Ауылдағы ағайын ежелден қорасын қойға, өрісін малға толтырып, маңдай тер, адал еңбегімен тірлік кешіп келеді. Теміржол торабында орналасқан аталмыш ауылда тұрғылықты халықтың біразы шойын жолды жағалап, осы салада табысты еңбек етіп жүр. Бұдан өзге ауылдық клуб, мектеп, дәрігерлік амбулаторияда жұмыс істейді.
Теміржол демекші, дерекке сәйкес, бұл ауылдық округтің тарихы Кеңес заманында осы аумақтан өткен теміржол желісінің құрылысымен тікелей байланысты. Яғни, сол кезеңде Аралқұм стансасы мен оған қарасты елді мекендер теміржол саласына қызмет ету пункттері ретінде құрылыпты. Содан бері пойыздардың үздіксіз жүру қозғалысын қамтамамыз етіп, теміржол саласындағы стратегиялық маңызын жоғалтқан емес.
Мәліметке сәйкес, бүгінде ауылда 1300-дің үстінде халық қоныстанған. Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған аталмыш стансада атакәсіптің желкенін керіп, сүті мен майын, ірімшігі мен құртын сатып, күнкөріс қамын күйттеп жүргендер қарасы қалың. Бұған күрежол бойында, ауылға кіреберіс тұсында айраны мен сүтін сатып отырған ауыл тұрғындарының көрінісі айқын дәлел.
Дей тұрғанмен, ауылды айналып өтпей, сәл аялдасаңыз, ел ішінде халықты толғандырған қатпарлы мәселелердің ұшы қылтиып көрініп қалады. Береке мен бірлігі жарасқан алақандай ауылдың сырты бүтін болғанымен, іші түтін күйде тұрғаны аңғарылады. Ауыл халқының базынасы осыны байқатты.
Аудан орталығынан небәрі 40 шақырым қашықтықта қоныстанған алақандай ауылдың ахуалы күн санап төмендеп бара жатқаны тұрғылықты халықты толғандырып тұр. Бұл тұрғыда халық бірінші кезекте жарыққа жарымай отырғанына ашынады. Тұрғындардың пікіріне сәйкес, 230-ға жуық отбасы қоныстанған ауылда кешкілік уақытта электр қуаты күрт төмендеп кетеді.
Соның салдарынан тоңазытқыш сынды түрлі техникалық құрылғылардың істен шығуы қалыпты құбылысқа айналып кеткен. Мұны халық кеңес кезеңінен бермен қарай келе жатқан электр желілерінің ескіруімен байланыстырады. Ал аталмыш мәселе ауыл, аудан әкімдігіне талай айтылғанымен, нәтижелі жұмыс жүргізілмей тұрғанына ашынып отыр. Бұдан өзге ауылдық клуб ғимараты жоқ. Бұл да ауыл өнерпаздарына іс-шараларды өткізуде үлкен қиындық туғызып тұрғанға ұқсайды.
– Бұған дейін ауылымызда шамамен 1940 жылға дейін салынған клуб ғимараты болған. Бірақ бұл нысан тоқырау кезеңінде жекеге сатылып кетті. Алғашында кәсіпкер клуб ғимаратын кәсіптік мақсатта пайдаланды. Яғни, бильярд, наубайхана ретінде жұмыс жасаған еді. Кейіннен мүлде жұмысын тоқтатты. Содан бермен қарай ауылымызда клуб ғимараты салынған жоқ. Соның салдарынан ауыл өнерпаздары іс-шараларды мектептің акт залында өткізуге мәжбүр. Сол сияқты жарыққа қатысты мәселе де жүйкені жұқартып тұр. Әсіресе, жарықтың қуаты кешкі мезгілде 220-дан 160-қа дейін төмендеп кетеді. Қайбір жылдары осы олқылықты қалпына келтіру мақсатында қосалқы қондырғылар орнату жұмыстары қолға алынғандай болған. Бірақ басталған іс аяқсыз қалып қойды. Күнделікті жарықтың жайын айтумен шаршап отырмыз, – дейді ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Шайхыислам Ақмамбетов.
Аралқұмдықтарды көгілдір отынмен қамту мәселесі де көптен мазалайды. Бұған дейін ауылға газ тарту жайы жергілікті әкімдік тарапынан уәде етілген көрінеді. Алайда әзірге аталмыш жұмыстар бос уәде, құрғақ сөз күйінде қалып тұрғанын айтады. Тұрғылықты халықтың айтуынша, ауыл іргесінде, шамамен 10 шақырым қашықтықта газ құбыры өтіп жатыр. Соған қарамастан әлі күнге дейін белгісіз себептермен ауылды газдандыру жұмыстары басталмай тұрғанын алға тартады.
Ауыл халқын толғандырған мәселе жалғыз бұл емес. Елді мекенде аралқұмдық балаларды білім нәрімен сусындатып отырған жаңа білім ордасы бар. Іргесі қаланғанына көп уақыт бола қоймаған бұл мектеп заман талабына сай жабдықталып, балалардың сапалы білім алуына толық жағдай жасалған. Бүгінде ауыл мектебінде 285 оқушы білім алады деген ақпар бар. Оқушылардың басым көбі мектепке теміржолдың арғы бетінен қатынайды. Осы орайда ауыл балалары сабағына бару үшін жеті рельсті жүріп өтеді. Жеткіншектердің қауіпсіздігіне ешкім кепіл бола алмай отыр.
– Ауыл халқын теміржолдағы жаяу жүргіншілер өткелі көптен бері толғандырып тұр. Негізінен, Аралқұм стансасында бұрыннан екі өткел болатын. Оның бірі ауылдың оңтүстігіне қарай көршілес Қазалы ауданы аумағына салынған. Ал екіншісі аудан орталығы Арал қаласы жағында орналасқан. Яғни, екі өткелдің бірі Қазалы темір жолына қараса, екіншісі Аралдың Сексеуіл темір жолына тиесілі. Осы орайда түсінікті болу үшін айта кетейін, бұл жерде өткел деп отырғаным, ені 1 метрге жетпейтін рельс үстіне ағаштан салынған жаяу жүргіншілер жолы. Аралқұм халқын Арал тұсындағы теміржол өткелінің қазіргі күйі алаңдатады. Себебі, бұл өткел бұған дейін белгілі бір себептермен алынып тасталған. Бұл жайында Сексеуіл кентіндегі теміржол бөлімшесіне талай айтылды. Бірақ нәтиже жоқ. Нақтысы, Сексеуіл тарапынан өткел салуға рұқсат берілмей тұр. Содан бері тұрғындар арғы жақтан бергі бетке өту үшін жеті рельсті аттап өтіп жүр. Әсіресе, ойын балаларының қауіпсіздігіне қорқыныш басым, – дейді бұл жайында ауыл тұрғыны.
Халықтың уәжіне құлақ түрсек, өткелге қатысты өзекті мәселе адам өміріне қауіпті күшейтіп тұр. Тіпті бұған дейін теміржол маңында бірнеше қайғылы жағдайлар да болыпты. Жуырда ғана екі жасар баланы шойынжол бойында пойыз қағып, ата-анасы қайғыдан қан жұтып қалыпты. Бұл қайғылы жайтты ауыл халқы қорқынышты түстей еске алады. Қазіргі уақытта оқушылардың теміржолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп мұғалімдеріне жүктелген. Яғни, сабақ аяқталған соң ұстаздар тарапынан оқушыларды шойынжолдан өткізу міндеттелсе, арғы беттен ата-аналары тосып алып жүр екен. Дегенмен көптің көкейінде өткел салу ісін жеделдетпесе, бұл түйткіл теміржол бойында талай балғын ғұмырдың қыршынынан қиылып кетуіне себеп болмай ма деген үрей басым.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы