Ортағасырлық шаһарда жүргізілген археологиялық қазбалар, ғылыми зерттеулер мен жаңғырту жұмыстары оның тек өңірлік емес, халықаралық деңгейдегі маңызын айқындай түсті.
Жақында Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ұйымдастырған «Ортағасырлық Сарайшықты зерттеу, сақтау, жаңғырту жұмыстары және келешегі» атты халықаралық баспасөз-туры өтті. Іс-шараға Ресей Федерациясынан келген қонақтар, Астрахань өңіріндегі «Жолдастық» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, сондай-ақ отандық ғалымдар мен зиялы қауым қатысты.
2021-2025 жылдар аралығында жүргізілген археологиялық қазбалар ерекше нәтижелерге қол жеткізді. Қазба жұмыстары барысында табылған бірегей жәдігерлер мен қайта қалпына келтірілген тарихи бұйымдар арнайы көрмеге қойылды. Әсіресе, 2025 жылы Сарайшық, Қарағайлы, Ұшқан және Ащысай ескерткіштерінде жүргізілген зерттеулер нәтижесі келушілердің үлкен қызығушылығын тудырды. Бұл жаңалықтар Жайық өңірінің ортағасырлық өркениет орталығы болғанын тағы бір мәрте дәлелдейді.
Ғылыми бағыттағы жетістіктер де назар аударарлық. 2025 жылы музей қызметкерлерінің зерттеулері халықаралық ғылыми қауымдастық тарапынан жоғары бағаланып, Scopus деректер базасына енген «Поволжская археология» және Stratum Plus журналдарында жарияланды. Бұл – отандық археология ғылымының әлемдік деңгейде мойындала бастағанының айқын көрінісі.
Музей ғалымдарының еңбектері шетелдік жетекші ғылыми орталықтарға да жолдануда. Олардың қатарында АҚШ Конгресі кітапханасы, Италияның Рим қаласындағы кітапханалар, Анкара университеті және Ресей мен Өзбекстанның ғылыми-зерттеу мекемелері бар. Бұл бастама Сарайшық мұрасын халықаралық ғылыми айналымға енгізуге мүмкіндік беріп отыр.
Соңғы жылдардағы басты жаңашылдықтың бірі – цифрландыру үрдісі. Қазір «Сарайшық» сапар орталығындағы 382 жәдігер мен археологиялық нысандарға QR-кодтар орнатылған. Келушілер смартфон арқылы әрбір экспонаттың тарихымен таныса алады. Сонымен қатар 29 жәдігер 3D форматқа көшіріліп, виртуалды кеңістікте қолжетімді болды. Бұдан бөлек, музейдің ғылыми есептері мен конференция материалдары толық цифрландырылып, ресми сайтқа орналастырылған.
Атырау облысындағы Сарайшық қалашығы аумағында орналасқан Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы бүгінде тек ғылыми-зерттеу орталығы ғана емес, ұлттық тарихтың аса маңызды нысандарының бірі ретінде ерекше қорғауды қажет етіп отыр. Алайда кейінгі жылдары табиғи факторлар мен инфрақұрылымдағы әлсіздіктер бұл тарихи мекеннің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіріп келеді.
Жайық өзенінің жағалауында орналасқан музей-қорық үшін басты қауіп – су эрозиясы. Екі жыл бұрын болған су тасқыны кезінде жағалаудың шамамен 3,5 метрге дейін шайылуы қорғаныс жүйесінің жеткіліксіз екенін айқын көрсетті. Бұл жағдай тек табиғи құбылыс емес, тарихи мұраның сақталуына тікелей қауіп төндіретін күрделі мәселе ретінде бағалануда.
«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұхтардың айтуынша, Сарайшықты сақтау – ғылыми қауымдастықтың ғана емес, жалпыұлттық деңгейдегі міндет.
«Өйткені бұл нысан Қазақстан тарихындағы аса маңызды кезеңдермен тығыз байланысты. XIII–XVI ғасырларда Сарайшық Алтын Орда дәуірінде ірі саяси және сауда орталығы болды. Кейін Ноғай Ордасы кезеңінде де маңызды рөл атқарып, Еуразия кеңістігіндегі стратегиялық қалалардың бірі саналды. Атырау қаласының солтүстігінен 55 шақырым жерде Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан қала кезіндегі Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды тораптардың бірі болған. Мұнда тек сауда ғана емес, мәдениет пен ғылым дамып, түрлі өркениеттер тоғысқан. Алтын Орда дәуірінде Кавказ бен Қырымды Қарақорым, Қытаймен байланыстырған керуен жолы бойындағы маңызды діни, саяси-экономикалық орталық болған. Алтын Орданың, қазақ және ноғай хандарының алғашқы пантеоны болған қаланың гүлденген дәуірі ХІІІ-XIV ғасырлар аралығы деп аталады. Алтын Орданың күй-реуіне қарай қала әлсірегенімен, артынша Ноғай ордасының астана-сы атанып, қайтадан дәуірледі. Қасым хан тұсында Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған Сарайшықтың тарихи және мәдени маңыздылығы оны жай ғана археологиялық ескерткіштен әлдеқайда жоғары деңгейге көтереді», – дейді ол.
Осыған байланысты «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұхтар музей-қорықты қорғау бағытында жүйелі әрі кешенді шаралар қажет екенін алға тартады.
«Жайық өзенінің жағалауын инженерлік тұрғыда бекіту, су тасқынына қарсы қорғаныс жүйесін жетілдіру, заманауи мониторинг технологияларын енгізу, сондай-ақ туристік және ғылыми инфрақұрылымды дамыту маңызды. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін республикалық және жергілікті билік органдарының үйлесімді жұмысы қажет. Тек қаржылық қолдау ғана емес, ұзақмерзімді стратегиялық жоспар да аса маңызды. Себебі тарихи мұраны сақтау – бірреттік шара емес, үздіксіз жүргізілетін кешенді процесс», – деді «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұхтар.
Жалпы алғанда, Сарайшық – тек археологиялық нысан емес, ол қазақ мемлекеттілігінің, дала өркениетінің және Ұлы Жібек жолы мәдениетінің маңызды куәсі. Бүгінде қолға алынған цифрлық жобалар мен ғылыми зерттеулер оның халықаралық беделін арттырып, туристік әлеуетін күшейтуге жол ашуда. Ал тарихи мұраны сақтау мен қорғау – келер ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік болып қала бермек.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы