Тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желіде оқырмандарымен сырласты, – деп жазды Aikyn.kz.
Журналист ержетіп қалған ұлдарымен қандай тақырыпта жиі сөйлесетінін айтып, жан сырын ақтарды.
«Бұл жолы ұзақ сөйлестік. Әдетте видеоға сирек түсетін, тек рұқсатымен ғана сөйлесетін 16 және 18 жастағы ұлдарыммен достық форматта пікірлесемін. Тым жекеге бармаймын, ұялам ба, әлде «өздері біледі ғой» деп ойлаймын ба, білмеймін. Бірақ қыздарға деген құрмет, жауапкершілік, тұрақтылық жайлы жиі айтамын. Бұл мен үшін ең маңыздысы. Кейде екеуі ұрысып қалады. Ондайда эмоцияға берілмей, отырғызып сөйлесемін, түсіндіремін, кешірім сұратып, татуластырамын. Үлкеніне көбірек сенім артам: үйдің шаруасын, інісінің ортасын, ұсақ-түйек жөндеу, бақылау — бәрін соған тапсырамын. «Әкесінің орнында сезінсін» деймін. 25-ке дейін үйленемін деп отыр. Туыстық байланысқа да мән беремін. Үлкендер, ата-бабасы, туыстары ұмытылмасын деп, чатқа суреттері мен видеоларын жиі жіберем. Кейбірін танымайтынын байқаймын. Жақында үлкен ұлым «Махаббатыңызды тапсаңыз, бізге қарамаңыз» деді. Күлкілі де, жүрекке де тиетін сөз болды. Махаббат туралы жиі сөйлесеміз. Бәлкім, жастық әсері шығар, бірақ әңгімелері ересекше. Қысқасы, менің ұлдарыммен әңгімем достық, сенім және жауапкершілік туралы. Ал махаббат – сол әңгіменің ең жылы бөлігі», – дейді тележүргізуші.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.