in

Миллиардер фильмдер

Экранға шыққан әрбір жаңа туындының артында үлкен еңбек пен есеп бар. Кино сыншылардың айтуынша, фильмдердің көбеюі сапаның артуына да, индустриядағы бәсекенің күшеюіне де ықпал етеді. Ең бастысы, көпшілік көңілінен шыққан фильм бір-ақ сәтте продюсерді де, шығармашылық топты да миллиардер атандыра алады. Біз қазақ киносындағы миллиардер фильмдерді санап көрдік.

Нұрлан Қоянбаевтың «Қа­зақ­ша бизнес» комедиясы – мил­лиард­­тық межені бағындырған ал­ғашқы отандық фильм. Кино әр жыл­да шыққан сайын бұл көрсет­кі­шінен түскен жоқ. Жалпы, елі­міз­дегі киноөнімінің 90%-ы ком­мер­циялық киноға тиесілі. 2023 жы­лы 67 фильм прокатқа шыққан. Олардың арасында көп касса жи­наған «миллиардер» бес фильм бар: Дариға Бадықованың «Тап­тым-ау сені», Нұрлан Қоянбаевтың «Үндістандағы қазақша бизнес», Қуаныш Бейсектің «Дәстүр», Ернар Нұрғалиевтің «Ең болмаса кинода – 2», Абдусаид Шайхис­лам­ның «Маған назар аудар», Мұ­рат Есжанның «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмдері. Ал былтыр бұл тізімді «Брат или брак 3», «Жездуха», «Қазақша бизнес Бразилияда», «Заманback» фильмдері то­лық­тырды. Биыл миллиардер ті­зі­міне «Рэкетир. Жаңа заман», «Мол­да», «Патруль. Соңғы бұй­рық», «Қолыңнан келсе, алып қаш», Qaitadan фильмдері қо­сыл­ды. Әртүрлі ақпарат көздерінің де­регіне қарағанда, Қазақстан ки­ноиндустриясы жыл сайын 17 мил­лиард теңге табыс табады. 

Киноны жарқырататын – жарнама

Мамандар мұндай та­быс­тың сыры – көрерменге жа­қын тақырып пен ұлттық юморда екенін айтады. Қарапайым қазақы отбасы, күнделікті тұрмыс, таныс кейіп­керлер экраннан көрініс тап­қанда, жұрт қызығу­шы­лықпен қа­­­­райды. Сонымен қатар техни­ка­лық тұрғыда да қазақ киносы алға іл­геріледі. Сапалы тү­сірі­лім, кәсіби ак­терлік ойын мен режиссерлік ше­шімдер отандық киноның жаңа дәуірін қалыптас­тырды.

– 2024 жылы қазақстандық 90 фи­льм прокатқа шықты, бұл –  ре­кордтық көрсеткіш. 2023 жылы 60 ки­но болған. Бұл – картиналар са­ны бір жарым есе өсті деген сөз. Кас­садан түскен түсімдер айтар­лық­тай, былтыр алты фильм миллиард теңгеден астам касса жинады. Солардың бірі – «Заманback» филь­мі. Біз жеке киноөндіріс ком­панияларында талантты, бел­сенді жастар бар екенін көріп отыр­мыз. Бұдан бөлек, веб-се­риал­дардың да саны артқан. Бұл – керемет. Қазақ киносы жан-жақты дамып, сан алуан жанр пайда болып жатыр деп ойлаймын. Егер бұрын тек комедиялар басым болса, қазір кинотеатрларда көрермендерді жинайтын драмалар мен қорқынышты фильм­дер шығып жатқанын көріп отыр­мыз, – деді киносыншы Кәрім Қадырбаев. 

Тек жеке киностудиялардың фильмдері ғана миллиард теңге касса жинады десек қателе­семіз. Биыл мемлекет қаржысына түсірілген фильм алғаш рет прокатта 1 миллиард теңге жинады. Қуа­нышты жаңалықты Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

«Қазақстандық режиссёр Думан Еркімбектің дебюттік толық­метражды фильмі Qaitadan үш апта ішінде 1 млрд теңгеден астам табыс жи­нап, отандық кинопрокатта көш бастады. Фильм – кино өн­дірі­сіне жұмсалған мемлекет қара­жа­тынан бес есе артық табыс тап­қан алғашқы жоба», – делінген бас­пасөз хабарламасында. 

Айта кетейік, Qaitadan – қазақ ки­носының жаңа белеске көте­ріл­генін айғақтайтын фильм. 2023 жы­лы питчинг жеңімпазы атанған бұл жоба Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігі және Ұлттық киноны қол­дау мемлекеттік орталығының қол­дауымен түсірілген еді.

– 2024 жылы отандық нарыққа 90 жаңа фильм қосылыпты. Бұл – тарихта болмаған үлкен көрсеткіш. Басым көпшілігін жекеменшік ки­ностудьялар түсірген. Бұрын ки­нотеатрларда қазақша кинолар аз еді. Ал қазір басым бөлігі – отан­дық туындылар. Мұның өзі үлкен жетістік, – дейді киносыншы Бау­бек Нөгербек. 

Сарапшылардың айтуынша, киноның тек жақсы түсірілуі аздық етеді. Соңғы жылдары миллиард тең­­геден астам табыс жинаған қа­зақстандық фильмдердің тағы бір құ­пиясы – дұрыс жүргізілген мар­кетинг­тік стратегия. Продюсерлер жаңа туындыны түсірмей тұрып-ақ әлеуметтік желіде әңгіме туғызады. Әр актердің жеке парақшасы жарнама алаңына айналса, трейлерлер теледидардан, YouTube пен Tik­Tok-тан түспейді. Көрермен фи­льм­­ді кинотеатрға бармай тұ­рып-ақ танып қояды. Кейбір жоба­лар премьера алдында арнайы шоу жасайды, актерлермен кездесулер ұйымдастырады. Бұл да көрерменді қызықтырып, алғашқы күннен-ақ билет сатылымын арттырады. Ендеше қазіргі қазақ киносының мил­лиардтық табысқа жетуі – тек сце­нарийдің емес, маркетингтің де жеңісі. Өйткені дұрыс жарна­ма­лан­ған фильмнің жолы ашық, көрермені көп. Мысалы, «Қазақша биз­нес» фильмі жарнаманың жаңа үл­гісін көрсетті. Премьера алдында ак­терлер елдің бірнеше қаласын аралап, көрерменмен кездесті. Әлеу­меттік желілерде арнайы хэштегтер мен әзіл видеолар таралып, фильмге деген қызығушылықты кү­шейтті. Ал «Таптым-ау сені», «Қо­лыңнан келсе, алып қаш» ро­ман­тикалық комедиялары TikTok пен Instagram-ды белсенді пайдаланды. Бас кейіпкерлердің қысқа үзінділері мен күлкілі сәттері желі­де трендке айналып, жастарды ки­нотеатрға тартты. Соның нәти­жесінде фильм небәрі 10-15 күнде миллиард теңгеден астам табыс жинады.

Ел боламын десең, экраныңды түзе

Жыл басында Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшім­жан кино бірінші кезекте бизнес емес, өнер, ұлттық ұстаным миссиясын атқаруы керек екенін айтып, депутаттық сауал жолдады. 

– «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деп ұран тастап еді. Бүгін сол мәтелдің мәні өзгеріп тұр. «Ел бо­ла­мын десең, экраныңды түзе» дей­тін кезеңге келдік. Кез келген ел­дің қоғамдық-саяси өмірінде ки­ноның алатын орны айрықша. Соң­ғы жылдары елімізде түрлі ба­ғытта түсірілген фильмдер аз емес. Алайда сол фильмдердің сапасына қатысты сұрақ-сауалдар пісіп-жетіліп, арнасынан асып тұр… Дәл осы найзағайдың отына нан пісіріп жатқан кезеңде кино – бірінші ке­зек­те бизнес емес, өнер, ұлттық ұстаным миссиясын атқару керек. Сондықтан режиссерлер мен сценаристер ең әуелі кинофестивальдардан сыйлық алуды емес, киноның ұлтқа әке­лер пайдасын, ұрпақ­қа берер тәлімін көбірек ойлағаны ләзім,– дейді депутат. 

Оның айтуынша, өткен 2024 жылы қа­зақ­стандық 90 фильм прокатқа шық­қан. Соның 56-ы – комедия. Кар­тиналар жыл сайын 30 фильмге то­лыққан. Кассадан түс­кен түсімдер де аз емес. 6 фильм миллиард теңгеден астам касса жинаған. Бірақ көпшілі­гінің сапасы сын көтермейді. Көбі – тарихи, экшн, комедиялық, авторлық фильмдер. Ұлттық кино­лардың қатары тым аз. Ұлттық статистика бюросы 2024 жылы қазақ­стандықтар 17 млн 47 мың 524 рет киноға барса, соның үштен бірі алты миллионға жуығы отан­дық фильмдерді тамашалаған. 

Ендеше көрермен қолдауы мен продюсерлердің батылдығы арқа­сында миллиард жинаған фильм­дерден, сапасы әлемдік деңгейге жеткен туындылардың да уақыты туары анық. 

Көктем ҚАРҚЫН