in

Текті түзер тетік қайда?

Бір игісі, арасында қазақ жоқтың қасы. Өз ұлтынан бас тартқандардың себебі әр алуан: жеке жағдайлардан бастап, халықаралық күрделі геосаяси ахуалға дейінгіні қамтиды. Мысалы, ата-анасының бірі отбасын тағдыр тәлкегіне тастап кеткен соң есейген балалары асыраушы анасының не әкесінің ұлтын таңдайды. Сонымен бірге тағы бір  проб­лема бас көтерген. Елде ұлты жоқ азаматтар пайда болды. Бұл мәселеге Конституциялық Сот та назар аударып отыр.

Ұлтсыз – үйлесім жоқ

Қазақстан халқы Ассамблеясының ресми сайтындағы «ҚХА-ның стратегия­лық құжаттары» бөлімінде орналасқан «Ел бірлігі доктринасында»: «Бірліксіз  ұлт жоқ. Ұлтсыз  мемлекет жоқ. Мемлекетсіз  болашақ жоқ!»  деп айқын жазылған. Ал азаматта ұлт болмаса ше? 18 жасар Лидия (сұрауы бойынша аты өзгертілді) ұлтын «іздеп» бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Анасы оны сәби шағында ауруханаға тастап кеткен. Бейнекамера істен шыққандықтан, ол әйелді табу мүмкін болмады. Ол балаға еш құжатын қалдырмаған, рәсімдемесе керек. Құндаққа: «қамқор болыңыздаршы!» деп қысқа қайырған жазуы бар хат қыстырыпты.

– Анам тіпті атымды да жазбаған екен. Бәлкім, есейген соң есімін өзі таңдасын дегені болар?! Маған бөбектер үйіндегілер ат қойды. Бірақ туу туралы куәлігімде «ұлты-национальность» деген тұста сызық тұр. Хат қазақша жазылған болса, анам да қазақ емес пе? Бұған бас дәрігер күмәнданған екен. Қаншама мекемеге бардым, қаншама сұрау жолдадым. Әке-шешеңнің ұлты белгісіз болса, сіздің ұлтыңыз да белгісіз деп сырғытпа жауап береді. Ата Заңда қай ұлтта болғыңыз келсе, сол ұлттың өкілі болыңыз деп бекітілген. Мен онда неге қазақ бола алмаймын? – деп жанайқайын жеткізді Лидия.  

Әлеуметтанушы Дина Есімова КСРО-да атақты «бесінші графа» болғанын еске салды, онда адамның ұлты көрсетілетін. Кеңес Одағында адамның жеке басын куәландыратын барлық құжатта оның ұлтын жазу міндетті болды. Жұмысқа қабылдауда, ЖОО-ға және аспирантураға түсуде, мансап сатысында өсуде, басшылық лауазымдарды иеленуде, мемлекеттік наградалармен марапаттауда, басқасында азаматтың ұлты ескерілетін. Мұндай кемсітушілікті тыю үшін тәуелсіз Қазақстанда ұлтын көрсету ерікті сипатқа көшіріліпті, әйткенмен, туу туралы куәлікте ұлты жазылады. 

– Кеңес заманында ұлты белгісіз жетімдердің көбін мемлекет құраушы ұлтқа теліп, «орыс» деп жазатын. Тұл жетімдерге 16 жасқа дейін өз ұлтын өзі таңдауға ерік берілетін. Жетімханалар орыс тілінде тәрбие бергендіктен, олар осы ұлтты таңдайтыны, әрине таңдантпайды. Қазақстанда мемлекет құраушы ұлт мәртебесіне қазақтар ие: 2021 жылғы халық санағының қорытындысында рес­публикада қазақ ұлты өкілдерінің үлесі он жыл бұрынғы 63,1%-дан енді 70,4%-ға дейін өсті. Ендеше ата-анасының ұлты белгісіз болса, жетім балаға қазақ ұлтын таңдауына заң жүзінде рұқсат етілгені жөн, –   деді сарапшы. 

Ұлтты ерікті өзгертуге бола ма?

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, 2014-2024 жылдар аралығында Қазақстан азаматтарынан жеке куәлік пен паспортындағы ұлтын өзгерту туралы 41 545 өтініш түсті. Ұлтты ауыстырудың шырқау шегі 2022 жылдың сәуірі мен 2023 жылдың тамызы аралығын қамтыған: тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне 2021 жылы – 3 254 адам, 2022 жылы – 3 363, 2023 жылы – 3 366, ал 2024 жылдан қазіргі кезге дейін  2 158 адам құжаттарында жазылған ұлтын ауыстыруды сұрап жүгінді. 

– Жүргізілген талдауға сәйкес, кейінгі кезде қазақстандықтардың 743-і ұлтын орыстан неміске, 354-і – өзбектен қазаққа, 300-і – орыстан украинге, 246-сы – украиннен орысқа және 118-і – орыстан қазаққа ауыстырды, –  деп нақтылады ІІМ.

Қазақстан Конституциясының 19-бабында: «1. Әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы»  делінген. Яғни, адамдар өз дінін не партиясын өз еркімен және өмірінде бірнеше рет өзгерте беретіні сияқты, ұлтын да солай еркін әрі еш шектеусіз алмастыра алады ғой? Жоқ. «Мен не деймін, домбырам не дейді» дегендей, ел заңнамасында бұған тыйым салынған. Яғни, қатардағы заңдар Ата Заңға қайшы келіп тұр. Жуырда Конституциялық Сот осыны атап өтті. 

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 65-ші бабында баланың ұлтын анықтаудың жалғыз ғана тәсілі көрсетілген: біріншіден, «баланың ұлты оның ата-анасының ұлтымен айқындалады». Екіншіден, егер ата-анасының ұлты әртүрлi болса, өзіне жеке куәлiк, паспорт берiлгенде бала өз қалауымен не әкесiнің, не шешесiнiң ұлтын таңдай алады. Үшіншіден, «баланың ұлты тек қана ата-анасының екіншісінің ұлтына өзгертiлуi мүмкiн». 

Бұл шектеу тәжірибеде көптеген дау-жанжалға әкеліп соқтырады. Мысалы, біраз адамның арғы аталарында қазақ, неміс, кәріс, татар және басқа ұлт өкілдерінің болғаны архивтік құжат жүзінде расталады. Алайда ІІМ, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы және әкімдер Қазақстан азаматының ұлтын соған ауыстырудан бас тартады. Себебі тікелей әкесі мен анасы ол ұлттардан емес. Заң баланың ұлты тек оның ата-анасының ұлтымен айқындалады деп табандайды. Ал ата-анасының кім екені белгісіз болса, баланың ұлты қандай болады? Бұл сұраққа заңнама ешқандай жауап бермейді. 

Жетімнің жеңісі – ұлттың ырысы

Осы орайда Конституциялық Сот (КС) 2024 жылғы 26 қыркүйекте Неке және отбасы кодексінің 65-бабының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарауға кірісті. КС-ке кәмелетке толмаған Р-дың заңды өкілі Ю.Данилова жүгінді. Оның мәліметінше, азаматтық хал актілерін тіркеу қызметі өтініш субъектісінің туу туралы акт жазбасына (Туу туралы куәлігіне) анасының ұлтын көрсетуден бас тартқан. Жетім балаларды тәрбиелеу мекемесінде де, баланың қолында да анасының құжаттары жоқ. Соның салдарынан шешесінің ұлты кім болғаны «ауызша» белгілі болғанымен, оны айғақтайтын құжаттар жоқ. 

«Заңнамада бұл мәселе еш реттелмеген. Сондықтан Неке және отбасы кодексіне өзгерістер енгізу керек. Мұндай өзгеріс анасының жеке басын куәландыратын құжаттары болмағанда оның ұлтын айқындауға мүмкіндік берер еді. Өтініш субъектісі Р.-дың әкесі туралы мәліметтер мен құжаттар жоқ. Яғни, оның әкесінің де, шешесінің де тұлғасын куәландыратын құжаттар болмай тұр», – деді заңды өкілі. 

Р.-дың адвокаты баланың қалаған ұлтты таңдауына және соны құжаттарына жазуына рұқсат етуді сұрап, Қарағанды облысының Саран қалалық сотына жүгініпті. Алайда 2023 жылғы 14 маусымдағы шешімімен бірінші сатыдағы сот қай ұлтқа жататыны туралы фактіні анықтау талабын қанағаттандырудан бас тартқан. Сот өз шешіміне берген негіздемесінде кәмелетке толмаған Р.-дың қай ұлтқа жататыны туралы фак­тіні анықтау мүмкін емесін, өйткені оның анасының ұлты құжатпен расталмағанын көрсеткен. 

Әділдік іздеген бала апелляциялық сатыдағы сотқа қалалық соттың шешіміне қарсылығын білдіреді. Бірақ Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы 2023 жылғы 21 тамыздағы қаулысымен бірінші инстанцияның үкімін қолдап шықты. Заң маманы Данилова соттар басшылыққа алған Неке және отбасы кодексінің 65-бабы Конституцияның 19-бабына қайшы келеді деп есептейді. Себебі Ата Заңға сәйкес, әркім өзінің қай ұлтқа жататынын өзі дербес айқындауға және оны құжаттарда көрсетуге не көрсетпеуге құқылы.

Осыған орай Конституциялық Сот судьялары Әділет, Ішкі істер, Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің, Бас прокуратураның, Мәжіліс пен Сенаттың, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының, Парламентаризм институтының өкілдерімен, омбудсменмен, заңгерлермен ақылдаса келе шағымданушы тараптың айтып отырғаны дұрыс деген тоқтамға келді.

«Адам үшін өзін белгілі бір этноспен сәйкестендіру, сонымен ұқсас көріну құнды әрі маңызды. Осыны ескере отырып, Конституцияның 19-бабы 1-тармағының нормасында әркімге өзінің қай ұлтқа жататынын айқындау құқығы берілді. Осы норманың мағынасы бойынша «қай ұлтқа жататындық» деп мемлекетке емес, белгілі бір этникалық қауымдастыққа жататыны түсініледі. Бұл азаматтықпен байланысты емес. «Бала құқықтары туралы» 2002 жылғы 8 тамыздағы заңының 9-бабына сәйкес, әрбір бала туылған кезінен бастап ұлты мен азаматтығына құқығы бар», – деді Конституциялық Сот.

Мұның сыртында Қазақстан ратификациялап, мойнына міндеттеме алған халықаралық «Бала құқықтары туралы конвенцияға» сәйкес, мемлекет баланың жеке басының даралығын және отбасылық байланыстарын сақтау құқығын құрметтеуге және оған заңсыз араласпауға тиіс. Соған қарамастан шенеуніктер мен оқалы жағалылар, мысалы «қазақ» болғысы келетін жетімдерге ұлтын солай деп көрсетуіне тыйым салады. 

– Қай ұлтқа жататынын өзі айқындауы – жеке бас еркіндігін білдіру мен көрсету нышаны және бұл құқыққа бала туған кезінен бастап ие болады. Мемлекет мұны құрметтеуге міндетті. Қай ұлтқа жататыны баланың жеке бас даралығының, тұлғасының бір құрауышы. Белгілі бір этникалық қауымдастыққа жату – өзін-өзі ұғыну тұрғысынан да, белгілі бір дәстүрге, тілге, мәдениетке, өмір салтына қатыстылығын сезіну тұрғысынан да маңызды болуы мүмкін. Ұлттық сәйкестендіру адамның өз отбасының алдыңғы буындарымен байланысын ұстануына, өз этносын және ұлттық сәйкестілікке тән белгілерді қазір және болашақта сақтауға деген ұмтылысты көрсетуге де мүмкіндік береді, – деді Конституциялық Сот. 

Ол мұның практикалық қырының да барына назар аудартты. КС пайымдауынша, отбасы ортасынан айырылған баланың күтіміне байланысты мәселелерді шешкен кезде оның этникалық тегі, діни мен мәдени ұстанымы және ана тілі ескерілуге тиіс. Айталық, ұлты белгісіз болғанымен, өзін «қазақпын» деп сезінетін баланы қазақы отбасыға берген маңызды. Сондай-ақ КС пікірінше, ұлтын айқындау және құжатта көрсету азаматтар үшін тиісті мемлекеттік қолдау шараларын алу, мысалы қандастарға, этникалық қазақтарға, ұлты қазақ шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар жағдайында, репатриация және тағы басқалар кезінде маңызды болуы мүмкін.

Заңгерлердің мәліметі және құқық қолдану практикасы көрсеткендей, егер туу туралы акт жазбасы мен туу туралы куәлікте баланың ата-анасының ұлты көрсетілмесе, онда мемлекеттік органдар ол баланың жеке басын куәландыратын басқа құжаттарда да ұлтын көрсетпейді.  Содан кейін бала жеке құжаттарына өзі таңдаған ұлтты жаздыртқысы келсе, мемлекеттік ұйымның бәрі бірауыздан бас тартады. Мұндай қиянатқа шыдамаған адамдар  сотқа жүгінуге мәжбүр болады. Сот практикасы көрсеткендей, осындай талап қоюларды қанағаттандырудан судьялар да ат-тонын ала қашады. Сондағы сылтауы: мұндай өтініштер азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға және шешуге жатпайды. 

Жағдай енді өзгеруі мүмкін. Конс­титуциялық Сот кәмелетке толмаған Р.-дан түскен шағымды қарай келе, 2025 жылғы сәуірде арнайы қаулы шығарды. Ол қолданыстағы заңнамада, құқық қолдану практикасында азаматтардың Конституцияның 19-бабында көзделген құқықтарын іске асыруына елеулі кедергілер бар деген ұйғарымға келді. «Қай ұлтқа жататынын айқындау құқығы, ең алдымен, адамның ішкі еркіндігімен байланысты» деп тапты КС. Ендеше қай ұлттың адамы екенін шенеуніктер емес, адамның өзі анықтауға тиіс. 

– Әркім өз ұлтын таңдауын ата-анасының этникалық тегімен байланыстыруға құқылы. Бірақ түрлі өмірлік жағдайларға байланысты ұлтын айқындау тек осындай таңдаумен шектелмеуге тиіс. Нақты жағдайларда адам объективті (мысалы, ата-анасы белгісіз болса) немесе субъективті (мысалы, өзін тәрбиелеген адамның ұлтын қабылдауға ниетті болса) себептерге байланысты ұлтын ата-анасы бойынша айқындай алмайды. Түрлі факторға байланысты этникалық сәйкестілігі де өзгеруі мүмкін, – деді КС.

Конституциялық Сот біріншіден, қолданыстағы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 65-бабын Қазақстан Конституциясына сәйкес келмейді деп таныды. Себебі онда ата-анасы белгісіз болған немесе олардың ұлтын анықтау мүмкін болмайтын жағдайларда, сондай-ақ азаматтың заңды мүдделерін қозғайтын басқа да өмірлік жағдайлар кезінде баланың ұлтын айқындау мен өзгертудің өзге тәсілдері көзделмеген.

Екіншіден, ол Үкіметке осы нормативтік қаулы жарияланған күннен 6 айдан, яғни 2025 жылғы 16 қазаннан кешіктірмей, Мәжіліске аталған шешімді жүзеге асыру үшін заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жаңа заң жобасын енгізуді жүктеді. Ата-анасының кім екеніне қарамастан, Қазақстан азаматтарына құжаттарында өзін «қазақ» деп жазуына рұқсат етілсе, келесі халық санағында қазақтардың үлесі 80%-ға жетуі, тіпті одан асуы да мүмкін.

Айхан ШӘРІП