in

Қазақстан авиациялық хабқа айналады

Ол мұны «стратегиялық маңызы зор міндет» деп атады. Осыған орай елімізде жаңа мемлекеттік авиакомпания құру ісі пысықталады. Мұның сыртында Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе әуежайы жаңа мәртебеге ие болып, әлемдік деңгейдегі мультимодальды орталықтарға айналдырылмақ. Үкімет бұл биік міндеттің үдесінен шыға ала ма? 

Жаңа авиакомпания құрылады

Мемлекет басшысының пайым­­дауын­­ша, бұл саладағы ахуал жақ­са­рып ке­леді. Әйткенмен, оның кө­­лемін арт­тыра түсуге мол мүм­кін­дік бар. 

– Мен бұған дейін әуемен тасы­мал­­да­на­тын жүк көлемін екі есе ұл­ғайту жө­нінде тапсырма бердім. Бұған бірінші ке­зекте, шетелдің ірі инвесторларын тар­тып, Ұлттық жүк тасымалдаушы ком­панияны құру ар­қылы қол жеткізуге бо­лады. Элек­тронды сауда-саттық пен озық тех­нологиялық өнімдердің саудасы қы­­зып тұрған қазіргі кезде әуемен жүк жет­кізу аса жоғары сұранысқа ие әрі та­бысы көп тасымал түрі са­на­лады, – де­ді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үкімет «әуе хабтарын белсенді түрде да­мытып, олардың жаһандық логистика тіз­бегіне кірігуін қамтамасыз етуге тиіс». Со­нымен қатар экспресс-жүк тасымалдау са­­ласын ретке келтіру қажет. Бұл қадам тұ­тынушылардың мүддесін қорғау үшін ке­рек. Болашақта, тіпті «әуе тасымал­дау­шы дрондар компаниясын» құру маңызды болуы мүмкін. 

– Қазір бүкіл әлемде пилотсыз жүк та­­­­­­сы­малдайтын арнайы автокөліктер мен дрон­дар сияқты көлік түрлері дамып жатыр. Үкімет осындай технологиялардың тез арада қолданысқа енгізілуіне барынша жағ­дай жасауға міндетті. Соның ішінде, тиісті құқықтық актілер қабылдауы керек. Жал­пы, мен бұған дейін де бірнеше рет айт­тым: Қазақстан Еуразиядағы көлік ха­бы болуға тиіс. Бұл – стратегиялық маңы­зы зор міндет! Бұл жұмысқа осы са­лада табысқа жеткен үздік мамандар мен кәсіпкерлерді тарту керек. Бірақ негізгі жауапкершілік – Үкіметте, – деп түйіндеді Президент.

Мемлекет басшысы шенеуніктердің бұл міндетті жолдаудан жолдауға ұзатып, соза беруіне енді жол бермеуге ниетті. Ол тап­сырмасының орындалуы барысын 2026 жылдың басында Үкіметтің жылдық есебінен кейін өтетін арнайы кеңейтілген оты­рыста қарайтынын ескертті. Ендеше «авиахаб» құру мәселесін шешу үшін Үкі­меттің 4-5 айдай ғана мерзімі қалды. Кө­лік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров бұл жұмыс бұрыннан жүріп жатқанын жа­сырмады. Бірақ жауапкершілікті сыр­ғыту байқалады: Үкімет ол міндетті әл-ау­қат қорына қайта жүктепті. 

– Карго-тасымалды, яғни әуемен жүк жет­кізуді дамыту мақсатында «Самұрық-Қа­зына» қоры Ұлттық жүк тасымалдаушы авиакомпанияны құру мәселесін біраз­-дан бері пысықтап жатыр. Шынында авиа­хабтарды дамыту бұдан бұрын бас­талған. Әуе жүк тасымалымен ғана ай­на­лысатын жеке авиакомпания құрылса, со­нымен үйлесімде бұл жұмыс жаңа дең­гейге шығып, ерекше мән-маңызға ие бо­лар еді. Авиахаб тұрғысынан еліміздің 6 әуе­жайында салықтан босататын арнайы экономикалық аймақ енгізілді. Оларда инф­рақұрылымды жаңғырту және кеден­дік ресімдеу рәсімдерін оңайлату шара­лары қолға алынды, – деді вице-министр М.Қалиақпаров.  

Оның айтуынша, пилотсыз қозға­ла­тын және ұшатын көлік құралдары – ғы­лым мен техниканы дамытудың жоғары перс­пективалы бағытының бірі. Алай­да Қазақстанда әлі күнге пилотсыз көлік құралдарын пайдалану бойынша құқық­тық шеңбер нақты айқындалмаған. Ол анық­талмайынша, бірде-бір пилотсыз кө­­лік әуеге көтеріле алмайды, не трасса­мен жүйткуіне жол берілмейді. 

– Пилотсыз құралдардың қызметін одан әрі нысаналы реттеудің негізін қа­лып­тастыру үшін министрлік заңнамалық актілерге түзетулер әзірледі. Әзірге негізгі ұғым­дар мен уәкілетті органдардың құзы­реті пысықталды. Түзетулер алдын ала бар­лық мемлекеттік органдармен келісіл­ді. Осы жылдың аяғына дейін қабылдай­тын боламыз, – деп сөз берді Көлік ми­нистрі­нің орынбасары. 

Бұл ретте ол пилотсыз көліктерді қол­дану тиісті инфрақұрылымның болуын та­­лап ететінін қаперге салды. Осыған бай­ланысты пилотсыз көліктер арқылы жүк тасымалын ұйымдастыру үшін «smart-жолдарды» салу мүмкіндігі қарастырылу үстінде. Бүгінде қос тарап пилотсыз та­сы­малдарды Қазақстан-Қытай шекарасында қолдану бойынша жұмыстарға кіріскені мә­лімделді. Демек, алғашқы пилотсыз ұшақ­тар мен жүк көліктері де екі ел ара­сын­да әрлі-берлі ағыла бастауы мүмкін. Осы мақсатта қытай тарапы жүк тасы­ма­лы­на жегілетін пилотсыз көліктерді әзір­леп жатқан көрінеді. 

Ескі әуежайлардың жаңа мәртебесі

Көлік министрлігінің мәліметіне жү­гін­сек, Президент Жолдауын жүзеге асы­ру жөніндегі Жалпыұлттық жоспарға сәй­кес еліміздің жетекші әуежайлары – Ас­тана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе әуе­жай­ы логистикалық қызметтердің то­лық спектрін ұсынатын әлемдік деңгей­дегі мультимодальды орталыққа айна­лады. 

Астанада 2025 жылы «Нұрсұлтан Назар­баев халықаралық әуежайын» жаң­ғырту жобасы басталды. Оның шеңберінде 1,1 млрд доллар көлемінде инвестиция құйылуға тиіс. Осы қаражатқа ІІ-ші ұшу-қону жолағы, сондай-ақ ІІІ-ші жолау­шы­лар және жүк терминалы салынбақ. Сон­дай-ақ елорданың әуеқақпасында ин­дуст­риялды-логистикалық аймағы, бизнес-ор­талығы, қонақүй және сауда алаң­ы бар «Аэротрополис» көп­функ­цио­налды ке­шені ашылады.

Алматы әуежайы да 2050 жылға дейінгі дамудың бас жоспары аясында жаңғыр­тыл­мақ. Бүгінде І-ші кезеңі басталып кетті: ол ішкі рейстер терминалының ре­­конструкциясын, бөлек такси жолын салуды, ұшу-қону жолағы мен отын инф­рақұрылымын жаңартуды, заманауи жүк пер­рондары мен техникалық қызмет көр­сету ангарын жасауды қамтиды. Сондай-ақ әуежайда жаңа қонақүй мен көп дең­гейлі автотұрақ салу жоспарланған. Құ­ры­­лыс кезеңінде 1,8 мыңнан астам жұмыс орны ашылады, кейінгі операциялық қызмет барысында 550 тұрақты жұмыс орны құрылады.

Шымкентте 2024 жылдың 25 жел­тоқсанында ауданы 40 мың шаршы метр болатын жаңа жолаушылар терминалы ашылып, әуежайдың өткізу қабілеті жы­лына 800 мыңнан 6 млн жолаушыға дейін артты. Алдағы жылдары ұзындығы 3,5 мың метр болатын жаңа ұшу-қону жо­лағын салу жоспарда бар екен. Әуежайды «Оң­түстік» АЭА аумағымен байланыс­ты­ра­тын мультимодальды хаб құру жұмысы қолға алыныпты. 

Жалпы, келесі үш жылда Шымкент әуе­жайында жоспарланған ауқымды қай­та құру жұмысына 40,6 млрд теңге бө­лінеді. Бұл туралы ақпарат Мемлекеттік са­тып алу порталында жарияланды. Әкім­діктің жолаушылар көлігі және автомо­биль жолдары басқармасы жариялаған конкурс шеңберінде құрылыс жұмысы ұшу-қону жолағын қайта салуды, жаңа ИВПП-2 мен рулеждік жолақтарды тұр­ғызуды қамтиды. 

«Бұл – аймақ әуежайының өткізу қа­бі­­летін арттырып, халықаралық стан­дарт­тарға сай қызмет көрсетуге жол ашатын маңыз­ды қадам. Үшінші мегаполистегі әуеқатынасының сапасы мен қауіпсіздігін арт­тыру – тек қала үшін емес, тұтас өңір­дің дамуы үшін стратегиялық маңызға ие», – деген басқарма өкілдері реконструкция аяқталған соң әуежайда жолаушы ағыны бірнеше есе ұлғаятынын және жаңа авиабағыттар игерілетінін айтты. 

Ақтөбеде биыл ауданы 15 мың шаршы метр болатын көпфункционалды логистикалық хаб құрылысы басталды. Мұнда қоймалар, қауіпті және тез бұзылатын жүктер үшін тоңазытқыш камералар мен бағалы тауарларға арналған секциялар қарастырылған. Бұл әуежайды заманауи халықаралық хабқа айналдыру «ҚазМұнайГаз» компаниясының еншілес компаниясы – «ҚазМұнайГаз-Аэроға» тапсырылған. Ол елдің батысындағы ірі әуеқақпасында жаңа отын құю кешенін салу жобасын іске асыра бастады. Ол аяқталған соң отынды сақтау көлемі 2 еседен көп артпақ. 

– Әуеайлағы РТ және ТС-1 маркалы отындармен ғана шектелмей, әрі қарай JET-A1 маркалы отынды жеткізуші алғашқы аймақтық әуежай болады. Бұл стан­дартқа көшу – Қазақстанды жаһан­дық әуекөлігі желісімен интеграциялау үшін қажет. Сондай-ақ бұл болашақта эко­логиялық таза авиаотын (SAF) қол­дану­дың міндетті талабы, – деп түсіндірді ҚМГ-Аэро.

Инвестиция көлемі шамамен 5 млрд тең­геге бағаланған. Сондай-ақ ІІ-ші ұшу-қо­ну жолағының құрылысы қарасты­ры­лады, бұл қолданыстағы жолаққа ұшыру-қон­дыру процесін тоқтатпай-ақ күрделі жөн­деуге мүмкіндік береді. Соның нә­ти­жесінде Ақтөбе әуежайы толыққанды авиа­хабқа айналып, Қазақстанның Орта­лық Азиядағы негізгі транзиттік торап ре­тіндегі рөлі күшейтуге өз үлесін қосады деп күтіледі. 

Ұшақтар саны көбеймек

Бүгінде елімізде әуекемелерінің паркі 104 бірлікті құрайды, оның ішінде 2025 жыл­дың бірінші жартысында жеткізілген 6 жаңа Airbus A320 типті ұшағы мен 1 Boeing 737 MAX 8 жаңа ұшағы. 

– 2030 жылға дейін техникалық парк та­ғы 103 ұшақпен толықтырылады, нәти­же­сінде 216 бірлікке дейін арттырады. Биыл 36 жаңа халықаралық маршрут ашы­лып, нарыққа 8 шетелдік авиа­ком­па­ния келді. Ел ішінде 61 бағыт бойынша ап­­та­сына 850 рейс жасалады, – деді Мақ­сат Қалиақпаров.

Салаға жауапты «Қазаэронавигация» РМК баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2024 жыл қорытындысында отандық аэро­навигация саласында рекордтық көр­сеткіш тіркелген. Бір жылда елдегі әуе­­­жайларда транзиттік, халықаралық, іш­кі ұшуларды және жүк операцияларын қо­са алғанда, жалпы саны 446 106 ұшуға қыз­мет көрсетті. Оның 334 256-сы – тран­зиттік ұшу, бұл 2023 жылдағыдан 8%-ға көп (алдыңғы жылы 308,2 мың болған). 

Осының өзі республиканың авиахаб қыз­метін көрсете бастағанын білдірсе ке­рек. Жолаушылар ағыны соңғы жылда 29,7 млн адамға жетті, бұл 2023 жылмен са­лыстырғанда 14% артық. Әуе арқылы жүк тасымалының көлемі 55%-дан астам ұл­ғайып, 25,1 мың рейсті құрады. 

– Eurocontrol мен IATA болжамынша, Еуропа-Азия бағыты 2050 жылға қарай үл­кен сұранысқа ие болады. Географиялық ор­наласуының бірегейлігі мен аэро­на­ви­гациялық технологияларға салып жатқан қо­мақты инвестициялары Қазақстанның осы бағытта өз орнын алып, үлкен үлеске ие болуының кепілі. 2025–2035 жылдарға ар­налған стратегия аясында бірқатар маңыз­ды жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде, AIM цифрландыру – элект­рон­дық аэродеректерді енгізу, NOTAM жә­не цифрлық карталарды өңдеуді авто­мат­тандыру бар. Жаңа халықаралық ба­ғыт­тар ашылады, – деді «Қазаэронавига­ция» бас директоры Фаат Богдашкин.

Оның дерегінше, Алматы мен Астана қа­­лаларында ұшып шығу процедура­ларын ав­томаттандыру (ATC Clearance Delivery) ұшу­ға қызмет көр­сету деңгейі мен сапа­сын арт­тырады. Мемлекет басшысының Қатон­қара­ғай, Зайсан және Кендірлі ку­­рорттық аймағын дамыту есе­бінен ел­дің туристік әлеуе­тін қажетке жа­рату тап­сыр­ма­сын орындау және ұшу қауіп­сіз­­ді­гін арт­тыру үшін таулы ау­дан­дарда PBN процедура­лары енгізіледі. 

Үкімет осы үш курорттық өңірде зама­науи әуежай салуды жоспарлады. Оларға ар­налған алаңдар анықталды. Зайсанда әуе­жай Сатпай ауылының маңында, қала­дан 25 шақырым жерде және сол аттас көлдің жанында бұрынғы әскери әуеайлақ ау­мағында салынады. Қатонқарағай ау­данында жаңа әуеайлағы демалыс айма­ғы­­нан 27 шақырым жерде, Белқарағай ауы­­лының маңында салынады. Кендір­ліде әуе­жай курорттық аймақтың жа­нын­да, Кас­пий жағалауынан небәрі 15 ша­қы­рым жер­де орналаспақ. Десек те, са­рап­шылар ен­дігі мәселе қаржыландыруға тіре­ліп тұр­­­­ғанын ескертті.

Қалай болғанда, Қазақстан өз алдына Еуропа мен Азия арасындағы жаңа авиа­ция­лық алтын көпірге айналу міндетін қой­ды. Оның қаншалықты табысты, то­лық­қанды әрі тез жүзеге асары Үкіметтің жә­не жауапты тұлғалардың тиімді, пәр­мен­ді қимылына байланысты болады.

Елдос СЕНБАЙ