in

Жолдағы жүйесіздік жанмен өлшенеді

Аймақтағы жол құрылысындағы кадр тапшылығының аса өзекті жағдайда қал­ғанын «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Ақмола облыстық филиа­лының басшысы Талғат Қайратхан да ашық мойын­дады. Филиал басшысының мәлі­метінше, қазір өңірде жол құрылысы саласы бір мезетте екі бірдей күрделі мә­се­леге тап болған. Жол жөндеу құрылысына мемлекеттік бюджеттен қомақты қаражат жұмсалып, тиісті техникалармен сақадай сай жабдықталып жатқанымен, білікті кадрлар жетіспей отыр.  

«Жол активтері сапасының ұлттық орта­лығы» филиалы басшысының айтуын­ша, салада тек инженерлер  емес, нақты құрылыс алаңдарында жұмыс істейтін жол шеберлері, сметашы, зертхана, механ­изатор мен арнайы техника машинистері жетіспейді. Бұл дегеніңіз – жолдың нақты сапасына тікелей жауап беретін мамандар. Егер жолдың құрылысын бес саусағындай білетін сапалы әрі білікті маман болмаса, заманауи озық жобалардың да еш нәтижесі болмауы мүмкін. 

– Әрине, бүгінде барлық саланы алаңдатып тұрған кадр тапшылығы жол саласында да аса қатты сезіліп тұр. Кадр тапшылығын еңсеру үшін орталық оқу орындарымен қатар, мектептермен де жұмыс істей бастады. Тұтас ел көлемінде «2 000 мектеп» профориентациялық ак­ция­сы іске қосылып, мамандар оқушы­ларға жол саласының мүмкіндігін түсін­діруде. Осы мақсатта мамандарымыз білім ордаларына арнайы барып, мектеп жас­ын­дағы жасөспірім балаларға жол сала­сы кәсібі, карьералық өсу мүмкіндік­тері, жалақы деңгейі мен мамандықтың аса қажеттілігі туралы әңгімелейді. Орталық мамандары тек былтырдың өзінде өңірдің 120 мектебін аралап шықты, – дейді Талғат Қайратхан. 

Маман тапшылығының алдын алу мақ­сатында аймақта мамандандырылған колледждермен де жұмыс жүргізу қола алынғаны айтылды. Аталған мақсатта орталық Көкшетау жоғары техникалық кол­леджімен меморандум жасасып, «Виртуалды жолшы тренажері» атты VR-жабдық берілген. Студенттер осылайша өндірістік процестерді виртуалды ортада пысықтай алуға мүмкіндік алыпты. Бұл жол құрылысы мамандығының техноло­гия­лық жаңа кезеңге өткенін білдірсе керек. Бірақ қандай құрылғы болса да, жауап­кер­шілікті сезінетін мамансыз сапа да мықты болмайтыны тағы рас. Іс жүзінде орталықтың басты міндеті оқыту емес, жүргізіліп жатқан жол құрылысын бақылау. Мұны орталық филиалының басшысы да растады. 

– Қызметкерлер республикалық, об­лыстық және жергілікті маңызы бар жол нысандарына күн сайын шығып, жұ­мыстың толық циклін қадағалайды. Асфальтобетон, қиыршық тас, битумнан сынамалар алын­ып, зертханалық тексерістер жүргізіледі. Жолдардың тығыздығы, беріктігі стандарт­тарға сәйкес анықталады. Бұл орайда бақылау нақты уақыт режимінде іске асатындықтан, технологиялық қателік те бірден тіркеледі. Біздің міндетіміз ақауларды анықтап қана қоймай, олардың пайда болуының алдын алу, – дейді Талғат Қайратхан. 

Мамандар аймақтағы жол жөндеу жұмыстарын бақылауға алғанымен, жол сапасының сын көтермейтін жағдайға жеткені, тіпті жол жөндеу жұмыстарының да шалалығы айқын байқалған. Былтыр 493 заңбұзушылық анықталыпты. Оның 329-ы жедел түрде жойылғанымен, қал­ғандары бақылауға алыныпты. Бұл бір жағынан қадағалау жүйесінің жұмыс істеп тұрғанын көрсетсе, екінші жағынан мерді­гер­лердің мемлекеттік бақылаудан еш тайсалмай жатқанын айғақтаса керек. Тексерістер барысында ең жиі кездесетін кемшіліктер – асфальтобетон төсеу техно­логиясының сақталмауы, сапасыз матер­иал­дарды қолдану, жабын қал­ыңдығының талапқа сай болмауы, мерзімін кешіктіру.

Филиал басшысы жүйелі түрде талап бұзатын компанияларға қатысты жауапкер­шілікті күшейту, тіпті лицензиядан айыру мәселесін де көтерді. Өйткені жол – экс­перимент алаңы емес. Өңірде кейінгі жыл­дары аз да болса серпіліс бары байқа­лады. Бұрын техникасын жалға алып, асфальтты сырттан сатып алып, тек уа­қыт­ша жобалармен шектелетін компания­лар көп болса, қазір олардың қатары біршама азайған. 2022 жылы жүзден астам мердігердің тек 20-сының ғана өз асфальто­бетон зауыты болған. Қазір өңірде 33 за­уыт және 41 толыққанды мердігер ұйым бар болып шықты. Бұл – сапаға бетбұрыс. Дегенмен бақылау да босаңсы­мауға тиіс.

Күрделі жөндеу бірнеше жылға созылса, орташа жөндеу бір маусымда-ақ жүзеге асады. Оның аясында тек жабынды ауыс­тыру емес, жолды кеңейту, жарық орнату, аялдамалар мен қоршаулар қою жұмыстары да жүргізіледі. Мысалы, былтыр Көкшетау мен Зеренді арасындағы жол орташа жөн­деуден өтіп, ені 6,8 метрден 11,5 метрге дейін кеңейтілді.

Жолдың тез бұзылуына әсер ететін басты факторлардың бірі – ауыр жүк көліктерінің көптігі. 25 тоннадан асатын жүк тасымалына толық тыйым салу мәсе­лесі талай мінберде қаралғанымен, ин­вестициялық ахуалға кері әсер етпеу үшін одан бас тартылған. Оның орнына авто­мат­тандырылған салмақ өлшеу кешендері енгізіліп жатыр. Қазір облыс аумағындағы республикалық трассаларда – 4, облыстық жолдарда екі кешен жұмыс істейді. Олар көлікті тоқтатпай-ақ, тәулік бойы салмақты тіркей алады. Алайда республикалық жол­дардағы жабдықтар әлі де тұрақты режимде жұмыс істей алар емес.

Бір көңілге қонары, бақылау про­цес­тері толық цифрландырылған. Барлық дерек электронды жүйеде тіркеліп, ин­же­нерлер планшет қолданып, фото және видеофик­сация жүргізуге көшіпті. Жол сапасының фор­муласы қарапайым көр­ін­генімен, оның орындалуы аса күрделі һәм мұқият болуды қажет етеді. Рас, өңір­дегі жол сала­сы біршама жаңарып келеді. Бірақ оның болашағы бөлінген қаржы көлемімен емес, талаптың қатаң­дығымен өлшенбек.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы