in

Бес баланың анасы, боксшы Әйгерім Сәттібаева ұлттық құраманың көшбасшысы атанды

Боксшы Әйгерім Сәттібаева 2025 жылғы Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп, ұлттық құраманың жаңа көшбасшысы мәртебесіне ие болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты penalty.kz сайтына сілтеме жасап.

«15 жылдан кейін қайта жеңіске жеттім»

Әйгерім Сәттібаева өз жеңісінен кейінгі қуанышын жасырмады:

«Қазақстан халқын сәлемдеймін! Өздеріңіз көргендей, мен жеңіске жеттім. Әрбір жекпе-жегім оңай болған жоқ. Үйде мені күтіп отырған балаларыма және отбасымның сенімін ақтағаныма қуаныштымын.

15 жыл үзілістен кейін Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атану – мен үшін үлкен толқу мен қуаныш», – деді боксшы.

Чемпионатқа дайындық барысында Әйгерім 51 келі салмақ дәрежесінде Таразда өткен үш жекпе-жекте жеңіске жеткен. Бұл жарыстар оның ұзақ үзілістен кейін рингке қайта оралуының алғашқы кезеңі болды.

«Осыдан кейін жеке бапкеріммен бірге екі апталық оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Бұл жарысқа тыңғылықты дайындалдым», – дейді Сәттібаева.

Ұлттық құраманың жаңа көшбасшысы

Әйгерім Сәттібаева Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі болып екі жыл бойы тұрақты түрде өнер көрсетіп келеді.

«Біздің салмақта бұрын бірінші нөмір – Назым Қызайбай еді. Ол спорттан кеткеннен кейін мен сол орынды иелендім. Соңғы екі жылда ешбір оқу-жаттығу жиынын, турнирді қалдырмай қатыстым. Бас бапкер Елдос Сайдалин жіберген барлық жарыстарда тәжірибе жинадым. Енді өзімді толық дайынмын деп есептеймін», – деді боксшы.

Финалда Әйгерім 48 келі салмақта Алматы облысының өкілі Әнел Құдайбергенді 5:0 есебімен жеңіп, чемпион атанды.

Әйгерім Сәттібаева — бес баланың анасы. Ол өзінің жеңісін балаларына арнап, аналық пен спортты қатар алып жүру мүмкін екенін дәлелдеді.