Жалпы, соңғы жылдары Сыр өңірінің спорт саласында серпін байқалады. Әсіресе, аймақта спорттық нысандар қатарының артуы саланың өркендеуіне оң нәтиже беріп тұр. Мәселен, былтыр Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды қолдау қорымен бірлесіп, өңірден заманауи үлгідегі теннис орталығының ашылуы көпшілікті қуанышқа бөлеген болатын. Бұған қоса, Қазақстанның футбол федерациясымен бірге Қызылорда қаласында Ғ.Мұратбаев атындағы стадион күрделі жөндеуден өткізілді. Осындай жоспарлы жұмыстар биыл да жалғасын тауып жатыр.
«Мемлекет басшысы 2025 жылы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында халықтың спорттық инфрақұрылымдарға қолжетімділігін арттыруға басымдық беру мақсатында облыс орталықтары мен аудандарда заманауи стадиондар мен спорт кешендерін салу мәселесіне ерекше тоқталғаны белгілі. Осыған байланысты бірқатар тапсырма жүктеді. Соған орай бүгінде Қызылорда қаласында құны 26,5 млрд теңгені құрайтын 11 мың орындық жаңа стадион бой көтерді. Стадион олимпиадалық спорт түрлеріне арналған 7 залмен қамтылған. Нақты айтатын болсақ, бокс залы, күрестің үш түріне арналған дзюдо, грек-рим, еркін күрес залы, фитнес залы, спорттық гимнастика, таэквондо және ауыр атлетика залдары қамтылған. Стадион жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін болады. Нысан жақын күндері толық пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Сол сияқты биыл облыс орталығында құны 20,5 млрд теңгені құраған көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешенінің құрылысы басталды. Кешен толықтай халықаралық талаптарға сай салынып, болашақта мұнда әлемдік деңгейдегі додалар өткізуге мүмкіндік болады. Нысанды 2026 жылдың соңына дейін ел игілігіне пайдалануға беру жоспарда бар», – деді орталық коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Қызылорда облыстық Денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев.
Сонымен қатар аймақта мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасау да назардан тыс емес. Бұл тұрғыда басқарма басшысының мәлімдеуінше, өңірде «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен құны 3 млрд теңгені құрайтын аумағы 3 мың шаршы метрге тең мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының құрылысы аяқталған. Бұл нысан жақын арада ашылмақ. Соның негізінде, аймақтағы 256 мүмкіндігі шектеулі спортшының келесі Паралимпиада ойындарына дайындалуға мүмкіндік артады деп жоспарланып отыр. Жалпы, өңірдегі салаға бөлінген бюджеттің 80 пайызы олимпиадалық спорт түріне бағытталып отырғаны мәлім болды.
Негізінен, Қызылорда облысында саланы дамыту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар нәтижесімен бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны жылдан-жылға ерекше қарқынмен арта түскені байқалады. Нақты айтқанда, тұрғылықты халықтың 40,4 пайызы спортпен тұрақты түрде айналысатыны айтылып жүр. Оның ішінде, былғары қолғапшылардың да үлесі жоғары екені аян.
Жалпы, Сыр боксы жайында сөз қозғалса, алдымен әлемдік додалар мен олимпиада ойындарында топ жарған мақтаныштарымыздың есімі еске оралады. Бұл тұрғыда 10 жылдан бері әлемдік деңгейде танылған саңлақтарды тәрбиелеген «Тарлан» бокс орталығының үлесі аз болмады.
Қызылорда қаласындағы аталмыш бокс клубы алғаш рет 2015 жылы Қазақстан бокс федерациясының қолдауымен ресми түрде ашылған болатын. Алайда кейіннен ғимарат жекеменшікке өтіп, өңірдегі боксты жүйелі дамытуда бірқатар қажеттіліктер туындаған. Соған орай биыл аталмыш «Тарлан» кешенін қайта басқарма теңгеріміне алу бастамасы көтеріліп, халық сенімін арттырған еді. Соның нәтижесінде, жуырда облыс әкімінің қолдауымен алғаш рет «Қызылорда бокс клубы» құрылып, облыстық Денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының теңгеріміне берілгені мәлім болды.
Басқарманың мәлімдеуінше, қазір нысанда демеушілердің көмегімен заман талабына сай жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоспар бойынша клубқа 4 жас ерекшелігі бойынша, яғни кіші жасөспірім, жасөспірім, жастар және ересек былғары қолғап шеберлерін қабылдау қарастырылған.
«Клубтың инфрақұрылымы кең әрі заманауи талаптарға сәйкес жабдықталмақ. Мұнда ерлер мен әйелдерге арналған арнайы бокс ринг залдары, фитнес залы, спортшыларға арналған 30 адамдық қонақүй және асхана қарастырылған. Аталған орталық облыстағы жас спортшыларға кәсіби деңгейде дайындалуға, халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қызылорда боксының дәстүрін жаңа деңгейге көтеріп, келешекте ел намысын абыроймен қорғайтын чемпиондар тәрбиелеуді мақсат етеді», – деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қыз-меті.
Бүгінде аталмыш спорт кешенінде тәжірибелі бапкерлер құрамымен қамтылған бокс, дзюдо, таэквондо және ауыр атлетика бөлімшелері жұмыс істейді. Соның ішінде бокс бөлімшесінде 120-ға жуық былғары қолғап шебері тыңғылықты дайындық жүргізіп жатқанын алға тартады. Негізінен, орталықтағы 16 жаттықтырушы ересектер, жастар және жасөспірімдерден құралған ұл-қыздардың шыңдалуына сеп болып жүр.
Осы орайда басқарма тарапынан Қызылорда бокс клубының басшылығына Сыр мақтанышы Қамшыбек Қоңқабаевқа ұсыныс жасау жоспарланып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар белгілі былғары қолғапшылар Құлахмет Тұрсынбай мен Руслан Сыбаевты да шақыртуға ниетті.
Жалпы, Сыр боксына серпін беретін тың бастама халықтың зор қолдауына ие. Осы арқылы келешекте қызылорданың қарадомалақтары арасынан шаршы алаңда шаң қаптыратын талай сайыпқырандардың шыңдалып шығатынына сеніммен қарайды.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы