in

Тұрақтылық пен тәртіптің алтын қазығы

Мемлекетіміздің құқықтық жүйесі дамыған сайын заңға деген құрмет те күшейе түсуі тиіс. Себебі заң үстемдігі салтанат құрған елде ғана азаматтардың құқықтары қорғалып, әділет орнайды. Осы ұстаным Ақмола облысында өтіп жатқан мазмұнды шаралар арқылы нақты іске асырылып жатқанын айта кеткен ләзім…

Қоғамдық қауіпсіздік және қаржылық сауаттылық

Көкшетау қаласында ұйым­дастырылған қар­жылық қауіпсіздікке арналған се­минар –  соның тағы бір айға­ғы. Жұмыспен қамту және әлеу­меттік бағдарламалар бөлімінің «Бел­сенді ұзақ өмір сүру орта­лы­ғында» өткен басқосуға не­гі­зінен зейнет жасындағы адамдар қа­тысты. Өйткені дәл осы топ – қаржы пирамидаларына, интер­нет-алаяқтарға, телефон арқылы жасалатын арбауларға жиі ал­да­нып қалатын әлеуметтік топ еке­ні ащы да болса шындық. Құ­қық қорғау органдары, Эко­но­микалық тергеу департаменті мен қаржы нарығын реттеу агент­тігінің өкілдері қатысқан се­минарда егде жастағы аза­мат­тарға алаяқтықтың түрлерін, оның белгілерін танып-білудің жол­дарын тәртіп сақшылары қа­рапайым тілде түсіндірді.

Полицияның мәліметінше, бұл тек бірреттік шара емес, қо­ғам­ды құқықтық тұрғыдан са­уат­тандыруға бағытталған жүйе­лі жұмыстың көрінісі. Егде жас­­­­тағы адамдарға қарапайым мысалдармен түсіндірілген кеңес­тер олардың жинақтарын сақ­тап қалуға, күмәнді ұсы­ныс­тарға алданбауға көмектесері сөз­сіз.

«Жолдағы қабылдау» – халыққа жақын қадам

Щучинск қаласында өткен «Заң­ға қызмет етеміз – Конс­ти­туцияны түсіндіреміз» атты ак­ция да құқық қорғау орган­дары­ның ашықтығын дәлелдеді. «Жол­дағы қабылдау» шарасында ха­лық полицейлермен емін-ер­кін сөйлесіп, сұрақтарын қо­йып, өзек­ті мәселелерін жеткізуге мүм­кіндік алды.

Бұл жерде маңыздысы – сол билік пен қоғам ара­сын­дағы диалог. Азаматтар өз­де­ріне қажет құқықтық кеңес­­терді тікелей ала отырып, заңның қа­ра­пайым адамның күнделікті өмі­ріне қалай әсер ететінін те­реңі­рек ұғына түсті. Бұл шара­ның бұрынғыларына қарағанда ерек­шелігі – осы жолы онлайн бай­ланыс арқылы шалғай ауыл тұр­ғындары да шараға қатысып, құ­қықтық сауалдарына жауап ала алғанын атап өткен жөн.

Мұны Полиция департа­мен­тінің өкілдері де рас­тап отыр. Өткізілген іс-ша­ра­лар мен бастамалардың түпкі мақ­саты да сол халықтың құқық қор­ғау органдарына сенімін арт­тыру, қоғамның қауіпсіздігін қам­тамасыз ету болып отыр. Сон­дықтан халықтың барынша ер­кін форматта тәртіп сақшы­ла­ры­на өз сауалдарын қоюына мүм­кіндік берілді, – дейді Ақ­мо­ла облысы Полиция департа­мен­ті әкімшілік полиция бас­қар­масының бастығы, полиция пол­ковнигі Ержан Қошқарбаев.

Жастармен ашық диалог

Құқықтық мәдениет тек қарт­тарға емес, жастарға да қа­жет еке­ні анық. Өйткені ертеңгі елдің иесі – бүгінгі жас буын. Көк­ше­тау­дағы «Жастар Рухы» ко­вор­кинг орталығында өткен «Заң. Тәртіп. Жауапкершілік» ат­ты се­минар осыны айқын аңғарт­ты.

Жастармен өткен кездесуде есірт­кіні қолданудың салдары, са­лауатты өмір салтының маңы­зы, құқықтық сауаттылықты арттырудың жолдары айтылды. Бейнероликтер көрсетіліп, жас­тар өз ойларын ашық түрде біл­дір­ді. Бұл олардың азаматтық ұс­танымын қалыптастыруға ық­пал ететін аса маңызды қадам еке­ні сөзсіз.

Құқықтық түсіндіру жұмыс­тары әскери бөлімдерде де ұдайы түрде жалғасуда. Көк­ше­тау­дағы 99265 әскери бөлімінде өт­кен кездесуде әскери қызмет­ші­лерге есірткіге қарсы заңна­ма­ның жаңа нормалары түсін­ді­рілді. Әскерилер белсенділік та­нытып, полиция қызмет­кер­ле­рі­не көптеген сұрақ қойды. Бұл шара  әскерилердің де құ­қық­тық мәдениетін арттыруға ерек­ше үлес қосып отыр.

Азаматтыққа қадам – жеке куәлік

Конституция күні қар­саңында сонымен бірге Ақ­мола облысында жасөс­пі­рім­дер­ге алғашқы жеке куәліктерін таб­ыстау салтанаты да өтті. «Ата Заң – АЗАМАТ» челленджі ая­сын­да 16 жасар үш жас азамат ал­ғаш рет жеке төлқұжатын қо­лына алды.

Бұл рәсім – жай ғана құжат та­­быстау емес, ересек өмірге жа­­салған алғашқы қадам, аза­маттық жауапкершілікке бастау еке­ні анық. Әрбір жаңа буынға заң­ға құрметпен қарауды осын­дай сәттерден бастап үйрету аса маңызды екенін тәртіп сақ­шы­лары да кеңінен түсіндіріп өтті.

Құқықтық-ағартушылықпен қа­тар спорттық шаралардың да мә­ні зор. Биыл екінші рет өт­кі­зіл­ген «Көкшетау жалындары» түн­­гі жартылай марафоны – со­ның айғағы. Мыңнан астам әуес­қой спортшы қатысқан ма­ра­фонда салауатты өмір салты на­сихатталды. Бұл шара да жас­тар­ды жаман әдеттен аулақ бо­лып, денсаулықты сақтауға үн­деді.

P.S.

Заңға құрмет – қоғамға сенім. Ақмола облысында өткен мазмұнды іс-шаралар соның айқын дәлелі. Қоғамды құқықтық тұрғыдан ағарту, азаматтарды алаяқтықтан қорғау, жастарды тәрбиелеу, спорт арқылы ынталандыру – барлығы да бір мақсатқа қызмет етеді. Ол – әділетті, қауіпсіз әрі заңға бағынатын қоғам құру. Ата Заңымыз – тәуелсіздігіміздің тірегі. Оған деген құрмет  елдің болашағына деген құрмет болмақ. Сондықтан Конституцияны дәріптеу, заңның үстемдігін қамтамасыз ету  мемлекет тұрақтылығының басты кепілі екенін ұмытпасақ дейміз…

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы