in

ХАМАС келісімге дайын, Трамп Газадағы шабуылды тоқтатуды сұрады

Палестинаның ХАМАС тобы өз қолындағы барлық израильдік тұтқындарды – тірілерін де, қаза тапқандардың мәйітін де қайтаруға дайын екенін жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты BBC сайтына cілтеме жасап. 

Осы мәлімдемеден кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Израильден Газадағы әскери соққыларды дереу тоқтатуды талап етті. Бұған дейін Трамп ХАМАС-қа ультиматум қойған болатын: егер топ жексенбі кешіне дейін оның Газа секторында бейбітшілік орнату жоспарын қабылдамаса, ол жойылатынын ескерткен еді. Жұма күні кешке ХАМАС өздерінің әлеуметтік желілерінде жариялаған мәлімдемесінде Трамп пен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ұсынған жоспардың кейбір тармақтарымен келісетінін білдірді.

«Соғыс қимылдарын тоқтату және Газадан әскерді толық әкету мақсатында қозғалыс президент Трамптың ұсынысындағы айырбас формуласына сәйкес барлық израильдік тұтқындарды — тірілерін де, мерт болғандарын да босатуға келіседі», – делінген ұйымның мәлімдемесінде.

ХАМАС сонымен қатар тұтқындарды босату тәртібін талқылау үшін делдалдармен келіссөздерді дереу бастауға дайын екенін айтты. Ұйым Газаны басқаруды «палестиналық ұлттық келісім мен араб-ислам әлемінің қолдауына негізделген тәуелсіз технократиялық органға» беруге келіскенін де мәлімдеді. Бұл хабарламадан кейін Дональд Трамп өзінің Truth Social желісіндегі парақшасында жаңа жазба жариялап, ХАМАС-тың ұстанымы оған «ұзақмерзімді бейбітшілікке дайындық бар екенін» аңғартқанын атап өтті.

«Израиль дереу Газаны бомбалауды тоқтатуы керек, сонда біз тұтқындарды тез әрі қауіпсіз қайтара аламыз! Қазір мұны жасау тым қауіпті. Біз егжей-тегжейлі мәселелерді келісу бойынша кеңесіп жатырмыз», – деп жазды Трамп.

Алайда ХАМАС Трамптың жоспарының басқа бөліктеріне тікелей қолдау білдірмеді, яғни Газаның және жалпы палестиналық аумақтардың болашағына қатысты мәселелер әлі талқыланып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, ұйым АҚШ ұсынған басты шарттардың бірі – ХАМАС-тың қару-жарақтан бас тартуы және Газаны басқарудан шеттетілуі туралы тармақты қолдамаған.

Трамптың жоспарына сәйкес, барлық 20 тірі қалған израильдік тұтқын босатылып, қаза тапқандардың денелері қайтарылған соң, 72 сағат ішінде соғыс аяқталуы тиіс. Ал Израиль жүздеген палестиналық тұтқынды босатуға міндеттеледі. 20 тармақтан тұратын жоспар ХАМАС-тың Газаны басқаруға қатысу мүмкіндігін толық жоққа шығарады және болашақта Палестина мемлекеті құрылуына жол ашатынын қарастырады. Дегенмен  Нетаньяху бұл жоспар жарияланған соң-ақ палестиналық мемлекетті құруға қарсы екенін тағы да мәлімдеді.

«Бұл келісімде ондай тармақ жоқ. Біз палестиналық мемлекеттіліктің құрылуына үзілді-кесілді қарсымыз», — деді ол Ақ үйдегі рәсімнен кейін жазылған видеоүндеуінде.

Жоспардың тағы бір бөлігі бойынша, екі тарап келісімге келген бойда Газада толық көлемде гуманитарлық көмек жеткізіледі. Ал секторды уақытша «технократиялық, саяси бейтарап палестиналық комитет» басқарып, оған халықаралық «Бейбітшілік кеңесі» бақылау жүргізбек. Бұл органды Трамптың өзі басқаруы мүмкін деп көрсетілген.

Трамптың ультиматумы мен ХАМАС ұстанымы

Трамп Truth Social желісінде жариялаған жазбасында ХАМАС егер жексенбі кешіне дейін оның бейбітшілік жоспарын қабылдамаса, топ «жойқын соққыға ұшырайтынын» ескерткен.

«ХАМАС-пен келісім жексенбі күні, Вашингтон уақытымен сағат 18:00-ге дейін жасалуы тиіс. Бұл — соңғы мүмкіндік. Егер ол пайдаланылмаса, ХАМАС бұрын-соңды болмаған тозақ отына тап болады. Таяу Шығыста бейбітшілік орнайды — қалай болғанда да!» — деп жазды АҚШ президенті.

Сондай-ақ Трамп «бейбіт тұрғындарды болашақ соғыс қаупі бар аймақтардан дереу кетуге» шақырды. БҰҰ өкілдері, өз кезегінде, Газада «қауіпсіз аймақтар қалмағанын» мәлімдеді. ЮНИСЕФ өкілі Джеймс Элдердің айтуынша, Израиль белгілеген оңтүстіктегі аймақтар «өлім аймақтарына айналған». Түркия мен бірнеше араб елі, делдал ретінде, ХАМАС-ты Трамптың жоспарын қолдауға көндіруге тырысқан. BBC дерегінше, делдалдар қозғалыстың әскери қанатының жетекшісімен байланысып, ол АҚШ ұсынған атысты тоқтату жоспарына қарсы екенін білдірген.

AFP агенттігіне сұхбат берген дереккөздің айтуынша, ХАМАС келісімнің кейбір баптарына, әсіресе қарудан бас тарту мәселесіне өзгерістер енгізуді қалаған. Сонымен қатар ұйым Израильдің әскерін Газадан толық әкетуіне және топ мүшелерін ел ішінде немесе одан тыс аймақтарда өлтірмеуіне халықаралық кепілдік талап етіп отыр. Қатардағы саяси басшылық бұл жоспарды түзетулермен қабылдауға дайын болғанымен, олардың ықпалы шектеулі, өйткені тұтқындар олардың бақылауында емес. ХАМАС өкілдерінің айтуынша, келісімнің 72 сағат ішінде барлық тұтқынды босату талабына қатысты да күмән бар, себебі бұл олардың басты «козырынан» айырады. Қазір қарулы топ палестиналық аумақта шамамен 48 тұтқынды ұстап отыр, олардың тек 20-сы тірі болуы мүмкін деген мәлімет бар.

Газа соғысы

Израиль қарулы күштері 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС жасаған шабуылдан кейін Газа секторында әскери операция бастаған еді. Сол күні шамамен 1 200 адам қаза тауып, 251 израильдік тұтқынға алынған. ХАМАС басқаратын Газа денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, сол уақыттан бері израильдік шабуылдардан 66 288 адам қаза тапқан. Тек соңғы тәуліктің өзінде 63 адам көз жұмған. Қазір Израиль әскері Газа қаласына басып кіруді жалғастырып жатыр. Израиль қорғаныс министрі әскерлердің қаланы толық қоршауға алғанын мәлімдеді. Израиль билігінің айтуынша, бұл операцияның басты мақсаты — қалған тұтқындарды босату. Соттар мен қақтығыстар салдарынан жүздеген мың тұрғын үйлерін тастап, Израиль «гуманитарлық аймақ» деп белгілеген сектордың оңтүстігіндегі әл-Маваси ауданына эвакуацияланған. Дегенмен әлі де жүздеген мың бейбіт тұрғын Газа қаласында қалып отыр.