in

Диқандар техникасын жаңартуға мүмкіндік алды

Сол уақытта мемлекеттік қолдау қажет. Таяуда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі компания­лар тобына кіретін «ҚазАгроҚаржы» АҚ Қарағанды облысында егін жинау науқанының аяқталуына орай өңірдің фермерлерімен кездесу ұйымдастырды.

Осы жиында алдымен Оса­каров ауданындағы дәнді және майлы дақылдарды өндіруші YUGER2023 ЖШС ауыл шаруа­шылығы кәсіпорнын көріп, диқан­дарға көрсетілетін мемле­кет­тік қол­дау шараларымен та­ныс­тық.

Биыл компания 13 мың гектар­дан астам жерге егін еккен. Оның ішінде 10 мың гектардан астамы – бидай, 2 мың гектары – зығыр, шамамен 1 мың гектарға жасымық пен басқа да дақылдар себілген. Кәсіпорында фермерлер өз қыз­меті туралы айтып, алқаптар, астық қоймалары және қыз­мет­керлерге арналған жаңа жатақ­хананы таныстырды. Мұнда 44 адам жұмыс істейді.

– «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның арқасында біздің техника паркі толық жаңартылды, барлық техника жаңа: егіс кешендері, жер өңдеуге арналған агрегаттар, комбайндар, тракторлар. Кейінгі 5 жылда компания жалпы сомасы 2,6 млрд теңгеден асатын 50-ден астам техниканы лизингке алды. Мұндай қолдау бізге жылдам өсіп, дамуға мүмкіндік береді, – деді YUGER2023 ЖШС директорының орынбасары Михаил Волокушин.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерке­бұлан Жұмжаевтың айтуынша, Қарағанды облысы ауыл шаруа­шылығы техникасын жаңартуға деген жоғары сұранысы бар өңір­лердің қатарында.

2025 жылдың басынан бері облыстағы филиалына жалпы сомасы 15,3 млрд теңге болатын 1000-ға жуық техниканы қаржы­ландыруға өтінім қабылданған. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, жалпы сомасы 11 млрд теңгеге 763 техника сатып алуға келісімшарт жасалған екен. Фермерлер жыл­дық 5% мөлшерлемемен берілетін жеңілдетілген бағдарламаға ерек­ше қызығушылық танытып отыр. 

– Қарағанды облысының шаруа­лары әрдайым өндірісті жаң­ғыртуға басымдық беріп келеді. Біздің фермерлер лизингтік бағ­дарламаларды белсенді пай­даланып жатыр. Биыл бұл бағытта нақты серпін байқалуда, өтінім саны өсіп келеді. Ерекше атап өтер­лігі, шаруашылықтар заман­ауи тракторлар мен комбайндарға басымдық беруде, бұл өз кезегінде егіс және орақ науқандарының тиімділігіне тікелей әсер етеді. Біз үшін фермерлерді қаржыландыру­мен қатар, өтінім беру үдерісін мейлінше оңай әрі ыңғайлы ететін заманауи цифрлық шешімдерді ұсыну да маңызды, – дейді Еркебұлан Жұмжаев.

Іс-шара кезінде ауыл шаруа­шылығы техникасын лизингке рәсімдеуге арналған жаңа онлайн-сервис таныстырылды. «ҚазАгро­Қаржы» АҚ өкілдері онлайн режимде өтінім беру тәртібін көрсетіп, бұл жүйе қағаз түріндегі нұсқаға балама бола­тынын атап өтті. Сонымен қатар компания өкілдері ауыл шаруа­шылығы өндірушілерінің жағдай­ы әртүрлі екенін айтты. Барлық фермерде смартфон немесе цифрлық дағдылар бола бермейді, ауылдық жерлерде интернет желісі әлсіз. Осыған байланысты өтінім беру тәртібіне қатысты кез келген сұрақтар бойынша фермерлер «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының мамандарына тіке­лей жүгіне алады.

Айта кету керек, «ҚазАгро­Қаржы» АҚ Қарағанды облыс­тық филиалы мен Қараған­ды облысы­ның кәсіпкерлер пала­та­сы ара­сында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қо­йылған.

– Біздің Қарағанды облысын­дағы «ҚазАгроҚаржы» филиалы­мен өте тығыз әріптестік байла­нысымыз бар. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының жанында агро­өнер­кәсіп­тік кешен комитеті жұмыс істейді, онда біз саланың өзекті мәселелерін талқылаймыз. Жал­пы, еліміздің барлық өңірінде палатаның филиалы бар. Онда біздің кеңесшілер ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілерге құжаттарды жинап, өтінімдерді толтыруға көмек көрсетеді. Егер фермерлерде қандай да бір сұрақтар туындаса, олар біздің филиалға жүгіне алады, жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасының дирек­торы Ернар Күлпейісов.

Өз кезегінде ауыл шаруа­шылы­ғы өндірушілері 5% мөлшер­лемемен берілетін «Жеңілдікті лизинг» бағдарламасының қара­пайым фермерлер үшін тиімді бағдарлама екенін, ал өтінімді онлайн беру – шаруаларға қо­сымша қолдау болғаны да ай­тылды.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ дерек­теріне сәйкес, Қарағанды облы­сында 2000 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта агроөнеркәсіптік кешенге шамамен 89,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Осы қар­жыландырудың арқасында жер­гілік­ті ауыл шаруашылығы өндіру­шілері 5 300-ден астам техника сатып алды. Бұл өңірдің аграр­лық секторының дамуына елеулі үлес қосты. Қазір Қарағанды об­лысындағы «ҚазАгроҚаржы» филиалы 1 100-ден астам шаруаға қызмет көрсетіп отыр.

Әдебиет ЖҰБАНОВ,

Қарағанды облысы