in

Қаржы бар, құлық жоқ

QazaqSut республикалық сүтті және аралас тұ­қым­ды ірі қара мал палатасының дерегінше, 2024 жылы Қазақстанда сүт өнім­­дерін өндіру көлемі 2,23 млн тон­на, ал іш­кі тұтыну 2,73 млн тонна болған. Бұл сан­дар­ға сәйкес, өндіріс сұраныстың шама­мен 82-83%-ын қамтамасыз етіп, импорт 25%-ды құраған. Бір қара­ғанда ішкі нарық­ты отандық өніммен қамтама­сыз ету көлемі жаман емес сияқты. Алайда шындық басқа. Себебі Қазақстан 2023 жылы сүт және сүт өнімдерін сырттан са­тып алу үшін ресми мәліметтерге сәйкес, 406 миллион доллар жұмсаса, 2024 жылы бұл көрсет­кіш 410 миллион долларға де-й­ін өсті. Импорт кө­лемі де артып, былтыр елге шамамен 183 мың тонна сүт жә­не сүт өнім­дері жеткізіл­ген. Әсіресе, құрғақ сүт­тің 80%-ы импортқа тәуелді болса, қою­ландырылған сүт им­­порты – 68%, ірімшік пен сүзбенің импорт­тық үлесі 47,6%-ды құрайды.

Мұның себебін «Қазақстандық сүт өнеркәсібінің Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерімен бәсекелестік қа­біле­тіне ең бірінші еркін сауда шарттары және жеке қосалқы шаруашылықтардағы ши­кізат­тың сапасы әсер етеді» деп түсін­дірді Ауыл шаруашылығы министрлігінің ма­ман­дары бізге берген жауабында. 

«Статистика бойынша жалпы өндіріл­ген сүт көлемі салыстырмалы түрде жо­ғары болғанмен (2024 жылы 3,5 млн тонна шикі сүт өндірілген), оның басым бөлігі (яғни, 2,2 млн тоннасы) жеке қосалқы шаруа­шылықтарда өндіріледі. Импортқа тәуел­ді­лікті азайту мақсатында 2023 жыл­дан бастап елімізде арнайы бағдарлама іске қос­ылды. Бұл бағдарлама бойынша тауар­лы-сүт фермаларды салу және кең­ей­ту мақ­саттарына 2,5% мөлшерлемемен 10 жыл­дық мерзімге жеңілдетілген несие­лер беру көзделді. 2023-2024 жылдары бағ­дарлама бойынша 100 млрд теңгеден бөлін­ді, 2025 жылы  200 млрд теңге көз­делген», – дейді министрлік өкілдері. 

Жалпы, мемлекет сүт өнеркәсібін өр­кендетуге қаржыны есепсіз құйып жатыр десек болады. Бірақ шалқыған шаруа­шы­лықтың да, отандық өнімге қарық болған тұтынушының да қарасы көрінбейді. Үкі­мет­тен бастап, кәсіпкерлерге дейін арқа­лауға тиіс жауапкершілік жүгі қандай екені де анық емес.

Қаржы, биржа, макроэкономика са­рап­шысы, экономист Айбар Олжай сала­ның тұралап қалуының бірден-бір себебі жем­қорлық екенін айтады. Ол осыдан 15 жыл бұрын болған жемқорлық, жобаларды ая­ғына жеткізбеу және жобаға нақты адам бекітілмеуі және жауапкершіліктің бол­мауы  қазақстандық сүт дегенде дамымай, кенжелеп қалған саланы көзге елестетуге әкеледі дейді.

– Кезінде белгілі бір тауарлы сүт фер­масы деген идея болған. Сол жобада үлкен жемқорлық болғаны есімізде. 2012 жыл­дары басталған жобаны 3-4 жыл бойы ешкім ешқандай дұрыс ұйымдастыра алмай, желге ұшқан қаржы, қаңырап қал­ған өнеркәсіп қалды. Сол уақытта Қазақ­стан өзінің үлкен бір сүт индустриясынан айырылды. ЕАЭО құрылды да арзан Бел­арусь ірімшігінің бізге келуі, Қырғыз­стан­ның одаққа қосылуы, олардағы арзан сүттің бізге келуі отандық дамымаған сүт имфра­құры­лымын қайтадан қалпына келтіруге мұрша бермеді. Бар имфрақұры­лымды жаңғыртудың орнына бар жобаны талан-таражға салып, жемқор­лық сал­дары­нан сүт өндірісі тұралап қалды. Біз көп позиция бойынша қатты ұтылдық. Біріншіден, құр­ғақ сүт өндірісін елімізде неге дұрыс ұйым­дас­тыра алмағанымыз әлі күнге дейін түсініксіз. Екіншіден, ірімшік өндірісін Қазақстанда оп-оңай жасауға болар еді. Кезінде елімізде мамандар да болды, технология да болды. Қазір таза құрғақ сүт пен ірімшік бойынша түгел тәу­елдіміз. Қазақстанда баяғыдан қалып­тасқан тау­ар­лы сүт фирмалары, сүт өндіру, сиыр сауу технологиялары бар еді. Біз қол­да бар индустриядан неге екені бел­гісіз, айырылып қалдық, – деді А.Олжай.  

Сауда орындары отандық өнімді қолдауға құлықсыз

Сүт өнімдерін өндіруші кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігі мен әсер ететін фак­торларға тоқталғанда ескерілуі әрі мем­ле­кет тарапынан шешілуі керек қорда­лан­ған түйткілдер бар. Мәселен, биыл шіл­де ай­ын­да Үкімет «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне отандық тауар өндірушілерді қолдау мә­селелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдамады. Егер заң қабылданғанда, Үкімет бизнеспен бірлесе отырып, «жабайы нарық жағдайын­дағы сүт өнер­кәсібінің аяқтан тұруына мол мүмкіндік туатын еді» дейді мамандар. Сарапшы­лар­дың пікірінше, Үкіметтің бұл заң жобасын қолдаудың орнына теріс пікір білдіруі күт­пе­ген жағдай. Бюджет тапшы­лы­ғы жағдайында салықты көбейту жол­дарын іздеген Үкімет үшін бұл заң жобасы бала­ма табыс көзі болар еді. Өйткені отан­дық өндіріс көлемін арттыру салық түсімдерін де көбейтер еді.

Осы орайда біз Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетовтен «Саланың аяққа тұруы және отандық сүт өнімдерінің им­портпен бәсекелесе алуы үшін не істеу керек? Дүкен сөрелерін өзіміздің өнім­дері­мізбен қамтамасыз етудің шешімі бар ма?» деп сұраған едік. Депутат «Бірінші мәселе, ЕАЭО-ға мүше Ресей мен Бел­арусьте сүт өндірісі өте мықты дамыған. Сондықтан олар санкцияға байланысты сүт өнімдерін көбіне біздің нарыққа жіберуге мәжбүр болып отыр» деп жауап берді.

– Бұл елдер өздерінің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуде және кәсіп­орындары әлдеқайда үлкен, логистикасы мен шикізат базасы жақсы дамыған. Ол­арда транспорттық субсидия деген бар, олар логистиканы ақшамен жабады. Сондықтан Воронежде шығарған сүт өнім­дері мен Қызылордаға әкелген сүт өнім­дері­нің бағалары бірдей. Сөйтіп, біздің өнімдерді сауда орындарында қи­ын­дықпен сатамыз. Олармен бәсекелесе алу үшін баға төмен, сапа жоғары болуы керек, бірақ олай болмай тұр. Түйінді шешудің бір жолы – өзіміздің кәсіпкерлер үшін инвестиция көлемін арттыру мен отан­дық өнімді қолдау шараларын көбейту, – деді ол. 

Сондай-ақ депутат биыл шілдеде Үкімет заң жобасын неге қабылдамағанына да тоқталды.

– Ішкі нарыққа импортталған өнім көп кіріп жатыр. Соның ішінде көлеңкелі тауарлар көп келеді, мұны «сұр импорт» дейді. Қазір біздің шекара ашық-шашық, ірі көлемде кірген тауарға ешкім салық төлемейді. Шекарада бақылауды қатаң­дату керек. Ал заң жобасына келсек, қара­ған кезде сауда орындары отандық өнімді қа­былдауға қолдан көп кедергі жасап қойға­нын білдік. Олар өндірушіден қос­ымша бонустар, қаражаттар сұрайды. Тағы бір мәселе – мал әкелу. Жаңа салын­ып жатқан фермаларға көп өнім беретін мал, сиырлар­ды шетелдерден әкелеміз. Статис­тика бойынша 25 пайыз ғана фермаларды отан­дық сапалы, құнарлы малмен қамтама­сыз ете аламыз, қалған 75 пайызын шетел­ден әкелеміз. Көбіне Еуро­па елдерінен, Ресей­ден алдырамыз. Қазір Еуропадан мал әкелуге үлкен кедергі бар. Ресей бізге Еуро­падан мал әкелеміз десек, ол жақта мал ауруы шық­ты деп транзитті жауып тастады. Сондық­тан қазір фермерлер, инвесторлар малды шетелден әкеле алмай қиындық көріп жатыр, – деді депутат.

Санға сай сапа болмай тұр

Қазақстан салаға есепсіз қаржы құйып жатқандай көрінгенімен, тамақ өнер­кә­сібіндегі мемлекеттік қолдау деңгейі шама­мен 5%-ды құрайды, ал Ресейде бұл – 10%, Беларуссияда – 15%. Бұл жағ­дайда отандық сүт өндірушілер өз өнімін арзан бағаға сата алмайды. Отандық өндірушілер қолдағы бар шикізаттың өндіру шығынын да жаба алмай отыр. Себебі өнімнің нарыққа жету жолында үлкен кедергілер бар. Әрі арзан импорт тұрғанда жергілікті сауда желілері өз пайдасын ойлап, дүкен сөрелерінен өздеріне ақшалай кіріс түсетін өнімге орын береді. Шағын шаруа қожалықтарында логисти­ка, салқындату, өңдеу инфрақұры­лы­мы жетіспейді.

Дегенмен Үкіметтің 2017 жылдан бері жеке және қосалқы шаруашылықтарды (ЛПХ) қолдау мақсатында жүзеге асыры­л­ған «2000 литрге дейінгі сүтті санитарлық талаптарға сәйкес, күнделікті бірнеше литр­ден бірнеше жүз литр фермерлерден жинап, салқындатып ірі сүт өндіретін зауыттарды шикізатпен қамтамасыз ету» жобасының нәтижесінде кәсібін дөңге­летіп отырған азаматтар жоқ емес.

Ұлттық статистика бюросының дере­гіне сәйкес, жыл сайын елімізде сауыла­тын шикі сүттің 88%-ға жуық мөлшері шағын шаруа қожалықтары мен екі-үш сиыры бар ауыл тұрғындарынан жинала­ды. Бірақ шағын кәсіп иелері мен шағын шаруа қо­жалықтарынан жиналған сүттің тазалығы, микробиологиялық құрамы қауіпсіздік талаптарына сай келе бермейді. Оның үстіне, 2025 жылдың қаңтарынан бастап ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер шикі сүттің микробиологиялық құрамына тех­никалық регламентті күшейткелі жатыр. Сондықтан шикі сүт ЕАЭО талабына сай болуы үшін сиыр арнайы сауын машина­сы­мен сауыл­ып, бірден салқындатқыш-танкерге құйы­луы керек. Шикі сүттің 90%-ға жуығын сүт зауыттарына жеткізіп отырған шағын шаруа қожалықтары мен ауыл адамдары дәл қазіргі жағдаймен бұл шартты орындай алмайды.

С.Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ Ин­жи­ниринг және азық-түлік технология­лары институтының сүт және сүт өнім­дер­ін өң­дейтін цехының инженер-тех­нологы Бег­жан Калемшарив болса, 500 литрге дейін сүт дайындайтын фермер­лер­ге қамқорлық ауадай қажет дейді. Оның айтуынша, әрбір сүт дайындаушы фермерге сауылған сүтті қысқа мерзімде салқындатып, шикі сүтке қойылатын барлық талапқа сәйкес шикі­зат­ты ауыл ішіндегі цехтарға өткізу мүм­кіндігін жа­сап, қолдау көрсету керек.

– Сапалы өнім өндіру сүтті алғашқы өңдеумен тікелей байланысты.Біз тұты­натын өнімнің сапа көрсет­кіштеріне ғана емес, құрамына да аса мән беруіміз керек. Яғни, ірімшік және ірім­шік негізіндегі өнімдердің айырмашылығы құрамында. Кейбір импорттық сүзбе және ірімшік не­гізіндегі өнімдердің құрамын­дағы майдың массалық үлесі өсімдік тек­тес майлармен алмастырылғандықтан, олар­дың отандық өнімдерден нарық бағасы әлдеқайда төмен. Яғни, олар та­биғи емес, жасанды қоспалар­ды көп қоса­тындықтан, өндіру құны да арзанға түседі. Ал өзіміздің сапаға сай, таза өнім­деріміз табиғи болған­дықтан да қым­батқа түседі. Ауылдарда арнайы цехтардың жоқтығы да аз әрі қымбат өнім шығаруға мәж­бүрлеп отыр. Егер ауылдарда арнайы шағын цех­тар, жылдам салқындатып сақ­тай­тын резервуар мен сорғылар болғанда шаруа­лар өнімін алаңсыз сақтауға, мол өнім өн­діруге мүм­кіндік туар еді, – дейді маман.

Жалпы, агроөнеркәсіптік кешенде зор әлеуетке ие Қазақстан 27,1 млн гектар егіс­тік және 183,2 млн гектар жайылымды қоса алғанда барлығы 219 млн гектар ауыл шаруа­шылығы жері бар көшбасшы ел сана­лады. Мұндай дарқан далада төрт түлікті түлетіп, қаймақ пен қатық қатқан отандық өніммен нарықты молынан қам­туға толық мүмкіндік бар. Алайда бұл әлеует толық пайдаланылып отырған жоқ. Егер қалауын тапса, ежелгі атакәсіп мал шаруашылығы ет те, сүт те, киім де бола алар еді. Жаңа тех­­нология, инновация, ин­вестиция деп көп айтамыз, бірақ азық-түлік қауіпсізді­гімен қатар ауыл экономи­касын дамытудың және халықты сапалы өніммен қамтамасыз етудің кілтін әлі тапқанымыз жоқ.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