Табиғатты аялау – әр азаматтың борышы екенін ұғындырған бұл игі бастамаға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те белсене қатысып, тұрғындармен бірге «Астана» шағынауданында көшет отырғызды. Жаңа егілген ағаштар мегаполистің жасыл келбетін толықтырып қана қоймай, қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы экологиялық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Іс-шара барысында мегаполис басшысы табиғатты қорғау мен қоғамның бірлігін нығайтуға бағытталған мұндай акциялардың маңызына ерекше тоқталды. «Ағаш отырғызу – болашақ ұрпаққа жасалған қамқорлық. Мұндай шаралар қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттырып, қоғамның ауызбіршілігін күшейтеді. Әрбір тұрғын өз қаласының тазалығы мен көркеюіне үлес қосуы тиіс», – деді қала басшысы Ғабит Сыздықбеков.
Күзгі көгалдандыру маусымы аясында Шымкенттің орталық көшелерінде, саябақтар мен гүлзарларда, сондай-ақ тұрғын үй аулаларында ағаш отырғызу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл шаралар қаланың жасыл инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Экологиялық акция аясында ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының мамандары да сенбілікке белсене қатысып, Кутузов көшесі бойындағы (М.Қалмырзаев көшесінен М.Төлебаев көшесіне дейінгі аралықта) ирригациялық арықтар мен аяқжолдарды қоқыстан тазартты. Сондай-ақ мекеме қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақтарды ретке келтіріп, қаланың көркін арттыруға үлес қосты. Өңірлік коммуникациялар қызметі ұжымы да тазалық шарасына қосылып, Т.Айбергенов көшесінің бойында ирригациялық арықтарды, тұрғын үй аулалары мен жолдарды тұрмыстық қалдықтан арылтты. Ал «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлері Еңбекші ауданы аумағында сенбілік ұйымдастырып, қоршаған ортаның тазалығы үшін аянбай еңбек етті.
Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мәліметінше, өткен жалпы қалалық сенбілікке қаладағы 470 мекемеден 38 мың қызметкер, сондай-ақ 83 мың тұрғын қатысқан. Барлығы 127 мыңнан астам адам экологиялық тазалық жұмыстарына жұмылдырылған. Сенбілік барысында 195 арнайы техника тартылып, 312 тоннадан астам тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шығарылды. Аудандық көрсеткіштер бойынша, Абай ауданы – 24 800 адам, 36 техника, 64 тонна қоқыс, Әл-Фараби ауданы – 26 400 адам, 42 техника, 60 тонна қоқыс, Еңбекші ауданы – 24 500 адам, 38 техника, 64 тонна қоқыс, Қаратау ауданы – 25 200 адам, 39 техника, 61 тонна қоқыс, Тұран ауданы – 26 100 адам, 40 техника, 62 тонна қоқыс шығарылған.
Қала бойынша 470 мекемеден жұмылдырылған 38 мың адам бойынша зерделейтін болсақ, денсаулық сақтау басқармасына қарасты 58 мекемеде жұмыс істейтін 17 220 қызметкердің 8 мыңнан астамы өз аумақтарын тазалауға қатысты. Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының 22 мекемесінен 3 058 қызметкер және қоғам белсенділері қатысып, жалпы 5 мыңнан астам адам сенбілікке шықты. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасынан 14 мекемеден 620 қызметкер белсенділік танытты. Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасынан өткен сенбілікте 19 мың адам қатысқан болса, бұл аптада олардың қатарына тағы 7 мыңнан астам қызметкер қосылды. Ал аумақтық департаменттерден 34 мекемеден 680-ге жуық адам тазалық жұмыстарына шықты.
Жалпы алғанда, мегаполистегі сенбілік жұмыстары Шымкент тұрғындарының бірлігін айшықтап, бұл акция табиғатты қорғауға, экологиялық мәдениетті нығайтуға және қаланың көркем келбетін арттыруға бағытталған нақты қадамға айналды.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы