Себебі жатақхана ашу біршама табысты бизнеске айналды. Оның қожайынына ақшаны Үкімет те, шәкірттер де қатар төлейді. Бұған қоса, мемлекеттен субсидия, артықшылық-преференциялар бар. Ал төменгі қабатын коммерциялық алаң ретінде пайдаланып, асхана, дәмхана, дүкен, басқасын ашып, қосымша пайда табуға болады. Бұл науқан «жетімбұрыш» жағалаған жастар проблемасын түпкілікті шешті ме?
Жайнатып сарай салғызды…
«Жатақхана жарысы» тосын көрініске де ие болып жатыр. Мысалы, тұрғынының саны жөнінен ең шағын өңірдің бірі саналатын Солтүстік Қазақстан облысындағы жалғыз жоғары оқу орны – Қозыбаев университеті сыртқы кейпінің өзі бесжұлдызды қонақүйді елестететін керемет жатақхана тұрғызып, іске қосты. Оның кіреберісінде алып әріптермен Student Residence Hall деп айғайлата жазылған.
Университеттік заманауи кешен 11 қабатты екі ғимараттан тұрады. Жалпы ауданы – 27 мың шаршы метр. 1 200 төсек-орынға есептелген. Онда жайлы жиһазбен жабдықталған бөлмелер, үлкен асхана, жеке медпункт, фитнес залдары, коуоркинг-аймақтар қарастырылыпты. Жаңа «резиденциядан» бөлек, Қозыбаев университетінде жалпы 1 365 орынға арналған тағы төрт жатақхана жұмыс істейді. Шенеуніктер бұл жаңа нысан тек ЖОО-ның ғана емес, жалпы СҚО колледждерінің де жатақханаға қажеттілігін толықтай өтеуге мүмкіндік беретініне екпін түсірді. Алайда осы университеттің өзінде 5 765 шәкірт білім алады. Демек, өзге түгіл, олардың бәріне орын табылмауы мүмкін.
Биылғы 6 қаңтарда Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстандағы ең үлкен «Студенттер үйінің» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың өзі оның тұсауын кесті. Үш блоктан тұратын алып жатақханаға бір мезгілде 2 656 адам түней алады. 6 қабатты ғимараттың ауданы – 15 мың шаршы метр. Әр блокта студенттерге жайлы тұру үшін коуоркинг, кітапхана, фитнес зал және коммерциялық алаңдар қарастырылған. Онда ЕҰУ-дың бакалавриат, магистратура және докторантура студенттері орналасады. Кешен жекеменшікте, ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынған.
Бұл нысан толығымен Wi-Fi-мен жабдықталған. Әр бөлменің төл жуынатын орны бар. Қолайлы лифтпен, кең есіктермен, жайлы төсек-орын, қымбат жиһаздармен жабдықталған.
– Жатақхана – бұл тек жататын орын ғана емес, сонымен бірге студенттердің жан-жақты дамуына ықпал ететін экожүйе. ЕҰУ-дың бұл студенттік кешені – Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жатақхана! Мұндағы барлық дизайн мен инфрақұрылым білім алушылар үшін ыңғайлы, кедергісіз орта құруға бағытталған. Қазақстанда алғаш рет осындай ірі студенттік жатақхана ашылуы – айтулы тарихи оқиға! – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Осымен ең құрыса еліміздің жетекші білім-ғылым ордасының бірі саналатын ЕҰУ-дың жатақхана мәселесі шешілді ме?
– Студенттерді жатақханамен қамту мәселесі әлі бірнеше жыл өзектілігін жоғалтпайды. Біздің университет студенттерге қолайлы жағдай жасауды бірінші орынға қоя отырып, бұл мақсатқа жету жолында бар күшін салды. Алдағы уақытта жаңа «Студенттер үйінің» құрылысын жалғастырып, білім алушыларымызға бұдан да көп жағдай жасауды жоспарлап отырмыз, – деді ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
Айтқандай, шағындау ЖОО-лардың бірі (ресми сайтында 3 мыңнан аса студенті бары жазылған), өзін «елорданың, Орталық және Солтүстік Қазақстанның заманауи жетекші университеті» деп дәріптейтін Esil University де Астанада «еуропалық үлгідегі жаңа жатақхана» салып жатыр.
– Бәріңізді осындай ізгі бастамамен құттықтаймын! Біз министрлік ретінде барлық студентті жатақханамен қамту мәселесінде алда тұрамыз. 2024 жылы 10 мыңға жуық орындық жатақхана іске қосылды. Алда орын санын 15 мыңға жеткізу мақсаты тұр. Сондықтан қосымша қаражат бөлуге қатысты Мәжіліс тарапынан қаржыландыру мәселесі шешіліп жатыр. Негізгі мақсат – жатақхана мәселесін 2-3 жылда шешу, – деп мәлімдеді осы университетке келген Ғылым және жоғары білім министрлігінің аппарат басшысы Мадияр Қожахметов.
Тапшылық қалай жойылады?
Студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін түпкілікті шешу Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 26 қарашадағы «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында міндет етіп қойылды. Тапсырманың берілгеніне биылғы қарашада үш жыл толады. Жауапты шенеуніктердің оны шешуді ұзатып алғаны байқалады.
коллаж: Елдар ҚАБА
Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми мәліметіне жүгінсек, 2023 жылы 10 304 орындық 43 жатақхана ғана іске қосылыпты. 2024 жылы жаңа жатақханалардың саны 40-қа дейін азайып кетті. Бірақ ғимараты ірілеу болғандықтан, бұлар 11 мың орынды қамтамасыз еткен көрінеді. Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде 2025 жылы 10 439 орындық 29 жатақхананы беру жоспарланғанын мәлімдеді. Яғни, жатақханалар саны 2023 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге дейін кеміп кетті.
Сөйтіп, жатақхана мәселесінің әзірге түпкілікті шешілетін түрі жоқ. Биылғы жаз бойы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өңірлерді аралап, жергілікті тұрғындармен және білім беру саласының өкілдерімен жүздесумен болды. Сол кездесудің бәрінде жұртшылық балаларына жатақханада орын табылмағанына шағымданған.
Кей жағдайда министр мырзаның мұның себебін түсіндіретін уәжі де болмады. Тек болашақта болады-ау деген ауандағы сырғытпа жауаппен жалтаруға тура келді. Мысалы, Арқалық қаласындағы кездесу барысында тұрғындар тағы да жатақхана тапшылығын тілге тиек етті. Министр «Арқалықта студенттерге арналған заманауи жатақхана құрылысы болашақта басталатынын» мәлімдеді. Бірақ ел қанша нақтыласа да, ол жарқын болашақтың қашан туатынын дөп басып айта алмады. Тек бұл – «өңір жастарына жасалатын маңызды инфрақұрылымдық қолдаудың бірі» болатынын қайталаумен шектелді.
Саясат Нұрбектің дерегінше, соңғы 3 жылда республика бойынша студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы шамамен тоғыз есе азайып, үш жыл бұрынғы 87 мыңнан 10 мыңға дейін қысқарған.
Алайда елде бұл салада шын мәнінде дағдарыс бар. Сол себепті ведомство биылғы тамызда Алматыда студенттерді жатақханамен қамту үшін арнайы орталықтар ашты. Ахуалдық орталық Алматыдағы «Бөгенбай батыр көшесі, 142» мекенжайындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында орналасқан. Бұдан бөлек, жатақхана берілетініне сеніп, ақыры далада қалған өңірлік шәкірттер үшін М.Тынышпаев атындағы Көлік және логистика университетінде арнайы түнейтін орын – «кризис-орталық» жабдықталыпты.
– Жалпы алғанда, Алматыдан басқа еліміздің барлық өңірінде жатақхана мәселесі шешілді. Қазір Алматы қаласы – басты назарда. Кез келген курс студенттері университеттен ақпарат ала алмаған немесе орын жеткіліксіз болған жағдайда ахуалдық орталыққа жүгіне алады. Мұндай жағдайда министрлік студенттерді басқа ЖОО-лардағы резервтерге орналастырады. Шұғыл жағдайларға арналған Дағдарыс орталығында 55 орын қарастырылған. Елде орын тапшылығы ішінара хостелдерге орналастыру арқылы шешіліп жатыр. Хостелдер оқу жылы басталар алдында, ортасында және студенттер орындарды босатқаннан кейін жылына үш рет тексеріледі, – деді С.Нұрбек.
Аймақтық студенттердің 28,5%-ы – жатақханада
Бір аптадан соң елдің түкпір-түкпірінен ірі қалаларға білім қуған жастар лек-лекпен ағылады, алды келіп те қойды. Министрдің мойындауынша, жылдағы сияқты биыл да студенттер үшін жаңа оқу жылының маңызды проблемасының бірі – жатақханаға орналасу болмақ. Өткен 2024-2025 оқу жылында қос мегаполисте жатақханаға деген өткір тапшылық туындапты. Биыл Алматыда ғана күтілетіні мәлімделді. Өзге өңірлерде өткір «дефицит» болмағанымен, жетіспеушілік байқалуы мүмкін. Оны шешу ЖОО-ларға жүктелді.
– Студенттердің оқу жылы басында көптеп келуі, әсіресе Алматы мен Астанада күтілгендіктен министрлік ахуалдық және дағдарыс орталықтарын ұйымдастырды. Ахуалдық орталық студенттерді жатақханадағы орын туралы хабардар етеді, ал дағдарыс орталығы форс-мажор жағдайдағы, баспанасыз қалған студентті уақытша тұрғын орынмен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ елдегі барлық жоғары оқу орнында жатақханаға мұқтаж студенттерді қолдау үшін төл ахуал орталықтары, жобалық кеңсе жұмыс істейді, – деді министр С.Нұрбек.
Ол жатақханаға орналасу өтінішінің форматы оңтайландырылғанын, былтырдан студенттердің жатақханадағы орынды таңдау қызметі автоматтандырылған проактивті форматқа көшірілгенін қосты. Проактивті форматты іске асыру үшін Smart Data Ukimet жүйесі мен «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» ақпараттық жүйесі кіріктірілді.
«2019 жылдан бері Қазақстанда 62 045 төсек-орынға арналған 251 жатақхана іске қосылды. Салыстырсақ, 2008-2018 жылдары – барлығы 9 мың орын ғана ашылған еді. Нәтижесінде, жатақхана орнының тапшылығы 2019 жылғы 82 500-ден 2025 жылы шамамен 10 000 орынға дейін қысқарды. Биыл барлық дерлік өңір бойынша жатақхана тапшылығы толығымен жойылды. Тапшылық тек Алматы қаласында қалады», – деп сендірді Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Алайда Energyprom мониторинг агенттігінің сарапшылары бұл жерде әңгіме тек жатақханадан орын сұрап жүгінген студенттер туралы ғана болып отырғанына назар аудартады. Әйтпесе, ауыл-аймақтан келген шәкірттердің үлкен бөлігі бәрібір жатақханадан орын таппайды, амалсыз қалада пәтер жалдап тұрады немесе жақын-жуық, туыс-туғанның үйін жағалайды. Мұның сыртында жатақханалардағы орын қымбаттаған.
Мәселен, Ұлттық статистика бюросының ақпаратынша, 2024-2025 оқу жылында Қазақстанда ЖОО-ларда оқыған 600 мыңдай студенттің 336,4 мыңы ауыл-аймақтан келген. Бұл алдыңғы оқу жылындағыдан 7,5% көп. Жаңа оқу жылында одан да жоғары болады деп болжанды.
Министрлік, университеттер мен ірі қалалардың әкімдіктері солардың әзірге жартысын да жатақханамен қамти алмайды. Ауыл-аймақтан келген студенттердің көптігі жөнінен көш басында Алматы (123,5 мың студент) тұр. Одан кейін Астана (51,9 мың) және Шымкент (28,5 мың адам) орналасты. Бестікке Қарағанды мен Қостанай қаласы енді.
Ресми мәлімет бойынша, өзге өңірлерден және ауылдан келген 336,4 мың студенттің өткен оқу жылында 131,4 мыңы жатақхана сұрап жүгініпті. Бұл 2023-2024 оқу жылындағыдан (134,6 мың) 2,4% кем. Алайда шенеуніктер осы қатары азайған жастарды да ақылы (жатақханадағы орын үшін ақы төлеу қажет) панамен қамтамасыз ете алмады. Қорытындысында, 95,9 мың студент қана жатақханада тұрып жатыр. Негізі, іске қосылатын жатақханалар санының қатты азайғаны жоғарыда келтірілді. Егер іске екпін мен серпін бермесе, мұндай митың қарқынмен, жайбасар арынмен жауапты шенеуніктер жастардың жатақ үйінің тапшылығын түбегейлі шеше алмауы мүмкін.
Елдос СЕНБАЙ