in

Еларалық дамудың жаңа белесі

Сапар аясында Сенат Спикері Бішкекте өткен Орталық Азия мемлекеттерінің III парламентаралық форумында сөз сөйледі және Қырғызстан Жогорку Кенешінің Төрағасы Нұрланбек Тұрғынбекуулумен кездесті. Сондай-ақ қазақстандық делегация қазақ-қырғыз зиялыларының IX форумына қатысты.

Мәулен Әшімбаев Орталық Азия мемле­кеттерінің III парламентаралық форумына қа­тысушыларға ілтипат білдіріп, қырғыз халқын Ұлттық тіл күнімен құттықтады. Сонымен қатар ол бұл кездесулер Орталық Азия үшін маңызы зор киелі орындарда өткізіліп келе жатқанына назар аударды. Сенат Төрағасы өз сөзінде III фо­румды өткізу парламентаралық байланыстар­ды нығайтудың символы және тарихқа, бауыр­ластыққа, жарқын болашаққа деген ортақ ұмты­лысқа құрмет екенін атап өтті.

Палата Спикері қазір Орталық Азияның әлеуетін дамыту және күрделі геосаяси ахуал мен әлемдік экономикадағы тұрақсыздық жағдайын­да өзекті проблемаларды шешуге жәрдемдесу жолында парламенттік дипломатияның маңызы арта түскенін айтты. Осы орайда ол қолға алын­ған бастамалардың іске асырылуын жеделдету ісінде Парламенттер ықпал ете алатын негізгі бағыттарға тоқталды.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт  Тоқаев 2024 жылы «Орталық Азия ренессансы» атты мақаласында «алдағы он жыл біздің аймақтың болашағын айқындайтын кезең болады және осы тарихи мүмкіндікті қаншалықты тиімді пайда­ла­на алатынымыз тек өзімізге байланысты» деген еді. Орталық Азия мемлекеттерінің парламентара­лық форумы аясындағы бірлескен қадам осы ортақ мүддеге табан тірейді. Қазірдің өзінде белсенді жұмыс жүргізіліп жатқан және Парламенттер қолға алынған бастамалардың іске асырылуын жеделдетуге ықпал ете алатын бірқатар негізгі бағытты атап өткім келеді. Ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту үшін заңнамалық негізді нығайтудың мәні зор. Екінші маңызды бағыт – жасанды интеллект пен цифрландыруды енгізуді заңнамалық тұрғыдан қолдау. Біз Өзбекстан Парламентінде ЖИ туралы заңды қарау аяқталғанын және Қырғызстанда Цифрлық кодекс қабылданғанын білеміз. Қа­зақстанда да Цифрлық кодекс әзірленіп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Бұл орайда біздің заңдарымыздың бір-бірінен алшақтамауы және ұқсас қағидаттар мен тәсілдерді қолдану аса маңызды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Форумның күн тәртібін талқылау барысында Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан Парламенттері палаталарының басшылары мен өкілдері парламентаралық байланыстың тиімділігі аймақтың дұрыс даму траекториясын қалыптастыруға және оның келешегіне тікелей әсер ететінін айтты. Сондай-ақ олар парламентаралық ынтымақтастықты нығайту және қол жеткізілген барлық уағдаластықты тиімді іске асыру барысындағы бірлескен жұмыстың маңызына назар аударды.

«III парламентаралық форумды Бішкекте өткізу парламенттік өзара іс-қимыл мемлекеттеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне толық сәйкес дамитынын растай түседі. Егер бірінші форум парламенттік интеграция­ның негізін қаласа, екіншісі оның күн тәртібін кеңейтті. Ал, үшінші Форум біздің бұдан да нақты әрі мазмұнды жұмысқа көшетінімізді көрсетеді. Мемлекеттеріміздің басшылары Орталық Азия өңірінде кооперация мен ынтымақтастықтың жоғары деңгейін белгілеп берді. Бұл ретте Пар­ламенттердің, яғни біздің басты міндетіміз – Президенттеріміздің барлық уағдаластықтарын тиімді іске асыруға үлес қосу және прагматика мен сенімге негізделген бірлескен жұмысты жүйе­лі түрде жалғастыру. Сондықтан Орталық Азия мемлекеттерінің парламентаралық форумы парламентаралық өзара іс-қимылдың пәрменді және перспективалы тетігі ретінде ерекше маңызға ие екенін тағы да атап өткім келеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ  Парламент Сенатының Төрағасы бастаған қазақстандық делегация мүшелері Қазақ-қырғыз зиялыларының IX форумына қатысты. Олардың қатарында көрнекті қоғам қайраткері Әділ Ахметов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург, ақын, белгілі манасшы Баянғали Әлімжанов, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры, академик Дихан Қамзабе­кұлы және басқа да көрнекті қаламгерлер мен қоғам қайраткерлері бар. Кездесуде екі халықтың терең тарихи және мәдени байланыстарына негізделген мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері сөз болды.

Жиын аясында Мәулен Әшімбаев Қырғыз Рес­публикасының бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерлерін екі елдің достығын нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстанның мемлекеттік және парламенттік наградаларымен марапатта­ды.

Орталық Азия мемлекеттерінің III парла­ментаралық форумы аясында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қырғыз Республикасы Жогор­ку Кенешінің Төрағасы Нұрланбек Тұрғын­бекуулумен екіжақты кездесу өткізді. Онда екі елдің өзара іс-қимылының қазіргі жағдайы ­жан-жақты талқыланып, парламентаралық ынтымақтастықтың басым бағыттары белгіленді. Кездесуде Мемлекет басшыларының бастамала­рын заңнамалық тұрғыдан қолдаудың маңызы­на баса мән берілді.

«Соңғы жылдарда Мемлекет басшыларының достық пен құрметке негізделген қарым-қаты­насының арқасында екіжақты байланыс айтар­лықтай нығайып, өзара іс-қимыл жаңа деңгейге көтерілді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қырғызстанға биылғы тамызда жасаған ресми сапары және Жоғары мемлекетаралық кеңестің кезекті 7-ші отырысы өзара ынтымақтастықты дамытуға айрықша серпін берді. Сапар барысында сауда-экономикалық, көлік-логистика, су-энергетика, мәдени-гуманитарлық және өңіраралық байланыстарды нығайтуға арналған бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Мұндай қадамдар екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеретіні анық», – деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде Нұрланбек Тұрғынбекуулу Сенат Спикеріне парламентаралық форум жұмысына қатысқаны үшін алғысын білдіріп, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өзара қарым-қатынас­тарды дәйекті түрде дамытудың маңызына назар аударды, сондай-ақ белгіленген мәселелерді шешу жолында бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі екенін жеткізді.