Өйткені жүйткіген пойыз қазақ даласының бойындағы қантамыр іспетті. Алыстағы ағайынды жақындастырып, көрші елмен сауда-саттықты жандандырады. Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісін іске қосып, жеріміз арқылы 5 теміржол дәлізі өтетінін, оның бәрі әлемнің ең ірі сауда нарығына жол ашатынын атап өтті. Осыған орай, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Логистика және тасымалдау департаменті директорының орынбасары Қуаныш Ермұхановпен сұхбаттастық.
– Ұлы Жібек жолы Қазақстан мен Орталық Азия арқылы өткен. Қазақ жері ежелден Қытай мен Еуропа арасындағы алтын көпір саналады. Ал «Достық – Мойынты» жолының экономикалық маңызы қандай?
– Қазақстан ежелден «Алтын көпір» рөлін атқарған. Ұлы Жібек жолы дәстүрлі түрде Шығыс пен Батысты, Қытай мен Еуропаны жалғаған. Осы тарихи рөлді қазіргі заман шарттарына бейімдеу – стратегиялық міндет.
«Достық – Мойынты» желісі 836 шақырымға жуық қашықтықты қамтиды. Бұл жол Қазақстан мен Қытай арасындағы транзиттік өткізу қабілетін едәуір арттыруға бағытталған.
Екінші, жолдарды салу арқылы жүк тасымалдау қабілеті 5 есеге дейін ұлғаяды. Яғни, қазіргі 12 жұп пойыз 60 жұп пойызға дейін артады. Бұл логистикалық шектеулерді жоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар контейнерлік пойыздардың жылдамдығы да ұлғайтылмақ. Қазіргі 834 шақырым/тәулік көрсеткішінен 1 500 шақырым/тәулікке дейін жету мақсаты белгіленген.
Бұл жол елдің транзиттік әлеуетін күшейтеді, сыртқы сауда үшін логистикалық арзан, тиімді маршрут ұсынады. Сонымен бірге теміржол саласындағы өндірістерге (рельс, шпала, құрылыс, техника) сұраныс тудыртып, жергілікті өндірісті қолдайды.
Жалпы, бұл жоба Қазақстанды халықаралық көлік-логистикалық хабқа айналдыру бағытына үлес қосады.
– «Достық – Мойынты» жолын салуға қанша уақыт кетті? Жұмыс күші жетті ме?
– Жобаның құрылысы 2022-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылды.
Бұл ретте, 2022 жылы 17 қарашада екінші жол құрылысын бастау рәсімі өткен. Ал 2025 жылдың ортасынан бастап жолдың кейбір бөлігі мерзімінен бұрын іске қосылған болатын. Мысалы, Мойынтыдан Балқашқа дейінгі бөлігіндегі жүк пойыздарының қозғалысы 2025 жылдың қаңтарында іске қосылған.
Құрылыс барысындағы негізгі белгілердің көрсеткіштері: теміржол рельсошпалы желісі 765 шақырымға дейін (92 %) дайындалған, 86 көпір (93 %) салынған, 255 құбыр (98 %) орнатылған, балласт көлемі де 85 % деңгейінде жабдықталған. Объектідегі техника саны – 1 113 дана, жұмысқа тартылған жұмысшылар саны – 2 039 адам.
Осылайша, жұмыс күші мен техника ресурстары жеткілікті деңгейде жұмылдырылған деп айтуға болады. Инфрақұрылымдық жобаларда «адам немесе техника жетпеуі» сынды мәселе жиі туындайды. Бірақ «Достық – Мойынты» жолының құрылысы кезінде мұндай проблема болған жоқ.
Қорыта айтсам, жобаның толық аяқталуына 3-4 жыл шамасында уақыт кетті. Еңбек ресурстары мен техника көлемі жобаның көлеміне сай қамтамасыз етілді.
– «Достық – Алашаңқай» жобасы осыдан 35 жыл бұрын іске қосылыпты. Осы аптада Президентіміз «Достық – Мойынты» жолын іске қосты. Алдағы уақытта тағы қандай теміржол салынады?
– «Достық – Алашаңқай» жобасы – бұрыннан бар жол, бірақ жаңа жоба ретінде «Достық – Мойынты» желісінің екінші жолдары енгізілді. Алдағы уақытта мемлекет теміржол инфрақұрылымын кеңейтуге ниетті. Мысалы, «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы басталды, ұзындығы 152 шақырым. Сондай-ақ «Қызылжар – Мойынты» (329 шақырым) сынды бағыттар да бар.
Жалпы, 2025 жылға 1 700 шақырымнан астам жаңа теміржол салу жоспарланды.
Бұл жобалар, әсіресе Оңтүстік, Шығыс Қазақстан бағыттарындағы теміржол байланысын нығайтып, транзиттік мүмкіндіктерді теңестіретін болады.
– Теміржолшыларға мемлекет тарапынан қандай жағдай жасалуда?
– Мемлекет теміржол саласының машина жасау, құрылыс, логистика секторында локализация деңгейін көтеруге тырысуда. Мысалы, 2024 жылы вагондар мен локомотивтер шығаруда айтарлықтай өсім байқалды.
Сондай-ақ елімізде теміржол машиналарын, бөлшектерін өндіретін кәсіпорындарға қолдау жасалуда. 2024 жылғы деректер бойынша: вагон өндірісі 6,5 есеге, локомотив өндіру 12,4 %-ға өскен.
Айта кету керек, жаңарту және жөндеу жұмыстарына, жолаушылар вагондары мен локомотив сатып алуға бюджет бөлінді. Мысалы, 143 жолаушылар вагоны жаңартылды. Бүгінде қызметкерлердің жалақысы, әлеуметтік кепілдіктері, кәсіби даярлық, қауіпсіздік шаралары реттелуге тиіс талаптар Үкімет деңгейінде қаралуда.
Бұл ретте, нақты «қаржыландыру мөлшері», «еңбекақы үстемелері», «жұмыспен қамту кепілдіктері» секілді параметрлерге назар аударылады деген сенімдеміз. Жалпы, мемлекет саланы қолдау, технологиялық жаңғырту, өндірісті дамыту бағытында актив қадамдар жасап жатыр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Көктем ҚАРҚЫН