Балалық пен даналық арасы былай қарағанда, аса алыс емес болып көрінгенімен, адам, азамат, тұлға болып қалыптасып, одан әрі абыз данаға айналудың жолы өте ауыр, өлшеулі өмір жетіп болмас ұзақ та ұзақ… Ақыл-ой толысқан, адамдықтың жолына түсуге бет алған 20 мен 40 арасы азаматтықтың қалыптасу кезеңі, өмір тәжірибең толысқан 40 пен 60 арасы тұлғалықтың тұғыры бекір тұс.
Өмір туралы пәлсапамызды осы арадан тоқтата тұрып, негізгі тақырыпқа бет бұрсақ, адамзат баласына өлшеп берген ғұмыр жастың үш кезіңіне сай өмір жолынан өткен азаматтың биікке көтеріліп, өткенін санада сараптап, бүгінгісіне көз салып, келешекке ой жіберіп, өмір кезеңдерінің есебін ел алдында екшей салып отырған сәтіндегі мерейлі мерекесі екен бүгін. Біз 10 жастағы ойын баласынан басталған саналы ғұмырдың 20 жастағы бой мен ой толысқан бозбалалықты бастан өткеріп, отызда жігіт ағасына жетіп, қырықтағы азаматтықты бастан кешіріп, елуден асып тұлғалыққа көтерілген азаматтың қызығы мен қуанышы мол, жемісі мен жеңісі жетерлік, тағылымы мен танымы толысқан арда азаматтың ел білер, жұрт таныр тұлғалық қасиеттерін үш тұғырдан тамыр тартып тарқатсақ деген ұстанымды ойға ұстадық.
Адамға, әсіресе өзін кейін руханияттық салада танытар азаматтың туған жерінің, өскен ортасының әсері орасан зор екендігі бәрімізге белгілі. Біздің сөзімізге тиек болып отырған азамат Бауыржан Иманғалиев Қызылорда облысында арнасына ән мен күй, сөз бен жыр тұнған қасиетті Сырдың бойындағы Жалағаш ауданының Аққыр ауылында 1970 жылы 1 мамырда дүниеге келген екен. Осы арада бір әзіл қыстыра кетсек, айып болмас. Бұл жыл «күн көсем» ВИЛ-дің жүз жылдығы тойланып жатқан жыл емес пе?!… Әп, бәрекелді, тұспа-тұс дәл келгенін қарашы. Не болса да нышанды жайт! Батырдың атын иемденген Бауыржан 1987 жылы орта мектепті өте жақсы аяқтап, 1990 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне түсіп, 1995 жылы үздік дипломмен бітіріп шығады. Мамандық қандай болмақ керек, әрине – ұстаз.
Бауыржанның ұстаздықты таңдамауы мүмкін емес жайт еді. Кішкентай күнінен ұстаз әкенің тәрбие-тағылымынан нәр алған, ұстаз ананың ақ сүтінен дарыған ұстаздық болмыстың уызына жарыған сәби, оң мен солын таныған сәттен-ақ ұстаз атты ұлы құдіреттің қадыр-қасиетін тап баса таныған-тын. Сөйтіп, қазақ даналығының айқын көрінісі іспетті «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қанатты сөз шындығы болашақтағы өміріне серік етер мамандықтың бағыт-бағдарын бекітіп-ақ тастаған-ды. Міне, біз әу бастан Бауыржанға тұмар ғып тағып отырған өмір жолында өзі көтерілген үш тұғырдың бірі – ұстаздық тұғыр!
Бауыржан 1995 жылы аспирантураға қабылданады. Бұл ол кезде кез келгеннің басына қона бермейтін бақ болатын. Осыдан бастап ол ұлық ұстаздықтың жолына қадам басты. Содан соң бәріміздің де бағымызды ашқан ұлы ұстазымыз Зейнолла Қабдоловтың тікелей қолдауымен қасиетті қара шаңырақтың «Қазақ әдебиеті» кафедрасына аға оқытушылық қызметке кіріп, арманының алғашқы биігі болған тұғырға қонады.
Бұл болашақтағы адами, азаматтық, ғалымдық сынды жетістіктердің бастау көзі болатын. Енді әрине, білімді, білікті, талантты жастың жан-жаққа көз салары, жан-жақтылыққа ұмтылары Құдай құптар іске айналады. Ұлы Абай: «Ғылымды іздеп, Дүниені іздеп, Екі жаққа үңілдім. Құлағын салмас, Тіліңді алмас, Көп наданнан түңілдім. Екі кеме Құйрығын, Ұста жетсе, бұйрығың», – демей ме?! Білім, білікпен қатар талап пен ерік-жігер жас күнінен бойында ерте тоғысқан еңбекқор Бауыржан басты арманы жүзеге асқан соң, енді қанатын кеңге жайып, іргелі мақсаттарды жүзеге асыруды жолға қоя бастайды. Өзіне үш тұғырды тірек етеді. Олар – ұстаздық, ғалымдық, қайраткерлік. Сөйтіп, өмірге деген құлшыныс, тұлғалыққа деген ұмтылыс ұстаздықтың ұлан жолынан бастау алады. 1997 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі ұстаздық қызметін аға оқытушылықтан бастап, доцент, тағы бірқатар санаттан өтіп, жиырма жылдан аса ұстаздық еңбек етудің үлгісін көрсете жүріп, түрлі оқу орнында басшылық қызметте болып, жоғары оқу орындарындағы білім беру ісінің білікті ұйымдастырушысы, беделді басшысына айналды. Ұстаздың бақыты шәкірт дейтін болсақ, мыңдаған студенттің өз сүйікті мамандығының иегері болуына аянбай тер төгіп жүрген Бауыржандай ұстаздың өнегесін алған талапты да талантты шәкірттері бұл күнде туған елдің болашағы жастар тәрбиесінде елеулі еңбек етіп жүр, еңбектерін ел елеп жатыр. Бауыржан ұстаз ретінде білім беру саласындағы көптеген бастаманың авторы. Оның жетекшілігімен студенттер мен магистранттар ғылыми-зерттеулер жүргізіп, түрлі байқауда жүлделі орындарға ие болып келеді. Бауыржан педагогтың білім беру мен тәлім-тәрбиесі текке өтіп жатқан жоқ. Ұстаз-ғалым көптеген республикалық және әлемдік конкурстар мен түрлі іс-шарада жеңіске жеткен Айгерім Көкеева (ҚазАТУ), Ақылбек Данабекұлы (ҚазАТУ), Мадина Кәкімжанова (Л.Гумилев атындағы ЕҰУ) сынды түрлі жоғары оқу орындарындағы магистрант, докторант шәкірттерін әманда мақтаныш тұтады.
Жастарға білім мен өмір сабағын үйретуден жалықпас ұстаз, өзі де өзгелердің жетістігін көру мен жақсысын үйренуден әсте шет қалған емес. Оқу мен үйрену мына өзгеріске едел-жедел заманда ешкімге ешқашан да кештік етпестігі оның өмірлік ұстанымына айналғалы қашан. Сондықтан ол ұстаздық жолда Сиань (Қытай) мемлекеттік университетінде (2015 ж), Пекин (Қытай) мемлекеттік университетінде (2015 ж), Санкт-Петербор (Ресей) университетінде (2016 ж) өткен тәжірибелік тағылымдамаларын аса жоғары бағалайды. Бауыржан Сәбитұлы халықаралық және республикалық педагогика, оқыту, әдістеме мәселелеріне қатысты ғылыми-тәжірибелік, ғылыми тақырыптарды арқау еткен ғылыми-теориялық конференцияларға үнемі қатысып, өзінің өрелі ойларын ортаға салып, шетелдік және отандық ұстаз-ғалымдармен жиі байланыста болып отырады. 2015 жылы Ресейдің Санкт-Петербор мемлекеттік университетінде, 2017 жылы Қытайдың Сиань, Пекин мемлекеттік университеттерінде, 2019 жылы Омбы мемлекеттік университетінде және сондай-ақ Еуропа мемлекеттері жоғары оқу орындарында жасаған баяндамалары – осының нақты көрсеткіші.
Университет қабырғасында жүріп, болашақ журналистерге шеберлік дәрістерін өткізіп, медиа және коммуникация мектебін ұйымдастырып (MCS), жастарды осы салаға баулудың жаңа үлгісін қалыптастырды. Оның тікелей бастамасымен ЕҰУ-де басталған жыл сайын «Әлемдік PR: өзектілігі және келешегі» атты халықаралық конференция дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
Бауыржан Сәбитұлы тек жоғары мектеп оқытушысы болып қойған жоқ, бірнеше оқу орнында түрлі деңгейдегі басшылық қызметтер атқара жүріп, басшы ретінде ұлттық білім беру, оның әдістемелерін жаңарту мен жаңаша дамытудың бағыт-бағдары мен жоспар-жобаларын жетілдірудің бағдарламаларын дайындап, өзіндік ой жоспарларына ұсыныс жасай отырып, мемлекеттік стандартқа енгізуге жол аша алды.
Бұлар, негізінен, 2010-2023 жылдар аралығында жоғары оқу орындарында ғылыми-шығармашылық жолмен Қазақ ұлттық аграрлық университетінде департамент директоры, оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде Баспасөз орталығының директоры, Кәсіподақ комитетінің төрағасы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығында кафедра меңгерушісі, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында департамент директоры, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде журналистика және саясаттану факультетінің доценті және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде ғылыми-инновациялық және халықаралық байланыстар жөніндегі декан орынбасары қызметінде жүрген тұстарда жүзеге асты. Адам өміріндегі ұстаздың алар орны туралы небір данышпандар, небір ғұламалар ой толғап, жеріне жеткізе айтқан ғой. Әр адамның сол бір өрелі өсиеттерден тамыр тартып жатқан ұстаз туралы өзіндік ойлары бар екендігі де шындық. Ұстаз! Осы бір жұмсақ айтылып, жылы естілетін қарапайым сөздің астарында мағынасы терең қасиетті ұғым жатыр. Оның бар мәні – ұстаз тұлғасының ұлылығына келіп саяды. Ұстаз шындығында да ұлы тұлға, егер ол шәкірт арманын асқақтатып, мақсатын айқындап, міндетін анықтап, үмітін жандырып, мұратын бағдарлап бере алса?! Меніңше, Бауыржан ұстаз – бұл міндеттерді толығынан атқарып, ұлық ұстаз тұғырына көтерілген Тұлға. Оның айқын бір көрінісі – «Үздік ұстаз-2018» республикалық байқауының жеңімпазы атануы. Ұстаз-ғалым – Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі (2010 ж.) екендігін де ескерген жөн.
Ал енді, Бауыржанды түлеткен екінші тұғыр – бұл ғалымдық ғұмыр! Университет қабырғасында студент бола жүріп, өзінің әр нәрседен хабары бар, іскерлігін факультет студенттері кәсіподақ бюросының төрағасы ретінде оқу орнының қоғамдық іс-шараларына белсенді түрде араласуы арқылы танытқан ол, өзінің ғылыми ізденіске, ғылыми жұмысқа деген бейімін ұстаздарына студенттер конференциясы мен түрлі конкурс, олимпиада арқылы байқата алған-ды. Білімді бала көзге ілінді, «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» сынды Абай тағылымының арғы мәніне бойлап, «болмақ» болуға ұмтылды.
«Жиырма мен қырық арасы, жас өмірдің сарасы» деген Шәкәрім тағылымы көкірегінен орын тепкен жас талап енді шынайы ғылымға, шыншыл ғалымдық жолына түспекке бел байлады. Жігерлі жас түлек батылы жетіп, ғылым-білімнің құпиясы кілттеулі аспирантураның «қақпасын» қақты. «Қақпа» қинамады, құшақ жайды. Діттегенге қол жетті, жеткенде де мол жетті. Айды аспанға бірақ шығарып, жас тұлпардың студент кезіндегі ғылымдағы балаң қадамына назар салып жүрген ұлы ұстаз академик Зейнолла Қабдоловтың сүйікті шәкіртіне айналды.
Алда атқарар ғылыми жұмыстың тақырыбы қандай еді десеңізші, «Темірбек Жүргеновтің әдеби-публицистикалық мұрасы»! Ол кезде әлі де болса, естіген адам атты болса, атынан ауып түсетін жаяу болса талып түсетін тақырып еді бұл. Ұстаз жас талапты сынамаққа қиынға салдым деп өкінбеді, жас талант жасымады, жалтармады, кішкенеден көкірегінде түйін түйген үмітті сезімнің жетегіне еріп, «өткірдің жүзі шыдас берер» тақырыпты оңтайға алды.
Неге?! Аңғарымпаз бала көңіліңнің түкпірінде ана сандығында жатқан тылсым сырлы «Ескі қара папканың» ақтаңдақтың қалың қабатының астында жатқандай ақтаңдақтың суреті жатталып қалған-ды. Сырын білуге құмартқанмен «жабулы қазан, жабулы күйде» қала берді. Белгісіздік сыры білім мен ілімнің қасиетті қара шаңырағы ҚазМУ-ға оқуға аттанарда белгілі болды. Ұлын ұлан жолға шығарып салып тұрып, зиялы әке жетелі жеткіншекке аманат артты: «Сен қазақ мәдениеті мен білімін биік деңгейге көтерген мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің жақын ұрпағысың. Мынау папкада текті атаңның жазған еңбектері бар. Сол кісінің мұрасын зертте, халық білсін. Бұрын біз саяси жағдайларға байланысты Темірбек Жүргенов есімін ашық айта алмадық. Егемендіктің арқасында арыстарымыздың ардақты есімі қазір қайта оралып жатыр. Енді Темірбек атаңның мұрасын зерттеуді саған аманат етіп тапсырдым», – деген еді. Аспирантураға түскен соң жетекші ұсынған тақырыбы көңіліне қонбай, өзі қалаған тақырыбын бекіте алмай, жүрек түкпірінде тек Жүргеновті зерттеу мақсаты жүргендіктен көп әуре-сарсаңға түсті. Қызылордалық профессор Бағдат Кәрібозовпен ғылыми тақырып және жетекші жайлы ақылдасып, академик Зейнолла Қабдоловпен жолығуға мүмкіндік алды. Ұлы ұстаз бірден: «Нарком Темірбек Жүргеновтен кандидаттық емес, докторлық диссертация қорғауға болады. Бұл жұмыс үлкен жауапкершілікті әрі төзімділікті қажет етеді. Жүргеновті жүргізсең, ғылыми жетекшің өзім болам», – деп көңілін көкке көтерді. Академик жетекшінің жылы сөзі талапты жастың өзіне деген сенімін арттыра түсті. Сөйтіп, «Әдебиет – ардың ісі» деп білетін Зейнолла Қабдоловтай дананың жетекшілігімен ғылымның қиян жолындағы қиындықтарды жеңуге үлкен құлшыныспен кірісті.
Содан бергі уақытта «Темір наркомды» 20 жасынан бастап түпкілікті зерттей бастаған жас ізденуші Темірбек Жүргеновті зерттеуге өзінің ширек ғасырдан астам салиқалы да саналы ғұмырын арнапты. Бірақ еңбек еш кеткен жоқ, нәтижесі ғылымға жетістік болып қосылып, ел игілігіне айналды. Жас ғалым Қазақстан, Ресей, Өзбекстан республикаларының мұрағаттарынан тапқан құжаттары мен әдеби мұраларды жинастыру, оларды жүйеге салуға тырысқан ізденістерінің нәтижесінде ұлт қайраткері Темірбек Жүргенов Алаш әдебиеттану бағыты бойынша 2 монография, 4 кітап, 100-ден астам ғылыми және публицистикалық еңбектерін жарыққа шығарыпты. Ел ардақты ұлымен жаңаша табысты, бұрын белгісіз көп жайттың ақтаңдақтары ашылды.
Бауыржан Иманғалиев жүргеновтанушы-ғалым ретінде бұрын тек республиканың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері ретінде қарастырылып келген тұғырлы тұлға Темірбек Жүргеновтің ұлт руханиятында өзіндік орны бар әдеби-шығармашылық, мәдени мұрасын алғашқы болып ғылыми айналымға қосты.
Бауыржан Сәбитұлының зерттеуші-ғалым ретіндегі өзіне тән ізденімпаздық болмысының басты ерекшелігі – Т.Жүргеновтің ұлт мәдениетін көтерудегі атқарған орасан зор қайраткерлік қызметін шығармашылық тұлға ретіндегі әдеби-шығармашылық мұрасымен біртұтастықта сабақтастыра қарастыруы дер едік. Ол Т.Жүргенов сынды дарынды қайраткердің ұлттың қоғамдық өміріндегі заманауи өзгерістер тұсында өз бойындағы саяси-идеологиялық қайраткерлік қасиет пен әдеби-шығармашылық сынды қос қанатын тұтастыра келе, жаңа дәуірдегі түрі мен мазмұны біте қайнасқан ұлттық идеяны орнықтыру мәселесінің басты ұстанымына айналдырғанын бедерлі белгілермен айқындай алғанында деп білеміз. Бауыржан ғалым ұлт қайраткерінің қазақ халқының мәдениетін, әдебиетін, өнерін ұлттық руханияттың бөлінбес біртұтас, салалас бөлшектері деп танығанын және оларды ұлттық сананың оянған тұсында ұлттық идеологияның уақыт үрдісіндегі бүтін бітімді бірлігі деп бағалау арқылы ұлт өркендеуінің ұлы қуат күшіне айналдырғанын нақты деректер арқылы айқындады. Және оны халқын сүйген Халық-ағарту комиссарының саяси-қайраткерлік қызметіндегі шешімдері мен әдеби-публицистикалық шығармашылығындағы ой-орамдарын, терең талғам-танымдарын талдау арқылы тұжырымды түрде зерделеп, жан-жақты ашып көрсетіп бере алды.
Бауыржан Темірбек Жүргеновтің белгісізденіп кеткен 7 кітабын, мұрағат сөрелерінде тығылып жатқан көптеген еңбегін тауып, ғылыми айналымға қосты. Ол – темір нарком Темірбек Қараұлы туралы түсірілген 2 деректі фильмнің бас кеңесшісі және сценарий авторы. Ұстаз-ғалым жоғары оқу орындарында «жүргеновтанудан» дәрістер оқып, диплом жұмыстарын жаздырып, студент-магистранттарға түрлі конференцияда баяндама тақырыптары етіп беріп, үнемі «жүргеновтануға», «алаштануға» жол ашып келеді.
Бауыржан Сәбитұлы Т.Жүргеновке қатысты қаншама кітап шығарды. Солардың ішінде «Т.Жүргенов. Таңдамалы. Избранное», «Темірбек Жүргенов», 37 баспа табақ «Т.Жүргенов. Шығармалары», «Қос шынарым» сынды кіптардың орны ерекше. 2023 жылы Т.Жүргеновтің 125 жылдығына арналған «Нарком Темірбек Жүргенов» атты 24 баспа табақ жинағы 1000 данамен басылып шықты. 2025 жылда ғалым үшін табысты болып отыр. «Т.Жүргеновтің әдеби-публицистикалық мұрасы» атты монографиясы жарыққа шықты. Бүгінде Бауыржан Иманғалиев «жүргеновтану» ғылымының негізін қалаған алғашқы ғалымдардың бірі әрі бірегейі болып қана қоймай, белгілі алаштанушы ғалым ретінде де ғылыми-әдеби ортаға кеңінен танылды. Ендеше, Бауыржанның ғалым-ғұламалығын түлеткен екінші тұғырдың да іргетасы берік, кешені кең, еңсесі биік деуге толық негіз бар.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, мәдениет қайраткері Бауыржан Сәбитұлы түлеген үшінші тұғыр – қайраткерлік тұғыр. Бала кезінен іскерлігі, көзге ұрып тұратын, басшылыққа бейім Бауыржан мырза университетте білім алған жылдарда қоғамдық іске белсене араласып, көшбасшылық қабілетін айқын танытып, қоғамдық қызмет белсендісі ретінде ысылып, факультеттегі студенттік ұйымдар басшысының бірі ретінде университеттегі мәдени-рухани іс-шараларды ұйымдастыруға белсене араласып, оң мен солды еркін танып қалған-ды. Ұстаздық қызмет тұсында да осы бағытынан тайған жоқ. Университеттегі іргелі істерді ұйымдастырудың ұйытқысы бола жүріп, білікті де аса қабілетті азамат басшылық, әкімшілік қызметтерге бейімділігімен көзге түсті. Білімді азамат, білікті ғалым, ұлағаты үлгі ұстазды әкімшілік қызметке тартудың ұтары барын сезген қала басшылығы жұтынып тұрған жас жігітті қызметке шақырды. Ол Алматы қаласы әкімдігі Ішкі саясат департаментінде бөлім бастығы қызметінен (2000-2007 жж) бастап, еліміздің қоғамдық-әлеуметтік өміріне жіті араласып, тәуелсіз Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосып келеді. Содан бергі кезеңде «Іздегенге сұраған» дегендейін, «сегіз қырлы, бір сырлы жігіт» әкімшіліктің қыр-сырын жете меңгеріп, үнемі өсу үстінде келеді. Темірбектей темір тәртіп наркомының сырт болмысын ғана емес, ішкі жан дүниесіне терең бойлап, басқару мен басшы болудың құпиясын жедел меңгерген, қай жерде, қай басшылықта болмасын өзін әр іске өзіндік көзқарасы, өзіндік ой-пікірі, өзіндік ұстанымы қалыптасқан азамат, топ бастайтын тұлға ретінде таныта алды, көрсете білді. Бостандық ауданы әкімі аппаратының жетекшісі, Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз хатшысы, баспасөз қызметінің жетекшісі, Алматы қаласы әкімдігінде бөлім бастығы, Алматыда Қазақ ұлттық аграрлық университетінде департамент директоры, проректор, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінде бас сарапшы болған жылдарда, өзі ұзақ жылдар бойы зерттеген ұлт зиялылары ұстанған ел басқару, ел үмітін ақтау, ел амантына адалдық пен ел алдындағы қарыз бен парыз ұғымдарының үдесінен шыға білді.
Шәкәрім дана айтқан өмірдің «ортасы адам» жасына жетіп отырған Бауыржан Сәбитұлы Иманғалиев – бүгінге дейін өзінің саналы ғұмырын ұлағатты үлгі ұстаздыққа, тарих қатпарларының теріңінде қалған ақтаңдақ деректерді ашқан ғұлама ғалымдыққа, тәуелсіз елдің ертеңіне үміт артқан елдің басшылық қызметіне арнаған білікті азамат, тұғыры биік тұлға. Шәкәрім айтқан: «Үш-ақ түрлі өмір бар… Ең керекті дегенің – ортаншы өмірді» босқа өткізбедің, үш тұғырда түледің, Бауыржан! Ұстаз ретінде осы бір құдіретті сөз бен қасиетті ұғымның шын бағасына лайық тұғыр биігіне көтерілдің! Ғалым ретінде тереңнен тартып, тыңнан жол ашып, ілімнің иірімінен үйіріп әкеп ғылыми айналымға қосқан жаңашыл еңбектерің арқылы ғылым тұғырына қондың, қайраткер ретінде ұлт руханиятын асқақтату жолында аянбай еңбек етіп, ел алғысына бөлендің. Келер кезеңде шырқау шыңына ұмтылыс жасаудан таймайтын нақ тұғырың осы болар! Биікке көтеріл, өрге ұмтыл, асқар шыңға самға, ақ жол саған, Бауыржан!
Өмірхан ӘБДИМАНҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы