Бұрынғыдай жылтырақ студия, мінсіз модель, артық монтаж азайды. Оның орнына қарапайым телефонмен түсірілген, «тірі» эмоцияға толы видеолар көбейді. Осы өзгерістің бастауында UGC креаторлар тұр.
Шынайылық басталды
UGC (User Generated Content) креатор – бұл брендке арналған контентті қарапайым қолданушы стилінде жасап беретін адам. Ол міндетті түрде блогер немесе миллиондаған оқырманы бар инфлюенсер болуы шарт емес. Ең бастысы – шынайылық, сенімділік және аудиториямен тіл табыса білу.
– Ақпарат ағыны күн сайын күшейген заманда адам баласы, ең алдымен, сенімге зәру. Жылтырақ жарнама, мінсіз бейне, жаттанды ұрандар біртіндеп өз әсерін жоғалта бастады. Дәл осы сәтте медиа кеңістікте жаңа құбылыс бой көтерді. Ол – UGC-контент, яғни қолданушы жасаған контент, – дейді сала сарапшысы Астанай Бақыт.
Оның айтуынша, UGC-контенттің түп-тамыры интернеттің алғашқы кезеңдерінен бастау алады. Форумдарда пікір қалдырған қолданушылар, блог жүргізген әуесқой авторлар, өнім жайлы шынайы ойымен бөліскен қарапайым адамдардың барлығы бүгінгі UGC-дің алғашқы бейнесі еді.
Алайда бұл форматтың қарқын алуы әлеуметтік желілердің дамуымен тікелей байланысты. Facebook, YouTube, кейінірек Instagram мен TikTok, Тhreads әр адамға өз ойын жария айтуға мүмкіндік берді. Камера ұстау – кәсіпқойлардың ғана емес, кез келген қолданушының қолынан келетін әрекетке айналды. Осылайша, контент өндірісі орталықтандырылған жүйеден шығып, халықтың өз қолына өтті. Адамдар енді тек тұтынушы емес, ақпараттың авторына айналды.
Қазақстанға қашан келді?
Қазақстанға UGC-контент бір күнде келген жоқ. Алғашында ол блогерлер мен шағын кәсіп иелерінің тәжірибесі арқылы байқалды. Instagram желісінде пікір қалдыру, стористе өнімді көрсету, TikTok-та тәжірибемен бөлісу бейресми түрде басталды. 2020 жылдан кейін, әсіресе пандемия кезеңінде, бұл үрдіс айқын көріне бастады. Онлайн сауда өсті, офлайн байланыс азайды, ал адамдар бір-бірінің тәжірибесіне көбірек сүйенетін болды. Дәл осы уақытта қазақстандық брендтер де UGC-дің күшін сезінді. Ал қазір әлеуметтік желіні аша қалсаңыз қаптаған UGC креаторлар. Солардың бірі – Арайлым Маметаева. Ол жеті жылдан бері блог жүргізеді. Бастапқыда өз қолымен жасаған жұмыстарын желі арқылы сатып жүрген. Кейін декреттік демалыста отырғанда UGC-контент түсіруге бел шеше кірісіпті.
– Контент түсіруім аяқасты басталып кетті. Бұл декреттегі анаға аз болса да көмек болып тұр. Өзім информатика пәнінің мұғалімімін. Бірнеше жыл декреттік демалыста жүргендіктен, өзімді жоғалтып алғандай сезіндім. Ал контент түсіру бұрыннан ұнайтын. Тұрақты түрде қарайтын оқырмандарым да болды. Осы уақытқа дейін оннан астам брендтпен бартерге жұмыс істедім, – деді Арайлым Маметаева.
Айта кету керек, сандық маркетингтің жаңа дәуірінде ақша ғана емес, құндылық алмасу алдыңғы қатарға шықты. Сол алмасудың ең кең тараған түрлерінің бірі – бартер. Әсіресе, UGC креаторлар үшін бұл ұғым күнделікті жұмыс форматына айналып үлгерген. Бартер – бұл ақшасыз айырбас. Яғни, бір тарап тауар немесе қызмет ұсынса, екінші тарап өз еңбегін, контентін немесе жарнамалық мүмкіндігін береді. Маркетингте бренд өнім береді, ал креатор сол өнімді сипаттап, өз аудиториясына фото, видео немесе шолу түрінде ұсынады.
– UGC креатор үшін бартер – жай ғана «тегін өнім» емес. Бұл – тәжірибе, контент және репутация. Жұмыс барысы әдетте бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен бренд пен креатор нақты келісімге келеді: қандай форматта, қанша контент дайындалады және ол қайда жарияланады. Содан соң креатор өнімді қолданып көріп, күнделікті өмірде қалай пайдаланатынын көрсетеді. Сол тәжірибе негізінде фото, видео немесе шолу дайындалады. Соңында контент брендке тапсырылады немесе креатор өз парақшасында жариялайды, – дейді Арайлым Маметаева.
Мұнда басты талап – шынайылық. Себебі UGC-контенттің күші дәл осы адал тәжірибеде жатыр. Аудитория көрген видеодағы эмоцияны және шынайы пікірді сезеді, ал бұл – сенімнің бастауы. Арайлымның айтуынша, бартер креаторға пайдалы болуы мүмкін, бірақ ол әрдайым тиімді емес. Бастапқы кезеңде бартер портфолио жинау, тәжірибе алу немесе жаңа аудиторияға шығу үшін қолайлы. Кейде бренд ұсынған өнім нағыз құнды әрі қажет болса, креатор үшін бұл үлкен пайда.
– Алайда тәжірибелі креаторлар үшін бартер әрдайым тиімді болмайды. Уақыт, идея және креатив – еңбектің өзі, ал оларды тегін беру әрдайым ақылға қонымды емес. Сол себепті бартер көбіне басқа тәжірибе мен қызығушылыққа байланысты ғана жүзеге асырылады. Дегенмен креатор аудиториясын тек жарнамамен шаршатып алмауы қажет, – дейді UGC креатор.
Оқырман мен лайк маңызды емес
Жоғарыда айтқанымыздай, кез келген контент түсіретін адам UGC креатор бола алады. Бұл салада оқырман мен лайк маңызды емес. Бастысы – шынайылық. Көптеген креатор бренд өнімдерін қолданып, өз пікірін бөлісіп, аудиториямен тікелей байланыс орнатуда. Алайда UGC креаторлардың да заң алдында жауап беретінін ұмытпауымыз керек.
UGC-контент белгілі бір бренд өнімін насихаттаса, Қазақстан заңнамасы оны жарнама ретінде қарастыра алады.
Жарнама туралы заңнамаға сәйкес, креатордың міндеті – аудиторияға ақпаратты ашық жеткізу, тұтынушыны алдамау және өнім туралы шынайы мәлімет беру. Егер креатор бартер негізінде өнім алған болса, оны жариялаған кезде бұл фактіні көрсетуі қажет. Мысалы, хештегтер (#ad, #жарнама) арқылы немесе мәтіннің өзінде «бұл өнім брендтен алынды» деген ақпарат беру шарт. Егер креатор жарнаманы жасырса, өнімнің пайдасын бұрмалап көрсетсе немесе аудиторияны алдаса, заң бойынша әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін. Кейде бренд тарапынан моральдық немесе материалдық өтем талап етілуі де ықтимал. Сондықтан креатор шынайы пікір айтуы керек.
Қорыта келгенде, Қазақстанда UGC креаторлар заң алдында жауап береді, ал бартер негізіндегі контентті жарнама ретінде көрсету – міндетті. Шынайылық пен заңдылық үйлескенде ғана цифрлық кеңістіктегі контент сапалы әрі қауіпсіз болатынын ұмытпайық.
Кербез ЕСІМ