in

Газ өндірісі: қажеттілік пен құнның таразысы

Таяуда Мемлекет басшысы «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жа­мауовтың баяндамасын тыңдаған еді. Президент тұрғындар мен өндіріс ошақтарын жылыту маусымында газбен тұрақты қамтамасыз ету шараларын жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ газ саласының ресурстық базасын нығайтуға қатысты міндеттер жүктеген болатын. 

Әлеуметтік саланың бір тағаны

2023 жылы Қазақ­станда газбен қамту деңгейі 60 пайызды құраса, табиғи газға 12 млн адам қол жеткізе алған. Ал 2024 жылы газ өндіру 59,0 млрд текше метр болып, елді газдандыру деңгейі 62 пайызға өсті. Былтыр 62,8 млрд текше метр газ өндірілген. Ел аумағы арқылы газ транзитінің көлемі 64,5 млрд текше метр­ге жетті. Сонымен бірге ел тұрғын­дары­ның 64,2 пайызы газбен қамтамасыз етілгені жария­­ланды. Енді 2030 жылға дейін 90 млрд тек­ше метр көгілдір отын өндіру жоспары тұр.

Әйткенмен, Sana business academy құрылтайшысы, белгілі қаржы сарапшысы Мақсат Халық ел экономикасының мұнай мен газға тәуелділігі ауыз толтырып айта­тындай азаймағанына қайран қалады. Оның пайымдауынша, газ саласына ин­вестор тартып, елдің батыс өңіріндегі газ өндірісін әп-сәтте қолға алып, монополияны жойып, әртүрлі мақсаттарда тұтынатын газ бағасын тұрақтандыруға толық мүмкіндік бар. Сондай-ақ ол халықтың табысы артса, газ бағасында пропорционалдық теңдік орнап, қазіргі газ құны қалтаға аса ауырлық етпейді деп санайды.

– Біздің экономикада мұнай мен газ саласының үлесі шамамен 40 пайызды құрайды. Ел қазынасы мұнай мен газ саласына тәуелділіктен толық арылмады. Яғни, әлемдік нарықта баға құлдыраса да, өссе де біз қалт-құлт етіп отырамыз. Пропан, метан сияқты шикі қорларына бай ел бола тұра, нарықта бәсекелестік жоқ. Газ сала­сында монополия басым. Сол себепті де инвесторларды тарта алмай жүрміз. Тұтыну­шылық газ, автогаз, шетелге экспорттайтын газ сияқты бөліктерге бөліп, бейініне қарай еуропалық стандарттарға сай зауыттар салатын кез жетті. Дүниежүзілік газ бағасын басқа елдермен салыстырғанда, біздің елден қымбат емес. Бұл арада мәселе халықтың табысының төмендігінде болып тұр. Эко­номикалық өте үлкен прогресс жас­аймыз деп,  мәселен, өткен жылы 100 теңге тұрған заттың құнын, биыл 150-200-ге дейін қымбаттауына жол беріп алдық. Қазір орташа жалақы 450 мың болса, соның 1/3-і ең төменгі жалақы (150 мың теңге) болып, әлеуметтік төлемдер өсуі керек еді. Халықтың табысы өспеген­діктен автогазға, табиғи газға, әртүрлі әлеуметтік қажеттіліктерге қол жеткізуі қиын­дап барады. Кейінгі 4-5 жылда газдың өзі әлеуметтік бағаға айналып кетті. Егер экономикалық дұрыс жоспар құрып, газ өндірісін мықтап қолға алып, газдандыру үдерісі жеделдетіп, газды сыртқа сату бойынша нақты істер атқар­сақ, инвестиция тартсақ, біраз шаруа оңалады, – деп ой бөлісті экономист. 

Өткен жылы Үкімет 2025-2029 жылдарға арналған газ саласын дамытудың кешенді жоспарын бекітті. Құжатта тауарлық газдың ресурстық базасын кеңейту, газ өңдейтін қуаттарды ұлғайту және газды іркіліссіз жеткізу, тауарлық газдың ішкі тапшылығының пайда болу тәуекелдері, газ-мотор отыны және көмір химиясы қамтылған. Бұл жоспардың толыққанды іске асуынан халық та, кәсіп­керлер де, қаржы сарапшылары да үмітті екенін байқатты. 

