Еуропаның IPBES бағалауына сәйкес, аралар мен көбелектердің 40%-ынан көбі жойылу қаупінде тұр. Кейінгі кезде Қытай, АҚШ, Италия, Ұлы-британия, Канада сынды мемлекеттер араның азаю көрсеткішін байқаған. 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығында Бразилия 500 мыңға жуық бал арасынан айырылған. Әлемде кейінгі 10 жыл ішінде шамамен аралар саны 15 миллионға азайды. 4G технологиясын жаппай қолдану да бал араларының, құстар мен көбелек популяциясының азаюына себеп болды. Қазір шетелдік ғалымдар 5G технологиясын қолдануға түбегейлі қарсы.
Ара «коронавирусы» бар
Елімізде араның қандай түрі бары, саны, жай-күйі жайында нақты ғылыми мәлімет беретін мамандар саусақпен санарлық. Біз Алматыдағы Зоология институтының энтомология бөлімінің жетекшісі Сергей Владимировичке хабарласып сұрағанымызда, араны зерттейтін ғалымдардың жетіспейтінін, ертеректе зерттеген Т.Мариковскаяның дүниеден өткенін жеткізді. Т.Мариковская 2001 жылы өмірден қайтты, содан бері бір маманның бұл салаға жоламауы бізге де қызық көрінді. Қазақстандағы жағдайдың анық-қанығын білу үшін омарташыларға хабарластық.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Аккредиттелген қауымдастық мүшесі, омарташы Бауыржан Бельдешов елде араларды емдейтін дәрігер мамандар мен ғалымдардың жетіспейтінін айтты.
– Оңтүстік-Батыс мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында ара шаруашылығы бөлімі жұмыс істейді. Өкінішке қарай, араның неден ауырғанын анықтап беретін мамандар да, лаборатория да жоқ. Біз осы ауру шығар деп өз бетімізше әрекет жасаймыз. Одан жағдай реттелмесе, қарт омарташылардан сұраймыз. Әртүрлі шөпті қайнатып, қантпен араластырып береміз, адамға беретін дәрілерді де пайдалануға тура келеді. Бұрын егін шаруашылығында жүргендер бал арасы болмаса да, өсімдік тозаңданады дейтін. Қазір пестицидтердің кесірінен жабайы аралар да қырылып жатыр. Оны біліп, зерттеп жатқан адам жоқ, – дейді Б.Бельдешов.
Білікті маман елімізде, әсіресе көктем кезінде америкалық шірінді, еуропалық шірік ауруы да кең таралатынын айтады. Қазақстанның климаты шұғыл континенталды болғандықтан, наурыз айының онына қарай қатты суық араларға кері әсерін тигізеді. Күн жылы кезде ара дернәсілін салып қояды, ал күн дереу суытып кеткенде балапандары қараусыз қалып, осылайша шірінді ауруы шығады.
Бұл орайда Алматы мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтына ара ауруларымен күрес жөнінде ақпар сұрап хат жолдадық, бірақ одан жауап болмады. Қазір жыл өткен сайын араның түрлі ауруы өршіп тұр. Ара да адам секілді ауырады, іші өтеді, тіпті өзіне тән сал ауруы бар. Оны ғылымда «ара коронавирусы» дейді. Вирус жұқтырған кезде аралар қатты дірілдей бастайды, ұша алмай, кейін өліп қалады. Ауру белгілері алты күннен кейін ғана байқалады.
Ал Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Ветеринария және зооинженерия факультетінің оқу ісі және тәрбие жөніндегі декан орынбасары Нұрәділ Нұрбекұлы бұл салада зерттеу жұмысы жүріп жатқанын мәлімдеді.
– Араның биологиясы мен мінез-құлқы ғылыми тұрғыдан зерттеліп келеді. Мысалы, энтомология саласында аралардың бағыт табу қабілетін, «би қимылдары» арқылы бір-біріне ақпарат беруін зерттейтін шетелдік ғалымдар бар. Қазақстанда ара морфологиясы, генетикасы, аурулары зертханалық деңгейде тәжірибелер жасалып жатыр. Әзірге «ара дәрігері» мамандығы жоқ. Дегенмен отандық ғалымдар варроатоз, ноузематоз сияқты кең тараған ауруларға қарсы әртүрлі тәжірибе жүргізіп келеді. Ғылыми ізденісім Қазақстанның оңтүстік-шығыс аймағында өсірілетін ара морфологиясы мен шаруашылыққа пайдалы қасиетін зерттеуге арналған. Біз қанат индекстері, морфо-генетикалық талдау арқылы олардың шығу тегі мен бейімделу ерекшеліктерін анықтап, болашақта селекциялық желі құруға негіз болатын мәліметтер жинақтап келеміз. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні пайдаланып араларды бақылау, ауруды ерте анықтау бойынша да идеямыз бар, – дейді ғалым.
Ғалымдардың алдағы мақсаты – зерттеудегі ерекшеліктерге сүйене отырып, отандық селекциялық бағыт қалыптастыру. Әзірге бұл уақыт еншісіндегі іс демекпіз.
«Бал-Ара» қауымдастығының вице-президенті Ғабит Нұрәділұлынан да ара аурулары туралы білдік. Ғабит мырза қазір Даниядағы омарташылар форумында жүргенін, шетел тәжірибесін баяндап берді.
– Әлемді толғандырған үлкен мәсе-ле – кене, араның варроатоз ауруы. Конгресс барысында антибиотиксіз емдеу жолдарына көңіл бөлдік. Данияда жылу арқылы емдеу, шөптермен, органикалық заттармен емдеу қолға алынған. Қазір елімізге жыл сайын Өзбекстаннан 200 мыңнан аса пакет ара тұқымы әкелінеді. Сол пакеттермен бірге араның әртүрлі ауруы да келіп жатыр. Одан соң фермерлер жоғары класты пестицидтерді қолданып, алқаптарды өңдеген кезеңде омарташыларға ескертпей, көптеген ұя қырылып жатыр. Бұдан соң құрқылтайлардың да араға зияны тиіп жатыр. Әр омарташы мұнымен әртүрлі тәсілмен күресіп бағуда. Араның жабайы түрлері де бал арасына шабуыл жасайды. Осы мәселелер төңірегінде де шетелдік әріптестермен талқылау жасап жатырмыз, – дейді кәсіби омарташы.
Копенгагендіктер балконда ара ұстайды
Ғабит Нұрәділұлынан Скандинавия елдеріндегі ара шаруашылығы туралы бірталай мәлімет алдық. Маманның сөзінше, Данияда омарташылардың 90%-дан астамы – әуесқойлар. Данияның әр азаматы бір жылда 700 грамм бал жейді, ал елімізде бір адам жылына 50 грамм ғана тұтынады. Әрине, екі көрсеткіш арасы жер мен көктей. Омарта ісінің тұралап қалғанын осы көрсеткіш те растап тұрғандай.
– 2025 жылы Апимонджаның конгресінде Скандинавия елдері бірлесіп омарташылар форумын өткізуге ұсыныс тастаған. Оған Венгрия қарсылас болды, бірақ дауыс беру нәтижесінде бірлескен елдерге жолдама бекітілді. Скандинавия елдерінде 28 мыңдай омарташы бар, омарташылар конгресі Данияда өтті, Щвеция, Норвегияға тек турға бардық. Дания омарташылығын айтсақ, 100-150 мың ара жанұясын ұстайды. Гренландия аралының оңтүстігінде де қара орман арасын өсіреді. Омарташылар тозаңдандырудан жақсы табыс табады. Дания – энтомофильді дәнді дақыл өсіруден Еуропада алдыңғы қатарға ие мемлекет. Данияда қалалық омарта шаруашылығы жақсы дамыған. Копенгагендіктер үй төбесі, балконда да ара ұстай береді. Бізге де бұл қажет деп ойлаймын. Кеңес үкіметі кезінде мұндай тәжірибе болған. Алматының дәліздерінде, балкон-шатырларда, саябақтарда ұстайтын едік, – дейді Ғ.Нұрәділұлы.
Айта кетерлігі, омарташы мамандығы да дүниежүзілік деңгейде қартайып барады. Бұлай деуіміз – бала кезден омарташы боламын деп армандайтын жастардың аздығы. Елде омарташыларды қолдауға арналған қолдаудың тетіктері толық қарастырылмай тұр. Омарташыларды қолдап жүрген ұйымның бірі де, бірегейі – «Бал-Ара» омарташылар одағы. Қоғамдық ұйым омарташылыққа қызығатын жастарға шетелде ақысыз білім алуына мүмкіндік беріп, жүздеген шәкірт тәрбиелеп шығарған. Жас мамандарға заманауи қондырғы-құрылғылар алуға қаржы беріп, несиені балмен өтеуге де мүмкіндік берген.
– Елімізде нақты қанша омарташы еңбек ететіні белгісіз, болжаммен 12 мың омарташы бар. Былтыр 5 мың тоннаға жуық бал алдық, орта есеппен 450 мыңдай омарта жанұясы бар. Қазақстан климатына карпатка, карника, орта орыс тұқымы бейімделген. Бір ара 150 түрлі шөптен тозаң жинайды. Тау балы, орман балы, дала балы, күнбағыс, қарақұмық балын алу қолайлы. Біз осы жөнінде үш тілде кітап та шығарғанбыз, омарташыларға да пайдасын тигізіп отыр. 2009 жылы омарташылар одағын құрған кезде бал өндірісі 1 мың тоннадан аспаған еді. Бұдан кейін қызығушылық пайда болды, әр өңірге барып омарташыларды оқыттық, тәжірибе алмастық. Отандық мамандарды Ресейдегі омарта академиясына 3 мәрте, әртүрлі деңгейдегі омарташыларды Израильге 8 мәрте жібердік. 9, 11-сыныпты аяқтаған талапкерлер Польша мен Словакия елінде оқып жатыр, – деп баяндады вице-президент.
Жас омарташы тәжірибесі
Жақында Польшадағы оқуын аяқтап, елге оралған омарташы Әлихан Наурызбайдан да ара ісі жөнінде сұрап білдік. Жас маман Алматы облысының Талғар ауданында кәсібін бастаған.
– Польшада ара шаруашылығын дамытудың көп жаңа тәсілін көрдім. Ұнағаны, олар бәрін жүйелі, нақты есеппен істейді. Ара ұясындағы температура мен ылғалды арнайы құрылғылар арқылы бақылайды. Бізде де сондай технологияларды енгізсек, өнім сапасы, ара денсаулығы да жақсырақ болар еді. Елімізде де саланы оқыту дамып келе жатыр, бірақ тәжірибе аз, көбіне-көп теория беріледі. Польшада оқып жүріп, практикада Аустрия, Чехия омарташыларынан білім алдым. Көктемгі ауа райының құбылмалығы – үлкен сын. Мұндай кезде ең алдымен ұяларды жылу мен желден қорғауға мән беремін. Қыстан шыққан соң араларды бірден кеңейтіп жібермей, аздап уақыт беремін. Қосымша қорек пен табиғи жылыту әдістерін қолданамын. Кейде пленка немесе қосқабатты қақпақ пайдалану да жақсы нәтиже береді. Ұядағы ылғал мен температураны тұрақты ұстап тұру керек, сонда аралар аман қалады, – деді Ә.Наурызбай.
Әлихан омарташы Қазақстанда шетелдік тұқымдар көбірек тарағанын, отандық тұқыммен айналысып жүрген мамандардың аздығын да айтты. Отандық тұқымды өсіру – ұзақ әрі күрделі жұмыс. Ғылыми-зерттеу мен қолдау аз болғандықтан, бұл бағыт та баяу дамып жатыр.
Аш ара ашуланшақ келеді
Жас маман омарта шаруашылығында жер бөлу мәселесі толық шешілмегенін, көп омарташы жерді уақытша жалға алып жұмыс істейтінін жеткізді. Тағы бір қиындық, ара өнімдерінің бағасы тұрақсыз және кейде сапа бақылауы әлсіз. Бұл турасында Республикалық ара шаруашылығының Оңтүстік аймақтық филиалының директоры Бауыржан Бельдешовтің әңгімесін тыңдадық. Оның сөзінше, Үкімет тарапынан мал және егін шаруашылығына қатысты өсімдіктерді дамытуға арналған бағдарламалар, техникалар жасалды, бірақ омарта шаруашылығына қатысты арнайы бағдарлама жоқ.
– Жер бөлу мәселесі бізге үлкен арман болып тұр. Ара шаруашылығына жер бөлінбейді, бөлінгенін көрген де емеспін. Ара 5 шақырым жерге дейін ұша алады, арқандаулы ат секілді ары қарай кете алмайды, ары кетсе, ұясына жете алмай қалады. Сондықтан жайылым тар, араны көп мөлшерде ұстай алмаймыз. Шаруашылықты үлкейте алмауымыздың себебі де – сол. «Итті сүйекпен ұрсаң, қыңсыламайды» деген мақал бар ғой. Жер берілетін болса, омарташы шырын, тозаң алу үшін әртүрлі уақытта гүлдейтін өсімдіктер, рапс, қыша өсіре алады. Мол гүл болса, араның да қуаты, иммунитеті мықты болады, онша-мұншаға ауырмайды, – дейді Б.Бельдешов.
Маман кеңес кезінде омарта ұстауға қатысты шектеулер мен нормалардың болғанын айтты. Мәселен, ештеңе егілмеген жерге 50 ұя ұстауға ғана рұқсат етілген, одан көбейсе, ара ашығады. Ал қазір ауылдық өңірлерде кейбір омарташы 500-1000 ұяға дейін ұстайды. Ондайда аш ара ашуланшақ, ызақор боп, айналасын шаға бастайды, одан соң көрші-қолаң шағымданады. Амал жоқ, осының салдарынан да сала ақсап тұр. Омарташылар жері бар, шөбі бар мамандарды жағалап, соларға ақысын төлеп жүр. Бір қызығы, шетелдік фермерлер тозаңдандыру ісінде арнайы ара ұяларын алдырып, керісінше, омарташыларға ақша төлейді екен. Омарташылар балдан емес, тозаңдандырудан ақша тауып отыр. Қазір еліміздің шығысымен қатар солтүстігінде де күнбағыс өсіру дамып келеді. Б.Бельдешов солтүстікте күнбағыстан мол өнім алу үшін ара арқылы тозаңдандыру мүмкіндігі бар, бірақ сол мүмкіндік іске аспай жатыр дейді.
– Тозаңданбаған күнбағыстың гүлі бос болады, яғни дән байламайды, сондықтан солтүстікке ара көшіруді қаржыландырса деймін. Араны алып келудің өзі көп шығынды, уақытты талап етеді. Тәуекелі мен қаупі де жоқ емес, араны тек түнгі уақытта көшіреді, жаздыгүні түн өте қысқа, азғантай жер жүре аламыз. Мысалы, Шымкенттен Қостанайға бес түн жүріп жеткен кездер болған. Жол ыстық болады, араға суын құю керек. Сосын ұяны жол бойына қоя алмайсыз, олар ары-бері ұшады. Жолдағы көліктерге соқтығысады, сөйтіп қырылады, шығындар болады. Барған кезде бал бола ма, болмай ма, қысқасы, тәуекелге баруға тура келеді. Сондықтан шетелде әр ұяға төленетіндей бізде де ақы берілсе, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Б.Бельдешов.
Негізінен, азық-түлік мәдениетінің 75%-ы тозаңданумен тікелей байланысты. Жабайы өсімдіктердің 90%-ы ара, қоңыз, көбелектерсіз көбейе алмайды. Өсімдік тозаңданбаса, азық-түлік мәселесі де ушыға түседі.
Білмеген у ішеді
Кейінгі кезде елге арзан, сапасыз балдың импортталуы тұтынушылардың денсаулығы мен омарташылардың жұмысына зиян тигізіп отыр. Арзан, жалған бал омарташылардың бәсекеге төтеп бере алмауына әкелді.
– Қантты қайнатып-қайнатып, оны араға беріп, өлместің қамымен балға айналдырып отырғандар, араға бермей-ақ қолдан бал жасайтындар да бар. Сондықтан төмен бағамен келеді, омарташылар ол бағаға ілесе алмайды, халық қайсы таза бал екенін ажырата алмайды. Қазақ-қытай шекарасына да жасанды балдың бірінші болып барғаны жанға батады. Қытай азаматтары оны қазақтың табиғи балы деп алып, кейін сапасыз екенін білгенде бізден көңілі қалады. Бұл беделімізді түсірді, – дейді Б.Бельдешов.
Бауыржан мырза елде жақсы зертханалардың болғаны дұрыс дейді. Сонда балдың жасанды, не табиғи екенін дәл анықтар едік. Жасанды балды кулинарияда балды алмастырғыш ретінде қолданып жатады, бірақ оны табиғи бал деп алдап сатуға болмас. Адамдар ем деп алған соң нағыз бал алуға тиіс. Негізінен, отандық бал өнімдері шет мемлекеттер үшін жоғары бағаға ие, бірақ бал құрамын зерттейтін зертхана жоқ. Шетелдіктер қызығуының себебі неде десеңіз, бізде егін алқаптарынан бөлек, бос жатқан далалы және таулы аймақтар бар. Зиянды қоспасы жоқ, табиғи, жабайы өсімдіктерден жиналған өнім әрдайым сұраныста болары анық. Бұл бағытта Қазақстанның әлеуеті жоғары болғанмен, арнайы бағдарлама, субсидия, қайтарымсыз, не төмен пайызды гранттар, банктік несиелер болмауы аяққа тұсау салады.
Бал болмаса, субсидия жоқ
Уақытында еліміздің шығыс өңірінде әр ұяға 10 мың теңгеден субсидия беріліп келген еді. Соның арқасында табиғаты қолайлы жерде кәсіп жүргізу үшін талай омарташы шығысқа қоныс аударған. Субсидия шығыс өңірінде 10 жылға жуық беріліп келді. Кәсіпкерлер сол уақытта жаңадан ұя сатып алды, араны қыста сақтайтын жертөлелер салды.
– Әкімнің жәрдемі тиіп, омарташылар еңсесін көтерген еді. Қазақстанның басқа түкпірлеріне де осындай қолдау керек. Қызылорда облысы керісінше, субсидия бермей, бюджеттен қарастырмай қойды. Бар нәрсені бермей омарташыларға үлкен зиян келтірді. Сыр өңірінің бойы ара шаруашылығына өте қолайлы. Ерте көктемнен қара күзге дейін еш жерге көшпей-ақ бал алуға мүмкіндік бар. Қызылордалықтардың субсидия ала алмай жүргеніне ішім ашиды, – дейді Бауыржан мырза.
Кезінде шығыс халқы әр ұяға 10 мың теңге көлемінде жәрдем алса, өзге өңірлер 5 мың теңге алып келген еді. Аз да болса бұл көмек селекциялық асылдандыруға оң әсер еткен. Биылдан бастап субсидия алудың нормалары өзгерді. Субсидия асылдандырылған ара санына емес, өнімнің мөлшеріне беріледі.
– Біріншіден, омарташы Республикалық омарташылар палатасына тіркелуі керек. Әр ұя 100 келі бал береді деп есептеледі. Бал алған соң әкімшіліктегі ветеринария бөлімінің қызметкерін шақыртасыз. Маман балдың мөлшерін көріп, сынама алады. Табиғи бал ма, сапасы төмен бе, соны анықтау үшін зертханаға өткізеді. Сізге қорытынды қағазын береді. Сіз дүкенмен бе, кәсіпорынмен келісімшартқа отырасыз, келісімшарт бойынша ақша банк жүйесі аясында өтуі керек. Осы құжаттарыңызды көрсетсеңіз, әр келі балыңызға 200 теңгеден субсидия беріледі. Халық әзірге үйрене алмай жатыр, бәлкім алда ақырындап үйреніп кетер. Бір жақсы жері, коррупцияның алдын алады. Себебі тікелей омарташы мен әкімдік, банк арасындағы қағазға бөтен адам араласа алмайды. Тек табиғаттың қолайсыз жағдайы кері әсер етті, – дейді Б.Бельдешов.
Биыл оңтүстік пен шығыс өңірінде қуаңшылық болып, бал аз шықты. Мұндай жағдайда субсидияға іліну мүмкін емес, тәртіп бойынша әр ұядан 100 келі шығу қажет. Демек, бал болмаса, субсидия да жоқ. Керісінше, солтүстік өңір үшін биылғы маусым қолайлы, өнімді болды. Өзге өңірдің омарташылары келер жылдан үміт күтіп отыр.
Араның уы – ем
Ғалымдардың зерттеуінше, омартамен айналысқан адам қарапайым адаммен салыстырғанда ұзағырақ өмір сүреді. Араның балымен қатар, оның сүті, наны, прополисі, түрлі өнімі адамға шипа, тіпті оның уы да дертке ем. 2015 жылы BBC News сайтына Кристи Уилкокстың материалы жарық көреді. Материалда 27 жасар Элли Лобельді кене шағып алып, Лайм ауруына шалдыққаны, ауруды қалай еңсергені баяндалады. Элли өзін кене шағып алғанын білмей, дәрігерлер дұрыс диагноз қоймай, ауруы асқынып, мүгедек болып қалады. Элли бұл ауруымен 15 жыл күресіп, соңында жарық дүниені, табиғатты соңғы рет көру үшін күтушісімен бірге Калифорния штатына кетеді. Сол арада оған жабайы аралар шабуыл жасап, Элли осымен өмірім бітті деп ойлайды. Керісінше, араның уыты Эллиға шипа болып, ертең өлем деген адам кеселінен құлантаза айығып кетеді. Ара уы Азия жерінде ғасырлар бойы емдік мақсатта қолданылған, өкінішке қарай қазір бұл саланы зерттеп, медицинада қолданып жүрген мамандар саусақпен санарлық. Дей тұрғанмен, Қазақстанда бұл салада зерттеу ісі кейінгі 30 жылда жасарып келе жатыр. Тек ғылыми орталықтар мен зертханалардың жоғы қол байлайды. Balshifa ағзаны тазарту орталығының негізін қалаушы, диетолог, валеолог Шахмарал Ағыбайұлы апитерапия жөнінде әңгімелеп берді.
– Омарташылар тек бал алып сатады немесе балмен ғана емдей ме деген түсінік бар. Негізінде, бал ара 10 түрлі өнім береді. Сол 10 түрлі өнімді адамның жасына, салмағына, бойына және мазалаған аурына байланысты, яғни антропомертиялық өлшеміне сәйкес ағзаға кезең-кезеңімен береміз. Кез келген адам 11 түрлі жүйеден құралған. Адам – кешенді түрде жұмыс істеп тұрған биологиялық субъект. Біз осы жүйелерді емдемейміз, кезең-кезеңімен тазартамыз. Адам ағзасына да толық тазару керек. Тұтынып жатқан ас, су, ауа арқылы да ағзада түрлі шлак, токсин жылдар бойы жиналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, бүкіл диагноздың 82%-ы асқазан-ішек жолынан, ас ішектегі мәселеден туындайды. Біз алдымен асқазан-ішек жолын тазалап, содан кейін оған ара өнімдері арқылы керекті дәрумен, макро, микроэлементтерді ұсынамыз, – дейді дәрігер.
Ара ісіндегі жетістікті де, түйткілді де сараптауға тырыстық. Бір қарасаң, кішкентай қанатты жәндіктің ғаламды құтқаруға қауқары қалай жетеріне таң-тамаша боласың…
Айсұлу СЪЕЗХАН