in

«Егемен Қазақстаннан» – ұлттық архивке

Күні кеше Egemen Qazaqstan га­зеті Шерхан Мұртазаның біре­гей шығармашылық және зерттеу еңбектерінен құралған құнды құ­жаттарын Республика күні қар­саңын­да Ұлттық архивке ресми түрде табыс етті. Бұған қоса, жазу­шы­ның өмірі мен шығармашы­лы­ғына қатысты бұрын еш жерде жа­рияланбаған сирек фо­то­сурет­тер, жеке хаттары, жазба дәптер­лері мен басқа да тарихи-мәдени маңы­зы зор құжаттар тапсырыл­ды.

Алқалы жиынға  «Қазақ газет­тері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы, Парламент Се­на­ты­ның депутаты Дархан Қы­дырә­лі, белгілі қоғам қай­рат­кер­лері Қуа­ныш Сұлтанұлы, Ораз­гүл Асан­­ғазы, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, про­фессор Сауыт­бек Әбдірахман жә­не жазу­шы­ның туыстары, әде­биеттану­шы­лар қатысты. 

Жиын басында Дихан Қам­за­бекұлы бүгінгі іс-шараның маңы­зына жан-жақты тоқталып, Шерхан Мұр­таза мұрасын ұлттық архивке кө­шірудің себебін айтты. Қағаз жү­­­зінде сақталған мұраны ұзақ уа­қытқа жеткізудің бірден-бір жо­лы – оның архивте, архив қыз­мет­кер­лерінің бақылауында болуы. 

– Тоқсаныншы жылдар елдің де­мографиясы үшін өте ауыр ке­зең еді. Сол кезде елдің сенімінен шық­қан «Егемен Қазақстанның» деңгейін көтерген, оны тәуел­сіз­дік­тің үлкен ақпарат құралына ай­­­­­налдырған, еліміздің қалып­та­сып-дамуы жолында еңбек сіңір­ген тұлғаның бірі – Шерхан Мұр­та­за. Ол халыққа қаламымен қыз­­­мет етті. Соның бәрін жинақ­тап, халыққа ұсынар кезде зия­лы­лар­мен, қаламгердің туыстары­мен, достарымен ақылдастық. Бұ­ның алдында «Егемен Қа­зақ­стан­ның» музейін қалыптастыра­мыз деген үлкен жоба болды. Бір­ақ Шерағаңның мұрасын Ұлт­тық архивке өткізуді шештік. Па­рағы сарғайған құжаттарды архив қыз­меткерлері «емдейді». Осын­дай мұраны Республика күніне орай тапсыруды ыңғайладық, – де­ді Д.Қамзабекұлы. 

Сөз арасында Дихан Қамза­бек­ұлы келесі жылы Ұлттық бас­па­сөз күнін мерекелеу Ұлттық ар­­хивтен басталатынын айтып өт­ті. Ал мемлекет және қоғам қай­раткері Қуаныш Сұлтанұлы тәуел­сіздік алу жолында халық үшін қыз­мет еткен Шерхан Мұртаза­ның қаламгерлік ерлігіне айрық­ша тоқталды. Ол қазақ елінің Кеңес Одағының құрамында бол­ған жағдайынан бастап, дербес ха­лық ретінде егемендігі мойын­далған сәтке дейінгі тарих жайын­да әңгімеледі.  

– 1990 жылы 25 қазанда біз әлі одақ­тың құрамында едік. Жалпы одақ­тың көсегесі сөгіліп, 80-жыл­дардың ІІ жартысында жағдайы кері кете бастап еді. Сондай ке­зең­де ең көрнекті тұлға, айтатын үні, ел тыңдайтын дауысы бар қо­ғам қайраткері Шерхан Мұр­та­за Әбіш Кекілбаев, Сұлтан Сартай сияқ­ты қайраткерлермен тұғыры мықты, әлеуетті, ауқатты мемле­кет жасау үшін ауқымды жұмыстар жүргізді. 1997 жылы Камал Смайы­лов екеуі ерекше оқиғаларды баян­дайтын тарихи хат жазысты. 

1991 жылы 16 желтоқсанда Конс­­­титуциялық Заң қабылдан­ған күні түнде біздің мемлекетті­гі­мізді мойындайтын Түркиядан бі­рін­ші хабар келді. Ал 1992 жыл­дың 3 қаң­тарында мемлекеттігіміз­ді, тер­ри­ториялық тұтастығымыз­ды мойын­даған Қытайдың де­­ле­гация­сы кел­ді. Осының бәрі – Шерхан Мұр­тазаның қаты­суы­мен өткен та­­­­­­­ри­хи оқиғалар, – деді Қ.Сұл­тан­ұлы. 

Парламент Сенатының депу­та­ты, мемлекет және қоғам қай­рат­кері Дархан Қыдырәлі Шерхан Мұр­тазаның 80 жылдығына орай «Шын­дықтың шырақшысы» атты кітаптың жарыққа шыққанын айт­ты. «Осы кітапты апарғаны­мыз­да ол құшағына басып тұрып жы­лады. Төсек тартып жатқан­дық­тан, сөйлеуге мұршасы кел­мей­тін» деп еске алды Д.Қыдыр­әлі. Қалам­гердің 85 жасқа толуына орай «Еге­меннің» кітапханасы» серия­сымен «Намыс най­­за­ғайы» атты мақалаларының жи­нағы жарық көрді. 

Іс-шара соңында «Қазақ га­зет­тері» ЖШС бас директоры Ди­хан Қамзабекұлы мен Ұлттық ар­хивтің директоры Сағила Есім­сейітқызы архивтік материал­дар­ды мемлекеттік сақтауға беру жө­­­­­ніндегі келісімшартқа қол қойды.

С.БЕГІМБАЙ