in

Таиландтағы тартысты текетірес

Құрлықтық біріншілік биыл ал­ғаш рет Дүниежүзілік бокс фе­дерациясының (World Boxing) ұйым­дастыруымен өтті. Көптеген құ­рама додаға өздерінің үздік спорт­шыларын алып барып, жа­рыстың бәсекелестігін күшейтті де­сек болады. Соның нәтижесінде жа­рыс тартысты өтіп, күтпеген нә­­­тижелер тіркелді.

Медальдар екі жас сана­тын­да сарапқа салынды. Банг­коктағы шаршы алаңға 19 жә­не 22 жасқа дейінгі спортшылар шық­ты. Қазақстан құрамасы то­лық құраммен қатысып, ұзақ уа­қыт бойы дайындық жүргізді. Ерек­ше атап өтерлігі, жас қазақ­стан­дық боксшыларды Олимпиада чем­пионы Бақыт Сәрсекбаев жат­тықтырды. Айта кетсек,  бұған дейін шешуші дайындық кезеңі Ыс­тықкөлде (Қырғызстан) өтті.

– Біз Ыстықкөлде оқу-жаттығу жиын­дарын өткіздік. Жиын бары­сын­да физикалық және техника­лық дайындыққа ерекше көңіл бө­лінді. Сонымен қатар Қыр­ғыз­стан ұлттық құрамасымен бірлесіп қарқынды жаттығу жұмыстары жүр­гізіліп, бірқатар жаттығу жек­пе-жектері өткізілген болатын. 

Әр салмақта өткен жаттығу жек­пе-жектерінің нәтижесінде ең үз­дік спортшылар іріктелді. Ірік­тел­ген боксшылардың барлығы Таи­ландқа аттанды. Азия чемпио­на­тынан кейін қалыпқа келтіру ша­раларын өткізуді жоспарлап отыр­мыз. Себебі жарыс кестесі өте ты­ғыз болды және жекпе-жектер ауыр өтті, – деді Бақыт Сәрсекбаев.

Спорт журналисі Аслан Қа­же­новтің айтуынша, бұл жарыстар бок­сты дамыту жүйесіндегі кейбір ол­қылықтарды анықтауға, кемші­лік­терді көруге және алдағы жұ­мыс­­тарды жүйелеуге мүмкіндік бе­реді. 

– Соңғы бір жылды алсақ бар­лық құрлық, әлемдік жарыстарда жастар арасында жалпы есепте тек бірінші орын алып келдік. Қазіргі нә­тиже, әрине көңілді көншіт­пей­ді. Жанкүйерлер тарапынан да кей­бір орынды сындар айтылып жа­тыр. Жаттығу барысында бала­лар­дың шеберлігін шыңдау, тәжі­ри­бе толыстыруға қатысты біраз жұ­­мыстар атқарылу керек екені бай­қалды. Бапкер құрамы оны ес­керді. Екіншіден, төрешілердің ке­­рі әсер бергені де анық көрініп отыр. Аяқтан шалып, жеңістен шал­­ған сәт көп болды. Бұл мәсе­ле­­лер алдағы уақытта реттеледі деп ой­лаймыз. World boxing жаңадан құ­рылған ұйым болғандықтан, бұл олқылықтар заңды деп ойлай­мын, – дейді ол.

Нәтижелерге тоқ­талсақ, жал­пы алғанда боксшы­ла­­ры­мыз Азия чем­пионатында же­­ті алтын медаль жеңіп алды. Оның ішінде, бес алтын­ды жоғары жас са­натындағы спорт­шы­лар ен­шіледі. Ал U19 санатында ерлер мен әйелдер құрамасы бір-бір ал­тыннан иеленді.

U19 сана­тын­да­ғы ерлер ара­сын­­­да Расул Асан­ханов 90 келіге дейін салмақта Азия чемпионы атан­­ды. Ал Әділет Тор­тубек (60 ке­лі­ге дейін), Бей­ба­рыс Әшірбай (70 келіге дейін), Ти­мур Тайбеков (80 келіге дейін) жә­не Нұрсұлтан Қыс­таубай (85 ке­ліге дейін) күміс жүл­дені ен­ші­леді. Ал Нұрсұлтан Шіл­дебай (75 ке­ліге дейін) қола ме­дальға қол жет­кізді. Командалық есеп­те Қа­зақ­стан үшінші орынға жай­ғасты. Бірінші орында – Өзбекстан, екінші – Таиланд.

Дәл осы санаттағы қыздар ара­сын­да Құралай Егінбайқызы (80 келіге дейін) алтын медаль жеңіп алды. Күміс медаль Аяжан Ермекке (57 келіге дейін) бұйырды. Айым Тан­кибаева (51 келіге дейін), Жа­нель Имантаева (54 келіге дейін), Али­на Кудайгенова (60 келіге дейін), Ақбота Есімбекова (65 ке­ліге дейін) және Сабина Жақсылық (80 келіден жоғары) жеңіс тұғы­ры­ның үшінші сатысына көтерілді. Осылайша, Қазақстан құрамасы ме­дальдық есепте төртінші орынға жайғасты.

– Жалпы, жігіттердің әлеует­тері жаман емес. Индивидуалды спорт болғаннан кейін кейбір сал­мақта мықты балаларымыз бар. Кей­біреуінде сәл тәжірибенің же­тіс­пеушілігі бар. Алдағы уақытта ауыз­біршілік, жүйелі жұмыс керек. Негізінде, осы жарыс үлкен сабақ болды, осылай болуы керек те шы­ғар деп ойлаймын. Өйткені тек бірін­ші орында жүре бергеннен біз тоқ­мейілсіп, өзімізге көңіліміз то­лып қалуы мүмкін. Осы тұрғыда ша­малы сүрініп тұрғанда жақсы деп пайымдаймын. Жарыстың та­ғы бір ерекшелігі жаңа салмақтағы жекпе-жектердің болуы. Осы жа­ғы­нан да жігіттеріміз жаңа салмақ­тар­ға икемделіп, жақсы өнер көр­сетті, –  деп қоры­тын­дылады Аслан Қаженов.

U22 санатында біршама елеулі же­тістігіміз бар. Азия чемпиона­ты­ның шешуші күнінде 22 жасқа дейін­гі спортшылар бақ сынады. Бұл кезеңде қазақстандық бокс­шы­лардың нәтижесі айтарлықтай жақсарды. Әйелдер арасында Гүл­наз Бөрібаева (48 келіге дейін) мен Ба­қыт Сейдіш (70 келіге дейін) ал­тын медаль еншілеп көңілімізді мар­қайтса, Шұғыла Нәлібай (75 ке­ліге дейін) мен Әсел Тоқтасын (80 келіден жоғары) күміс жүлдені місе тұтты. Қорытынды есепте Қа­зақстан құрамасы үшінші орынға тұрақтады. Бірінші орын – Қытай, екінші – Өзбекстан.

Ерлер арасындағы сайыста Қазақстанның Әнұраны үш мәрте шырқалды. Чемпион атан­ғандар­дың арасында Нұрис­лам Қалды­баев (60 келіге дейін), Сан­жарәлі Бе­галиев (80 келіге дейін), Темір­лан Мұқатаев (90 ке­ліге дейін) көз­ге ілінді. Ал күмісті  Илья Ка­линин (65 келіге дейін) мен Нұрбек Мұр­сал (70 келіге дейін) жеңіп ал­ды. Ко­мандалық есеп­те біздің құрама тек Өзбек­стан­ға ғана жол берді. Үшінші орын Жапо­нияға бұйырды.

Спорт сарапшысы Айдос Рым­­құл еліміздің төмен нә­тиже көр­сеткеніне бірнеше фак­торды тіз­бектеп айтып берді.

– Ең негізгісі екі турнирдің ара­сы тым жақын болды. Шри-Лан­кадағы турнир мамыр айында бол­са, екіншісі тамыз айының ба­сында болды. Спортшылардың пик формасы бәлкім осы мамыр айы­на келген шығар деп ой­лай­мын. Екінші фактор ретінде фе­де­рацияның жіберген қателіктерін ай­туға болады. Шри-Ланкада өт­кен жарысқа үлкен күш жұмсап, жаңадан құрылған ұйым World boxing-тің ашуын тудырып алған сияқ­тымыз. Оған себеп Таилан­д­тағы ұйымның вице-президенті бо­лып Өзбекстан азаматының сай­лануы болды. Қаншама елден мық­ты адам үміткер болса да, таң­дамауында бір гәп бар. Үшіншіден, жа­рыс барысында төрешілердің өз­бек боксшыларын алдыға сүй­ре­гені әбден байқалды. Мық­ты­лар­мен кездеспес үшін, қарсы­лас­тар­дың алдын тазалап отырды десем қа­телеспеймін. Жалпылама қа­рай­тын болсақ, қазақ боксы техникаға икем­делген, ал өзбек боксы жап­пай төбелеске құрылған. Алайда тө­решілер тең кездесудің бәрінде біз­дің жаққа бұрған жоқ, – деді спорт сарапшысы.

Жалпы алғанда, Таиланд­тағы Азия чемпионаты қазақстандық бокс үшін бір жағы­нан сынақ, бір жа­­­­ғынан сабақ бол­ды. Жеті алтын – аз олжа емес, бірақ бұрынғыдай үстемдік көрсете алмау, төрешілік даулар мен дайындықтағы олқылықтар бола­шақта түзетуді қажет етеді. Бұл дода біздің жастар­дың әлеуетін, бір­ақ сонымен қатар жүйелі жұмыс пен халықаралық дең­гейдегі ық­пал­дың да маңызды еке­нін айқын көр­сетті.

Әсет ҚАЛИ