in

Қазақстан теннисінің ықпалы артты

Қазақстан теннис федера­ция­сының мәлімдеуінше, еліміздің аталған әлемдік қауымдастықтағы рөлін нығаяды. Ең жоғары дауыс саны 12 болса, Қазақстанға беріл­ген дауыс саны жетіден тоғызға дейін ұлғайтылды. Енді еліміз ITF-қа ықпалы жөнінен Италия, Чехия, Канада, Испания, Шве­ция, Швейцария, Қытай, Жапо­ния секілді елдермен бір қатарда тұр. ITF-қа кіретін елдердің дауы­сы шешім қабылдаған кезде әлем­дегі теннистің дамуына әсер етеді. Осылайша, Қазақстан теннистің жалпы даму деңгейі жөнінен әлемдегі 10 елдің қатарына ресми түрде енді.

«Бүкіл әлемдегі ұлттық федера­циялардың халықаралық жиналысы елдегі теннистің даму­ын, жасөспірімдердің, ересек­тер ұлт­тық құраманың жетістігін, сондай-ақ бұқаралық спорт пен теннис инфрақұрылымының дең­гейін тәуелсіз бағалау негізінде Қа­зақстанның дауысын көбейту туралы шешім қабылдады. Енді Қазақстан әлемдегі теннисі дамы­ған елдердің қатарына заңды түр­де кіреді», – деді Қазақстан тен­нис федерациясының президенті Болат Өтемұратов.

Шешім қабылдау кезінде мына­дай факторлар: тенниспен айналысушылар саны, арбадағы теннистің дамуы, корттар саны, ұлттық құрама нәтижелері, соның ішінде ойыншылардың Олим­пиа­да, Дэвис кубогы және Билли Джин Кинг кубогы командалық жарыстағы көрсеткіші ескерілді.

Қазір елімізде 17,5 мыңнан ас­там бала тенниспен тұрақты айна­лысып, турнирге қатысады. Елде жыл сайын 250-ден астам, соның ішінде 40-тан астам халық­аралық жарыс өтеді.

Айбике ЖАНАСЫЛ