Бюджет тиімділігі – өзекті мәселе. Бүгінде бюджет қаржысы қаншалық тиімді жұмсалып жатыр? Осы сұраққа Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ұласбек Сәдібеков жауап берді.
Өкінішке қарай, тиімділік мәселесі – қазіргі ең әлсіз тұсымыз. Биыл бюджетпен бірге ұсынылған қосымша құжаттар мен даму жоспарларының сапасы көңіл көншітпеді. Көп жағдайда мақсаттар мен нақты шығындар арасында байланыс жоқ, нәтижені өлшейтін көрсеткіштер де анық емес. Былайша айтқанда, кейде министрліктер қағаз жүзінде бәрін «жоспарлап» қояды, бірақ оның нақты әсері қандай болады – соны бағалай алмаймыз. Мәселен, бір бағдарламаға миллиардтар бөлінеді, ал кейін ол қоғамға қандай пайда әкелді деген сұраққа нақты жауап жоқ.
Парламентке алғаш рет ұсынылған мемлекеттік активтер мен квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі Ұлттық есеп осының дәлелі. Онда активтерді пайдалану тиімсіз, артық міндеттемелер көп, ал мемлекет қатысқан компаниялардың табыстылығы төмен деп жазылған. Мемлекеттік компаниялардан түсетін дивиденд те екі есе азайды. Бұл – бюджеттің кіріс әлеуетін төмендетіп отыр. Сондықтан қазір квазимемлекеттік сектор саясатын түбегейлі қайта қарау мәселесі күн тәртібінде тұр.
Меніңше, бұл жерде басты мәселе – бақылау мен жауапкершіліктің жеткіліксіздігі. Біз енді әр теңгенің қайда кеткенін ғана емес, оның не үшін кеткенін де сұрайтын кезеңге келдік. Бұл мәдениет қалыптасса, бюджет тиімділігі де артады.
Сұхбаттың толық мәтінін мына сілтемеге өтіп оқи аласыз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз