in

Ризабек Айтмұхан Ислам ойындарының жүлдегері атанды

Қазақстандық балуан Ризабек Айтмұхан еркін күрестен Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарында күмістен алқа тақты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Жерлесіміз 97 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғады. ҚР ҰОК мәліметінше, Ризабек ақтық сында ирандық Амир Али Азарпирамен күресті. Тартысқа толы белдесуде Иран спортшысы 5:0 есебімен жеңіске жетті. Ал қазақстандық балуан жарысты екінші орынмен аяқтады.

Отандасымыз жарыстан кейін берген сұқбатында қарсыластары жайлы айтты.

– Күміс қолда, алтын жолда демекші, жеңісіме қуаныштымын. Қарсыластарымның ешқайсысы осал емес. Жалпы төрт белдесудің үшеуінде Олимпиада жүлдегерлері мен жеңімпаздарымен күрестім. Осындай жетістікке жеткеніме қуаныштымын. Алтын медаль алғым келді. Бірақ алда әлі талай мәрте қазақ елін, отбасымды және жанкүйерлерді қуантамын деген үміттемін.  Финалда қарсыласым басымдық танытты. Оған қоса бір-екі күн бұрын сырқаттанып қалған едім, бірақ оны сылтау еткім келмейді. Соған қарамастан бар күш-жігерімді салдым. Алдағы уақытта кеткен есемді қайтарамын. Бүгін бұған дейін өзім жол берген Ахмед Тажудинов, Магомедхан Магомедовтан қарымта қайтардым, – деді Ризабек Айтмұхан.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM  арнасынан табасыз.