in

Зейін ашқан зияткерлік сайыс

Шара жастар арасында білімге, ізденіске және терең ойлауға деген құш­тарлықты арттыру, рухани келісім мен өзара сыйластық құндылықтарын дәріптеу, сонымен қатар азаматтық жауапкершілігі жоғары, отансүйгіш және мәдениетті тұлғаны қалыптастыру­ды мақсат етті. 

Зияткерлік сайысқа облыстың барлық аудан және қала әкімдіктерінің ішкі саясат бөлімдерінің қызметкерлері, «Руханият» орталықтарының өкілдері, жастар ресурстық орталықтарында қызмет ететін теолог мамандар, дін қызметкерлері мен медресе-колледж ұстаздары қатысты. Іс-шараның ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімі­нің орынбасары Ертай Алтаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларды  Рухани келісім күнімен құттықтады. Ол өз сөзін­де қоғамдағы татулық пен тұрақтылық­тың маңызына тоқталып, осындай танымдық іс-шаралар жастар­дың рухани және интеллектуалды дамуына қосатын үлесі зор екенін атап өтті.

«Береке мен бірлік, тұрақтылық пен тыныштық, татулық пен келісім – біздің басты байлығымыз», – деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі бүгінде әр қазақстандықтың өмірлік ұстанымына айналуға тиіс. Рухани келісім ел бірлігінің, тұрақтылықтың және дамудың негізі. Осы орайда өт­кізілген «Ойлан тап» ойыны жастардың білімін шыңдап, бірлік пен татулыққа шақыратын мәні зор жоба», – деді Ертай Алтаев.

Интеллектуалды ойын үш кезеңнен тұрды. Сайыс сұрақтары еліміздің және Түркістан облысының тарихы, әдебиет пен мәдениет, ұлттық салт-дәстүрлер, дін саласындағы заңнамалар және спорт тақырыптарын қамтыды. Қатысушылар терең білімдерін, жылдам ойлау қабіл­еттерін және тапқырлықтарын көрсету арқылы өзара мықты бәсеке өрбітті.

Байқауды бағалау үшін кәсіби қазы­лар алқасы шақырылды. Олардың қатар­ында теология және философия ғылым­­дары­ның докторы, профессор Досай Кенжетай, білікті дін қызметкері Айдар Оспанов, сондай-ақ облыстық дін істері басқармасының басшысы Рах­матулла Сабыржанұлы болды.

Қазылар алқасы қатысушылардың ой ұшқырлығын, логикалық пайымдау қабілетін және командалық ынтымақтас­тығын әділ бағалап отырды.

Тартысқа толы өткен сайыста Отырар ауданының командасы өзгелерден озық шығып, бас жүлдені жеңіп алды. Ком­анда мүшелері ұйымдастырушылар тара­пынан 500 мың теңге көлеміндегі қар­жы­лай сыйлыққа ие болды. ІІ орын – Сайрам ауданы мен «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ командаларына бұйырып, олар ынтымақ пен білімнің үлгісін көрсетті.

Ал ІІІ орын иегерлері – Ордабасы және Төле би аудандарының команда­лары 150 мың теңгеден ақшалай сыйлық­пен марапатталды. Сонымен қатар бел­сенділік танытқан қатысушыларға алғыс хаттар мен ескерткіш сыйлықтар табыс етілді.

Осындай танымдық әрі тәрбиелік мәні зор зияткерлік ойындар жастардың логикалық және сыни ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, олардың бойын­да патриотизм, толеранттылық және рухани келісім қағидаттарын қалыптас­тырады. Түркістан облыстық дін істері басқармасы алдағы уақытта да осы ба­ғыттағы шараларды жүйелі түрде өткізіп, жастардың интеллектуалды және рухани әлеуетін арттыруды көздеп отыр. 

«Біздің басты мақсатымыз – білімді, ізгі ойлы, елінің болашағына бей-жай қарамайтын жас ұрпақ тәрбиелеу. Рухани келісім мен бейбітшілік – кез келген қоғамның іргетасы. Сол құнды­лық­тарды дәріптеу – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз», – деді облыс­тық дін істері басқармасының басшысы Рахматулла Сабыржанұлы.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы