Polisia.kz порталының деректеріне сүйенсек, вейп сатушылардың біраз бөлігі заңнан тыс әрекетке көшкен. Құқық қорғау органдары айына кем дегенде екі рет ірі көлемдегі тауарларды тәркілеп жатады. Бірақ бұл қолға түскендері ғана. Интернетте әлі де жасырын арналар бар екені айтылып жүр. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер вейп бизнесін көтеріп жатқан мықты құралға айналды.
Қазақстанда электронды темекіге қатысты пікірталас ең алдымен жасөспірімдердің арасында оның кеңінен таралуынан басталды. Мәжіліс депутаттары мектеп пен колледж оқушыларының вейпке әуестігінің күшейгенін бұған дейін ортаға салған болатын.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының деректеріне сүйенсек, екі жыл бұрын әрбір оныншы жасөспірім электронды темекіні тартып көрген. Ал 15-17 жас аралығындағылар арасында қызығушылық екі есе жоғары болған.
Бұл мәселенің өзекті екенін жастардың өздері де растайды. Жастарды зерттеу орталығының 2024 жылғы есебінде көрсетілгендей, сауалнамаға қатысқан жастардың шамамен 15%-ы темекі, вейп, кальян немесе насыбай қолданатынын мойындаған. Ал 8%-дан астамы бұл жайтқа мүлде мән бермейтінін айтқан. Сауалнамаға қатысқандардың 3,8%-ы жағдайды өзгерткісі келетінін жеткізсе, 3,3%-ы алаңдаушылық танытқанымен, еш әрекет жасамайды екен.
Әлеуметтанушы Темірлан Төлеудің ойынша, вейптің жастар арасында көп таралуына бірнеше фактор әсер етеді.
– Әрине, кез келген құбылыстың артында бірнеше әлеуметтік факторды аңғаруға болады. Менің байқағанымша, қоршаған ортаның қысымы (peer pressure): жастардың көпшілігі вейпті алғаш рет достарынан көреді, ортада қалыптасқан сәнді ұстануға тырысады. Жалпы, жас кезде және әсіресе жасөспірім кезде тұлға трендте болғысы келеді, олар үшін бұл өмірлік кезеңде аса маңызды. Ары қарай бұл практика өзін-өзі көрсету де болуы мүмкін (self-identity): вейпті қолдану арқылы жастар өзін «заманауи», «еркін» немесе «креативті» топтарға жатқызуға бейім.
Бұған қоса, темекі өнімдерінің басқа түрлеріне қарағанда вейп нарығы кешірек бақылауға алынды, бұл оның жастарға тез таралуына әсер етті және бірінші кезекте қолжетімділігіне назар аударғанымыз абзал, – дейді әлеуметтанушы.
Естеріңізде болса, вейпке тыйым салынардың алдында қоғамда үлкен пікірталас болған еді. Бір тарап элек-тронды темекі кәдімгі шылымға қарағанда зияны аз десе, екінші тарап бұған қарсы шықты.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, бір жылдың ішінде – 2023 жылдың шілдесінен 2024 жылдың шілдесіне дейін Қазақстанда темекі тұтыну 22,6%-ға өскен. Яғни, күнделікті тұтыну 12,9 миллионнан 15,8 миллион данаға жеткен көрінеді.
– Қоғамда темекіге қарағанда вейп, араққа қарағанда сыра қаншалықты зиян деген сұрақтар көп қойылып жатады. Бұл дүниелердің ешқайсының жақсысы жоқ. Мұндай салыстырулар қоғамның тентектігін көрсетеді. Екеуі де тәуелділік шақыратын, көмір қышқыл газын түзетін, жүйке жүйесінің дұрыс оттегімен қоректенуіне зиянын тигізетін қауіпті заттарға жатады. Зерттемелерге сүйенсек, екеуінің де өзіндік зияндары бар, бірақ пайда жоқ, – деді нарколог Тоқтар Төлеуханұлы.
Вейп сатқанның жазасы қандай?
Қазақстанның Қылмыстық кодексіне арнайы 301-1-бап қосылды. Бұл бап вейп пен оған қатысты тауарлардың айналымына тыйым салады. Егер вейп, сұйықтық немесе хош иістендіргіш сатсаңыз, 200 АЕК көлемінде айыппұл (2025 жылы – 786 мың теңге) салынады. Сонымен бірге осынша мөлшерде түзеу жұмыстарына, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа немесе 50 тәулікке дейін қамауға алуы мүмкін.
Ал егер бұл өнімдерді елге әкелсеңіз немесе өндірсеңіз, айыппұл көлемі он есе артады – 2000 АЕК (2025 жылы – 7,8 миллион теңге). Бұған қоса, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту, екі жылға дейін бас бостандығын шектеу сияқты жазалар қарастырылған. Қылмыстарды қылмыстық топ жасаса, аса ірі көлемдегі кіріс алуды көздейтін немесе бірнеше рет жасалса, кінәлілерге 5000 АЕК (2025 жылы 19,6 миллион теңге) мөлшерінде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 1200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейін бас бостандығынан айыруға, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Дегенмен вейп тарту қылмыс емес. Яғни, сатуды немесе таратуды жоспарламасаңыз, үйіңізде сақтауға тыйым жоқ.
Өзге елдегі ахуал
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 2023 жылдың соңына қарай 34 ел электронды темекіні сатуға, жарнамалауға және пайдалануға тыйым салған еді. 88 елде вейп сатып алу үшін жас шектеулері жоқ, ал 74 ел бұл өнімдерді сатуды мүлдем реттемеген. Осы жылдың ақпанындағы деректерге сүйенсек, көптеген батыс елдерінде вейпингке тек кәмелетке толмағандарға тыйым салынған екен. Тұтынушылардың көпшілігі оларды еркін сатып ала алады. Ұлыбритания мен Францияның жаңалықтар порталдары өз елдерінде электронды темекі сатуға толық тыйым салуды ұсынатын саясаткерлермен бірнеше мақала жариялаған еді. Бұл мәселе әлі де талқылануда.
Көршілес Қытайда электронды темекі мен ұқсас құрылғыларды жеткізуші елде мұндай өнімдерді ішкі нарықта сатуға тыйым салынған, бірақ экспортқа шығаруға ешқандай шектеулер жоқ. Таиланд пен Түркия вейпингке салынған тыйымдардың орындалуын мұқият қадағалап отыр.
Қазақстанның Орталық Азиядағы және ТМД-дағы көршілерінің арасында Өзбекстан мен Қырғызстан сияқты көптеген ел электронды темекіге тыйым салуды көздеп отыр. Тәжікстан мен Ресей әлі күнге дейін вейптерді сатуға тыйым салған жоқ. Ал Қазақстанның солтүстік көршісінде толық тыйым салу туралы қоғамдық талқылаулар бірнеше жылдан бері жалғасып келгенімен нәтиже жоқ.
P.S.
Қазақстанда вейпке тыйым салынғанымен, жасырын сауда толығымен жойылған жоқ. Заң қатаңдатылып, айыппұлдар мен жазалар енгізілді, алайда жастардың вейпке қызығушылығы әлі де өзекті мәселе болып отыр.
Әсет ҚАЛИ