің қыр-сырын мең­ге­ре бас­та­ған ол кейін «Фантазёр» хал­ықтық цирк ұжымының белді мүшесіне ай­налды. Жеті жылдан астам уа­қыт бойы тынымсыз жаттығып, гастрольдік сапарларға шығып, шет­ел мен еліміздің талай қала­ла­рын аралады.

Жастық шағындағы ең үлкен же­тістіктерінің бірі  1987 жылы Мәс­кеуде өткен Бүкілодақтық цирк фестивалінде топ жарып, лау­реат атанып, алтын медаль ие­ленуі болды. Бұл оның өнер жо­лын­дағы айқын жеңісі еді. Алайда тағ­дыр жолы оны бір сәтке сах­на­дан алыстатты. Мектеп бітірген соң цирк әртісі болуды арман­да­­ғаны­мен, анасының қар­сылығына байланысты басқа жолды таңдауға мәжбүр болды. Өнерді жүрек түк­пі­ріне сақтап, отбасы­лық өмірге қа­дам бас­ты, ана атанды. Араға жыл­дар салып, бала күнгі арман қай­та оянды. Қырық жасқа кел­ген­де, көпшілік тәуе­келге бара бер­мейтін шақта, ол қайтадан ма­­­неж­ге оралды. 2012 жылы Шым­кент циркіне штаттан тыс ма­ман ретінде келген ол, бір жыл­дан кейін ресми түрде цирк әртісі атан­ды.

«Менің бұл шешімімді көп­ші­лік бірден қабылдай қойған жоқ. Бала күнімнен циркке қатыс­қа­ным­ды, халықтық цирк құра­мын­да өнер көрсеткенімді, шетел сах­­наларын бағындырғанымды көбісі біле бермейтін. Сондықтан да айналамдағылардың арасында күмәнмен қарағандар аз болмады. «Цирк – жастайынан үздіксіз ең­бек­тенуді талап ететін өнер. Жиыр­­­­ма жылдан астам үзілістен кейін бұл саланы алып кету қиын» деген пі­­­­­кірлер де айтылды. Тіпті «енді цирк әртісі бола алмайды» деген се­німсіз сөздер де естілді. Алайда мен бұл күмәндардың ешқайсына мойымадым. Себебі мақсатым ай­қын, арманым асқақ еді», – де­ген кейіпкеріміз манежге жай орал­май,  үлкен сеніммен, нық ше­шім­мен келгенін жеткізді. 

Осылайша, оның бала күнгі же­­тістіктері де оның жігерін жа­нып отырды. Небәрі он бес жа­сын­да-ақ цирк фестивалінде кіші алтын медаль иеленуі оның табиғи та­лантының дәлелі болатын. Бү­гін­де сол марапаты облыстық му­­­зей­дің қорына өтіп кеткені жа­нына батады. Қажет кезде арнайы қол­хатпен ғана алып, қайта тап­сы­рады. Бұл оның өнерге адал­ды­ғы­ның белгісіндей. Ол үшін же­тіс­тік тек марапатпен өлшенбейді. Ең­бектің еленгені, өнердің баға­лан­ғаны кез келген адамға қуа­ныш сыйлайды. 

Қызын төрт  жасынан циркке баулыған

Ал оның өнердегі ерекше же­тіс­тігі – Қазақстандағы тұңғыш әрі жалғыз арыстан үйреткен әйел атануы. Бұл тек кәсіби табыс емес, қай­сарлық пен батылдықтың, та­бан­дылық пен сенімнің жемісі. Осын­дай биікке жеткен оның өмір жолы  арманынан айнымай, қай­та оралуға жүрегі жеткен жан­ның шынайы жеңісі. Мұндай ба­тыл­дыққа, яғни жыртқыш аң­дар­ды үйретуге қалай шешім қа­­­­­был­­да­ғанын сұрадық. Кейіп­керімізді сол кезеңде жергілікті жерде аң үйре­ту­шілердің жоқ­ты­ғы  ерекше ойға же­телепті. «Адам жасағанды адам жа­сай ала­ды» деген сеніммен ба­тыл шешім қабылдап, аң үйрету өне­­рін мең­геруге кірістім. Бұл – үл­­кен жауап­кершілік пен жүрек жылуын талап ететін сала. Жа­нуар­­ларға деген сүйіспеншілігім мен мақсатым­ның айқындығы ма­­ған бұл жолда күш берді», – дейді ол.

Осылайша, шетелдік маман­дар­ға тәуелді болмай, өз елімізде кә­­сіби аң үйретуші болуға бола­ты­нын дәлелдеді. Бүгінде ол тек цирк әртісі ғана емес, өз ісінің ше­­бері, ұлттық өнердің жан­а­шы­ры. Оның өнер жолындағы іздені­сі әлі күнге дейін тоқтаған емес. Цирк әлемінде өзін таба білген жан жаңа бір белеске, аң үйрету өне­ріне батыл қадам жасап, 2014 жыл­дың қараша айында екі айлық екі күшікті қолына алып, со­лар­мен жұмыс жүргізуді бастайды. Балапандай баптап, мейіріммен өсірген күшіктері аз уақыт ішінде-ақ сахналық нөмірге айналып, кө­рерменнің көзайымына ай­нал­ды. Өнерге деген сүйіспеншілік оның жүрегінде ғана емес, отба­сын­да да жалғасын тапты. Кіш­кен­тай қызын да осы жолға баули бас­тады. Перзенті төрт жасынан бастап анасының жанынан та­бы­лып, манеждің тынысын сезініп өсті. Төрт жарым жасынан бастап дайындыққа кірісіп, бес жасында өз қалауымен өнерге бет бұрды. Бас­тапқыда әуе белбеуі мен каучук жанрларына икемделіп жүрге­ні­мен, уақыт өте келе үйретілген ит­­термен бірге өнер көрсетуге қы­­зығушылығы артты. Осы ең­бек­тің нәтижесі де көп күттірмеді. 2017 жылы сегіз жасында қызы ха­­лықаралық «Шабыт» шы­ғар­ма­шы­лық жастар фестиваліне қа­ты­сып, қола жүлдені иеленіп қайтты. Бұл ана мен бала еңбегінің алғаш­қы үлкен жемісі еді. 

Алайда тағдыр оған бұдан да үл­кен жауапкершілік жүктеді. 2017 жылы оның қолына екі ай­лық арыс­тан күшіктері тиді. Ол бұл сын­нан да сүрінбей өтті. Жырт­қыш аңдардың табиғатын түсініп, олардың психологиясын терең мең­геруге кірісті. Бұл жолда қызы да жанынан табылып, бірге үй­рен­ді, бірге шыңдалды.

Сол жылы елордада өткен ЭКСПО көрмесінде Шымкент цир­кі «Томирис» атты театрлан­ды­­­­­рылған қойылымын ұсынды. Бұл қойылымда оның қызы Пери­зат Анарбекова кішкентай Томи­рис­тің рөлін сомдап, жеті айлық арыс­тан күшіктерімен бірге өнер көр­сетті. Көрермендер үшін бұл тек цирк нөмірі емес, нағыз рух пен батылдықтың көрінісіне ай­нал­ды. Аң үйрету тек әдіс пен жат­тығу ғана емес, жүрек пен се­зім­нің үйлесімі екенін ол өз тә­жіри­бесімен дәлелдеді.  Өзі нәзік жан­ды бола тұра, айбарлы арыс­тан­ның өзін бағындыра білген қай­сар ана жануарлардың мінезін түсіну үшін, ең алдымен, олардың жа­нында болу керектігін, аңдар­мен байланыс бір күнде орнамай­ты­нын айтады. «Олармен бірге жү­ріп, бірге тұрып, қолдан тамақ­тан­дырып, әр сәтін бақылау арқы­лы ғана сенімге ие болуға болады. Уақыт өте келе олар өз балаңдай болып кетеді», – дейді ол. 

Жыртқыш аң тәнін жараласа да, жанын жаралай алмады

Әрине, өзінің цирктегі жо­лы оңай болған жоқ. Бас­шы­­лық оған серік болар ер-азамат табу­ға тырысқанымен, көбісі бұл істің ауырлығын, жалақысының а­з­­­­­­­дығын алға тартып, кетіп қала бер­­­ген. Жыртқыш аңдармен жұ­мыс істеуге жүрегі дауаламай, «қан­­­­­ша төлесеңіз де, клеткаға кір­­­­­меймін» дейтіндер де аз бол­мап­­­ты. Тіпті Ресейден келген тә­жі­­­­рибелі маманның өзі тұрақ­та­май, жұмысты тастап кете берген соң, ол ақырында бәрін жалғыз өзі ат­қаруды жөн көрді. Уақыт өте ке­ле арыстандардың мінезі де өз­ге­­ріп, қызғаныш сезімі байқала бас­­­­тады. Сол себепті ол өзгенің өмі­­­­рін қауіпке тіккісі келмей, клет­­каға ешкімді жолатпады. Еш­қан­­­дай қару-жарақсыз, сақтан­ды­ру­­сыз жыртқыштармен жалғыз өзі жұ­мыс істеді. Бар сенгені Алла жә­не өзі берген тәрбие еді.

