Енді еліміздегі ең ірі банк заманауи өнер мұражайының жобаларына бас серіктес ретінде қолдау көрсетеді. Банк қаражаты негізінен мұражайдың түрлі білім беру және мәдени жобаларын жүзеге асыруға бағытталады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл Halyk Bank қаржыландырып отырған алғашқы жоба емес. Осыған дейін банк Astana Group бастамаларының дамуына қолдау көрсетіп келе жатқан негізгі қаржы институты. Сондықтан заманауи өнер мұражайы мен банк арасындағы мұндай байланыс кездейсоқ емес. Меморандумда алғаш болып сөз алған Almaty Museum of Arts негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов екі тарап арасындағы сенімге негізделген серіктестік жаңа кезеңге қадам басып отырғанын мәлімдеді.
– Halyk Bank бөлетін қаражат ең алдымен Қазақстанға халықаралық көрмелерді әкелуге жұмсалады. Биыл маусым айында АҚШ-тың танымал суретшісі Билл Виоланың халықаралық көрмесін өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл – ауқымды әрі маңызды жоба болмақ. Аталған жобаны қаржыландыруды Halyk Bank толықтай өз мойнына алады. Банк қаражаты жалақыға немесе іссапар шығындарына емес, көрме қызметін кеңейтуге және жаңа жобаларды іске асыруға арналады, – деді ол.
Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, қаржы ұйымдарының өнер мұражайларына қолдау көрсетуі қалыпты үрдіс. Мысалы, Bank of America Нью-Йорктегі Museum of Modern Art музейімен серіктестік орнатқан. Сондықтан екі тарап арасындағы меморандум Қазақстандағы бизнес пен мәдени ұйымдар арасындағы серіктестіктің жаңа үлгісін қалыптастырмақ.
– Halyk Bank-пен іскерлік байланыс бұған дейін де қалыптасқан, яғни, серіктестіктің берік іргетасы қаланған. Музейдің негізін қалаушы ретінде бұл мен үшін – үлкен мәртебе. Halyk Bank – еліміздегі ең ірі әрі жетекші банктердің бірі. Сол себепті Орталық Азиядағы алғашқы жеке заманауи өнер музейі мен Halyk Bank серіктестігі ел үшін маңызды әрі символдық мәнге ие. Бұл ынтымақтастық ұзақмерзімді әріптестікке ұласады деп сенемін, – деп сөзін түйіндеді Н. Смағұлов.
Halyk Басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова өз сөзінде банк кейінгі бес жылда қайырымдылық бағыттағы жобаларға қомақты қаражат бөлгенін атап өтті. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде банк қоры арқылы әлеуметтік жобаларға, білім беру, медицина, мәдениет, өнер және спорт салаларына 62 миллиард теңге жұмсалған.
– Алматыдағы заманауи өнер мұражайы бүгінде мегаполистің ғана емес, күллі Қазақстанның визиттік картасына айналып келеді. Қазір мұражай туралы халықаралық деңгейде де айтылып жүр. Шетелдік азаматтар Қазақстанда осындай ауқымды мұражай ашылғанын естіп, ерекше қызығушылық танытып отыр. Кәсіпкерлердің елге инвестиция тартып, нәтижесінде, зауыттар, ірі сауда және мәдени орталықтар салуы қуанарлық жағдай. Мәдениет пен өнер үшін инвестиция салуың – руханиятты дамыту жолында халыққа жасаған қызметің деп білемін, – деді ол.
Сондай-ақ Үміт Шаяхметова Алматының қақ төрінде орын тепкен сәулет туындысына таңданысын жасырмады. Ол команда бас серіктес болу туралы ұсыныс білдіргенде, банк бірден келісім бергенін жеткізді. Halyk Bank осыған дейін де Қазақстандағы ең ірі мәдени жобаларды тұрақты түрде қолдап келеді. Олардың арасында көп жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан Astana Opera мен Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры бар.
– Мәдениетке қолдау көрсету – бізде бұрыннан бар құндылық. Бұл – ел мәдениетіне салған инвестициямыз. Осындай ауқымды жобаның бас серіктесі болу – біз үшін үлкен мәртебе. Мұражайға келушілер саны алғашқы күннен-ақ күткен межеден асып түскен. Бұл халықтың өнерге деген ықыласы артқанына дәлел. Әсіресе, жастарымыздың мұражайға келіп, рухани азық алуы – көз қуантарлық жайт. Бұл жоба келешекте де туризмді түлетуге қызмет ете бермек, – деді Ү. Шаяхметова.
Серіктестік аясында Алмагүл Меңлібаеваның Гридтия Гавивонг кураторлық ететін «Мен бәрін түсінемін» атты жобасының екінші бөлімі жалғасын табады. Сонымен бірге «Билл Виола: екі дүние арасы» және «Мен бәрін түсінемін» атты қос көрменің шеңберінде ғылыми каталогтар жарияланады.
Ерекше атап өтерлік жайт, мұражай өз жұмысын бастағалы бері 250 мыңнан астам қонақты қабылдаған. Ашылғанына бір жыл тола қоймаған өнер ордасы Tate және Getty Foundation-мен бірлескен жобаларды іске асырып үлгерді.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.