Іс-шараның ашылу рәсімінде Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын жеткізді.
Министр өз құттықтауында Қытай және Қазақстан басшыларының қолдауы мен бастамаларының арқасында «Қытайдағы Қазақстанның туризм жылы» және «Қазақстандағы Қытайдың туризм жылы» аясында бірқатар мәдени іс-шара өткізілгенін атаған.
Осы жобалар аясында екі ел арасындағы мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық едәуір дамып, өзара түсіністік пен достықтың жаңа деңгейіне көтерілгенін жеткізді.
Сондай-ақ Аида Балаева былтыр Тяньцзинь музейінде өткен «Алтын адам және дәулетті дала: Қазақстан тарихының жәдігерлері» атты көрменің табысты өткенін еске алып, бұл жобаның екі ел арасындағы саяси сенімге негізделген достық қатынастың айқын көрінісі болғанына зер салды. Министр жаңа көрмеге табыс тілеп, оның Қазақстан мен Қытай арасындағы жоғары деңгейдегі мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Көрменің ашылу рәсіміне Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлин, қоғам және мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ өнерсүйер қауым – барлығы жүзге жуық адам қатысты.
Экспозиция «Қытай керамикасының сазы», «Шеберлік ғажайыбы», «Жібек өрнекті Қытай», «Тяньцзиньнің келбеті» атты бөлімдерден тұрады. Көрмеге барлығы 62 жәдігер қойылған. Олардың қатарында сүйек жазбалар, қыш бұйымдар, нефриттен жасалған әшекейлер және басқа да тарихи құндылықтар бар. Бұл шара екі халық арасындағы достық пен мәдени өзара түсіністікті одан әрі тереңдетуге бағытталған маңызды мәдени бастама саналады.
Ә.САМАТҰЛЫ