Форум аясында жаңа заманға сай қазақ тілін оқыту әдістері, мемлекеттік тілде сөйлеуге қажеттілік қалыптастыру жолдары, жасанды интеллект пен ІТ жобалардың тіл үйретудегі рөлі талқыланды.
Сондай-ақ Форум барысында Қарағанды облысы аумағында мектеп оқушылары арасында өтетін «Тұлпар мініп, ту алған» облыстық байқауы таныстырылды. Форумға төрағалық еткен Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей өз сөзінде: «Ендігі мақсат – жыр-дастандарды жатқа білетін бүлдіршіндердің қатарын арттырып қана қоймай, сол туындылардағы ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл – болашақ үшін маңызды әрі игі міндет», – деді.
«AMANAT» партиясының қолдауымен ұйымдастырылып отырған байқау өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге, әдебиетке, мәдениетке деген ынтасын оятуға бағытталған. Сонымен қатар жасөспірімдерді халық поэзиясына, қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухын, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулуды мақсат тұтады.
Бұл жоба 2018 жылы Алматыда басталған болатын. Кейін республикалық ауқымды қамтып, 2019 жылы «Қобыланды батыр», ал 2020 жылы «Ер Едіге» жырын жатқа айтудан жарыс өтті. Әр жыл сайын қатысушылар қатары молайып, ауқымы ұлғая түскен жоба шеңберінде биыл сайыскерлер – мектеп оқушылары «Бөгенбай батыр» (Тастыбай Жағыпарұлы нұсқасы) жырын жатқа айтып, архаизм сөздердің мағынасына үңіліп, Қазақ хандығы тарихы бойынша, сондай-ақ географиялық жер-су атауларын ажыратып, жас ерекшеліктеріне сәйкес қазақ тілі мен әдебиеті пәндеріне қатысты сауалдарға жауап береді.
Қарағанды облысында байқаудың қалалық, аудандық кезеңдерінде 350-400-ге жуық жалпы білім беретін мектептерді қамту, ал облыстық деңгейде өңірдің 7 ауданы мен 6 қаласынан іріктелген сайыскерлерден үздіктерді анықтамақ.
Ұйымдастыру комитеті – AMANAT MEDIA GROUP Холдингі мен жергілікті атқарушы органдар (Тілдерді дамыту және Білім басқармасы) және жобаны қолдаушылар – «AMANAT» партиясы, Қарағанды облысының әкімдігі ұсынып отырған жүлде қоры да қомақты.
Байқау бірінші – аудандық және қалалық, екінші – облыстық кезеңнен тұрады. Байқаудың аудандық қалалық кезеңінде 1,2,3-орын алған жеңімпаздар дайындаған мұғалімдерімен бірге облыстық кезеңге жолдама алады.
Жеңімпаз оқушылар ақшалай сыйақымен марапатталады:
І орын – 150 000 теңге;
ІІ орын – 100 000 теңге;
ІІІ орын – 70 000 теңге;
Байқаудың облыстық кезеңінде жеңімпаз атанғандарға төмендегідей ақшалай жүлде қоры бекітілді:
Оқушылар үшін:
І орын – 1 000 000 теңге және демеуші тарапынан Қарағандыдағы жоғары оқу орнының біріне грант;
ІІ орын – 500 000 теңге;
ІІІ орын – 250 000 теңге.
Ұстаздар үшін:
І орын – 1 000 000 теңге және демеуші тарапынан жеңіл автокөлік;
ІІ орын – 500 000 теңге;
ІІІ орын – 250 000 теңге.
Байқау Ережесі мен жырдың толық нұсқасы qazaqepos.com сайтында жарияланды.