Кейінгі жылдары аймақтарды газдан­дыру ісі жүргізіліп жатыр. Қызылорда өңіріне қарасты Шиелі кентінің тұрғыны Дариха Молдағалиқызы ұзақ жылдан бері от жағып, күл шығарып күнелтіп келген. Бүгінде үйіне газ келіп, ағаш жарып, көмір жағудан қолы босағандығын айтады.

– Біз ұзақ жылдар пеш жағып келдік. Күзде күйік ағаш, жыңғыл отынын түсі­ретінбіз. Үйіміз жылы болсын деп қо-с­ым­ша бір қысқа 4-5 тонна көмір алатын­быз. Әйтпесе, 7 бөлмелі үй жылымайды. Осыдан 10-11 жыл бұрын Шиеліні газ­дандыру ісі жүріп, біз де үйімізге табиғи газ орнатып алдық. Қыста үй бірқа     лыпты температураны сақтап, жып-жылы болып тұрады. Ең бастысы, қауіпсіздік ережесін сақтап, уақытында ақысын төлеп отырсаң, газдан тиімдісі жоқ екен деп ойлаймын, – дейді ол.

Зауыттар жетіспейтіні байқалады

Энергетика министрлігінің бізге берген дерегінше, Қазақстанда  ауқымды геологиялық барлау жұмыстары мен жаңа қуат көздерін іске қосу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Былтыр Қайыргелді, Тұзкөл және Тасболат жаңа газ кен орындары пайдалануға берілген. Тасболат кен орнын іске қосу Маңғыстаудағы Қазақ газ өңдеу зауытының қуатын толықтыруға мүмкіндік береді екен. Газ саласының ұзақмерзімді рес­урс­­тық базасын нығайту және елдің энер­гетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында QazaqGaz ұлттық компаниясымен геологиялық барлау жұмыстарының кешенді бағдарламасы іске асып жатқан көрінеді. Қазіргі уақытта шамамен 515 млрд текше метр газды алдын ала ресурстық бағалаумен жер қойнауының 14 учаскесінде жұмыстар атқарылып жатқанға ұқсайды. Ортамерзімді перспективада геологиялық барлау портфелін газдың жиынтық ресурстық бағасы шамамен 1,7 трлн текше метр болатын 30 учаскеге дейін кеңейту көзделген. Бұл өндірісті ұлғайту және болжамды ішкі сұранысты жабу үшін тұрақты негіз қалыптастыруға мүмкіндік беретін сияқты. Сонымен бірге инвестициялық қызметті жандандыру және геологиялық тәуекелдерді бөлу мақсатында жер қойнауының 50-ге жуық учаскесін электрондық аукцион­дарға шығару жоспары бар көрінеді. Осы учаскелерде геологиялық барлау жұмыстарын қаржыландыру QazaqGaz, «Самұрық-Қазына» және инвесторлардың қаражаты есебінен қамтамасыз етілмек. 

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Қазақстанда жаңадан газ өңдеу зауыттарын құру қажет деп санайды. Оның пікірінше, газ өңдеу арқылы тауарлық газ, LPG, этан, полимерлер, күкірт сияқты жоғары маржалы өнімдер алуға болады. Сондай-ақ ол зауыттарды ірі кен орындарының маңына салу қажет деп санайды.

– Қазақстанның табиғи газ әлеуеті айтар­лықтай, бірақ қазіргі газ өңдеу қуаттары ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр. Елде өндірілуі бар газдың басым бөлігі мұнай кен орындарынан алынатын ілеспе газ болса да, оның тек аз бөлігі ғана тауарлық өнімге айналады, ал қалғаны технологиялық мақ­саттарға жұмсалады немесе өңделмей ашық күйде қалады. Тіпті Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған сияқты ірі кен орындарында да терең өңдеудің жеткіліксіздігі байқалады. Нәтиже­сінде, тауарлық газ көлемі шектеулі, ал LPG, этан, пропан, бутан сияқты газохимия­лық шикізат тапшылығы байқалады. Газохи­миялық өндіріс қарқыны баяу, ал ішкі сұраныс жыл сайын артып келеді. Газдандыру деңгейі кеңейіп, көмірден газға көшу үрдісі күшейіп, электр энергетикасында газ станцияларының үлесі артып отырған тұста, жаңа газ өңдеу зауыттарының маңызы ерекше. Егер олар салынбаса, ішкі нарықта тапшылық туып, кей өңірлер импортқа тәуелді болып, баға тұрақсыз болады. Газ өңдеу тек шикізат алу ғана емес, бұл – нақты құн қосу жолы. Өңдеу арқылы тауарлық газ, LPG, этан, полимерлер, күкірт сияқты жоғары маржалы өнімдер алуға болады. Бұл экономиканы әртараптандыруға, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ілеспе газды жағуды азай­тып, қоршаған ортаға зиянды әсерді төм­ен­детуге де септігі бар. Стратегиялық, эко­но­микалық және технологиялық тұр­ғ­ы­дан алғанда, елімізге жаңа газ өңдеу зауыт­тары қажет. Тиімді модель – кен орындарына жақын, орта және шағын газ өңдеу зауыттарын кезең-кезеңімен іске қосу. Әсіресе, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда өңірлері мұндай жобалар үшін қолайлы. Қолда бар қуаттар жеткіліксіз болғандықтан, алдағы 10 жылда елімізге кемінде 4-6 жаңа газ өңдеу зауыттары қажет болуы мүмкін. Газ өң­деудің дамуы әр отбасының үйіне жылу­лық әкеліп, өндіріс пен кәсіпке өріс береді, елдің болашағына берік іргетас қалайды. Бұл – Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, баға тұрақтылығын қамтамасыз ететін қадам, – дейді мәжілісмен. 

Энергетика министрлігінің Газ өнеркәсібі департаментінің директоры Елтай Әлиев газ өндірісі, халықты газбен қамту, газ өң­деу зауыттары салынуы сияқты бірқатар істің жай-жапсарын мәлімдеп, қордаланған түйткілдер кезең-кезеңімен реттелетінін жеткізді.

– Елордада 300 мың тұрғынның 290 мыңы газбен қамтылған. Биыл Астананы толық газдандыру жоспарланған. Қосшы қаласы газдандырылды. Түркістан облысында 10 миллиард теңгеге, шамамен 100 мың тұрғын газбен қамтылды. Жамбыл, Жетісу өңір­лерінде газ құбырларын жүргізу жұмыстары белсенді жүргізілуде. БҚО-да «Ростоши – Тайпақ» жоғары қысымды газ құбырының құрылысы басталды. Бұл Ақжайық және Теректі аудандарындағы газ тапшылығын шешпек. Энергетикалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру аясында газ саласында бірқатар стратегиялық маңызды жобалар орындалуда. Былтыр Жетісу облысында ұзындығы 302 шақырым болатын «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы аяқталып, 80-нен астам елді мекен газбен қамтамасыздандырылды. Елдің оңтүстік өңірлерін тауарлық газдың қосымша көлемі­мен қамтамасыз ету мақсатында «Бей­неу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырының екінші желісінің бірінші кезеңі жалғасуда. Осы жылдың соңына дейін қуаттылығы жылына 10 млрд текше метрге дейінгі газ құбырының желілік бөлігінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Жобаның екінші кезеңі аясында компрес­сорлық станциялар салу қарастырылған, бұл газ құбырының өткізу қабілетін жылына 15 млрд текше метрге дейін арттырады. Қашаған ГӨЗ құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қуаттылығы 1 млрд текше метр болатын зауытты 2026 жылы іске қосу жос­пар­лануда. Қуаттылығы 2,5 млрд текше метр болатын тағы бір зауыт салынбақ. Жаңа­өзенде қуаттылығы 0,9 млрд текше метр болатын жаңа ГӨЗ-ді 2027 жылы па­йда­лануға беру жоспарланған. Қарашы­ға­нақта қуаттылығы 4 млрд текше метр болатын зауытты жобалау жұмыстары жүр­гізілуде. Бұл жобалар газ саласын жаң­ғыртуға, елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, экономиканы дамытуға, жаңа жұ­мыс орындарын ашуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған, – деп қорытындылады Энергетика министр­лігінің Газ өнеркәсібі департаментінің директоры Елтай Әлиев. 

Әлем бойынша газ өндірісінде АҚШ (900-950 млрд текше метр), Ресей (600-650 млрд), Иран (270-280 млрд) және Қытай (240-250  млрд) алдыңғы қатарда тұр. Яғни, бұл елдер өздерінің газ өнеркәсібі мен газ экспортын әлдеқашан жүйелеп, бір қалыпқа түсіріп алған. Дамыған державалар тәжіри­бесін игеріп, ірі газ экспорттаушы елге айна­лу біздің елге де мәуелі меже.

Олжас ЖОЛДЫБАЙ