Оның айтуынша, цирктегі ең қауіпті трюктердің бірі – арыс­тан­ның адамның үстінен секіруі. Се­бебі алып жыртқыш секірген сәт­те артқы аяқтары сәл ғана дәл түс­песе, өткір тырнақтары пы­шақ­тай тіліп кетуі мүмкін. Салма­ғы екі жүз елу келіге жуық аңның бір ғана қателігі ауыр жарақатқа әке­леді. Осындай қауіптің бірі оның өз басынан да өтті. Бір күні репетиция аяқталып, арыс­тан­дар­ды еркін жіберген сәтте күтпеген жағдай болды. Үшеуінің бірі Ши­ри атты ұрғашы арыстанның ар­қа­сын сипап отырғанында, кенет­тен үркіп кеткен аң орнынан атып тұрып алға қарай секіріп кетті. Сол сәтте бәрі қас-қағымда болып өтті. Артқы аяғы дәл тимей, оның ті­зе­сіне соғылған. Ауырсынғанына қарамастан, ол өзін жинап алып, бір аяқпен секіріп жүріп, арыс­тан­дарды орындарына кіргізіп үлгер­ді. Кейін ауруханаға жеткізілгенде, дәрігерлер тізесінің шығып кетке­нін анықтады. Тіпті «сүйек екіге бө­лінген» деп, шұғыл операция жа­сау керектігін айтты. Бұл хабар оған ауыр соққы болды. Үлкен ұлы әлі студент, отбасының жал­ғыз асыраушысы өзі еді. Ұзақ оңал­­ту мен күтімді талап ететін опе­рациядан қорыққан ол тәуе­келге бел буып, одан бас тартады. Ақыры қазақы емге жүгініп, сы­нық­шыға барып, тізесін салдырып шықты. Сол күндері гастрольдік сапар да таяп қалған еді. Шардара қаласына үш мың билет сатылып қойған. Бір жағынан денсаулығы, бір жағынан ұжым мен көрермен алдындағы жауапкершілік оны қатты қинады. Соған қарамастан, жарақатына қарамай, балдақпен жүріп гастрольге шықты. Қиын­дық­қа қарамастан, қойылым сәтті өтті. 

Жанат цирк өнерін дамыту үшін жаңа бастамалар мен тың идеялар ауадай қажет еке­­нін жақсы түсінеді. Дегенмен 2021 жылы қабылданған «жырт­қыш аңдарсыз цирк» жобасы оның көңіліне қаяу түсірді. Экс­пери­­мент ретінде енгізілген бұл ше­шімнің салдарынан арыстандар зообаққа жіберілді. Қазір циркте маймылдар, аттар, иттер бар бол­ғанымен, классикалық цирктің ажырамас бөлігі жыртқыш аңдар екенін алға тартады. Оның ойын­ша, Италия сынды елдердің цирк­те­рінде пілдер мен жолбарыс­тар­дың өнер көрсетуі көрерменді ерек­­ше қызықтырады. Осындай кө­рі­ністер өз елімізде де болса, ха­лықтың ықыласы арта түсе­тініне сенімді. «Қазір де көрермен жоқ емес, циркке келіп жатыр, бір­ақ жыртқыш аңдардың қаты­суы бұл өнердің айбынын артты­рып, аншлагпен өтетін қойылым­дар­дың көбейетіні анық. Сон­­­дықтан менің арманым – жолбарыстарды қайта қолға алып, оларды баптап, үйре­тіп, цирк өнерін жаңа деңгейге көтеру», – дейді аңдарға деген са­ғы­нышын сездірген ана.

Арыстандардың зообаққа кет­кен сәті Жанаттың өміріндегі ең ауыр кезеңдердің бірі болған. Жануарлармен бірге өзі де қинал­ды. Бірақ қандай жағдай болса да, мойымады. Қасында қолдаушысы Алла бар екенін сезініп, алға ұм­тылуын тоқтатпады.

Оның жолын жалғаған үш пер­зенті де цирк өнерін таңдауы – ана­ның еңбегі мен өнегесінің ай­қын көрінісі. Шымкенттен шық­қан цирк әулеті ретінде олар бір-біріне әрдайым демеу болып келеді. Өзара қолдау мен сенімнің арқасында ғана бұл өнердің биігін бағындыруға болады деп сенеді. Оның бүкіл ғұмыры мен арманы – цирк өнерін дамыту, жыртқыш аң­дарды қайта сахнаға шығарып, ұлт­тық цирктің беделін асқақтату.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы