in

75 жастағы қазақстандық жиһанкез әлемді жаяу аралауға аттанды

Ұлытаулық Сәрсенбай Қотырашов жер шарын жаяу аралаудың төртінші кезеңіне аттанды, – деп хабарлайды Аikyn.kz   24kz-ке сілтеме жасап.

75 жастағы жиһанкез 3 айға созылатын сапарда Болгария, Сербия, Венгрия, Австрия, Германия, Франция мемлекеттерін жүріп өтпек. Жалпы қашықтық – 3200 шақырым.

Ардагер марафоншы осыған дейін 14 мың шақырымды еңсерген. 2022 жылы Қазақстанды түгел аралап шықты. 2023 жылы Кавказ арқылы Ыстамбұлға дейін, былтыр Ресейдің Алтай өлкесін, Моңғолия мен Қытайға дейін 3 мың шақырым жаяу жүрген. Ал осы сапарда Еуропаның 6 мемлекетін жүріп өтпек.

Күніне шамамен 40 шақырым. Аялдаған жерлерде түрлі кездесулер мен баспасөз мәслихаттарын өткізіп, көшпелі халықтың тарихы мен қазақтың ежелден келе жатқан қымыз мейрамын насихаттайды.

Әзірге 70 жастан асқан шағында әлемді жаяу аралап өткен ешкім жоқ. Бірақ Сәрсенбай Қотырашов: «Менің мақсатым – рекорд тіркеу емес», – дейді. Салауатты өмір салтын серік еткен ақсақалдың өзінің межесі бар. Ол – 40 мың шақырым. Келер жылы АҚШ-тың 8 штатын жаяу аралап өтпек.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.