in

Білім – ел дамуының қозғаушы күші

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі Тамыз конференциясында педагогтер қауымының ел дамуына қосқан үлесін жоғары бағалап, олардың мәртебесін көтеру мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты шараларды жариялады. Білім мен тәрбие сапасын арттыру, цифрлық технология мен жасанды интеллектіні енгізу, жастарды адал әрі еңбекқор азамат ретінде тәрбиелеу – алдағы жылдардың басты міндеті болмақ.

Президент дәстүрлі Тамыз кон­фе­рен­циясының ашылуымен құттықтай ке­ле, бұл жиын өскелең ұрпаққа са­па­лы білім мен тағылымды тәрбие беру мә­селесіне арналған өте маңызды бас­қосу екенін атап өтті, сондай-ақ ұстаз­дар қауымына өлшеусіз еңбегі үшін алғыс айтты. 

– Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Сіз­дер күнделікті қажырлы еңбектеріңіз ар­қылы ел дамуына өлшеусіз үлес қо­сып келесіздер. Жас ұрпақтың бойына бі­лім нәрін сеуіп, озық ойлы ұлт тәр­бие­леп жүрсіздер. Халқымыздың зият­­­­керлік қуатын арттыруға белсене ат­салысып жатсыздар. Бүгін мен елі­міздегі ұстаздар қауымына шынайы ри­зашылығымды білдіремін! Шын мә­нінде, мұғалімдер мемлекеттік маңы­зы бар жұмысты атқарып жатыр. Ыбы­рай Алтынсарин «Жақсы оқы­тушыны бәрінен де қымбат көремін» де­ген. Елдің ертеңі мұғалімдерге ті­ке­лей байланысты. Сондықтан ұстаздың қоғамдағы орны бәрінен биік болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Ұстаздың әлеуметтік жағдайы – басты назарда

Қ.Тоқаев өз сөзінде ұлттың жаңа са­пасын қалыптастыру үшін нақты ре­формаларды қолға алғанын, мем­ле­кеттік қызметте меритократия қағи­да­ты басты орынға шыққанын, заңды сый­лау, тәртіпке бағыну қоғамның мыз­ғымас қағидасына айнала баста­ғанын, бір сөзбен айтқанда, Қазақстан жаңа сипатты ел болу жолына бет бұр­ғанын атап өтті. Осы өзгерістерді бір­жола орнықтыру жолында ұстаздар қауы­мына зор жауапкершілік жүкте­ле­тінін жеткізді.

Президенттің айтуынша, соңғы жыл­дары бұл бағытта ауқымды жұмыс ат­қарылуда. 2019 жылдан бері білім са­ласының бюджеті үш есе артты. Осы уа­қытта 1 миллионнан астам оқушыға ар­налған 1200 мектеп ашылды. «Ке­ле­шек мектептері» ұлттық жобасы ая­сын­да жалпы саны 217 мектеп құры­лысы жоспарланды. Қазір 128 мектеп салынды. Бұдан бөлек, Білім беру инф­рақұрылымын қолдау қорының қаржысына алпыстан астам мектеп ашыл­ды, тағы 30-ға жуығы салынып жатыр.

– «Педагог мәртебесі туралы» ар­найы заң қабылданды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы белгілен­ді. Бүгінде 74 мұғалім осы құрметті атақ­қа ие болды. Былтыр екі ұстаз «Қа­зақстанның Еңбек Ері» атанды. Бұл – барша педагогтер қауымына көр­се­тілген зор құрметтің белгісі.

Мұғалімдердің әлеуметтік жағ­дайын жақсарту – әрдайым басты на­зарда. Соңғы төрт жылдың ішінде олар­дың жалақысы 2 есе өсті. Қазір 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы тө­ленеді. «Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы» жобасы қолға алын­ды. Осы жобаға қатысқан 332 ма­ман мектеп директоры болып та­ғайын­далды. Мұғалімдер өз міндетіне кір­мейтін артық жұмыстан босатыл-ды, – деді Қ.Тоқаев.

Озық елдер тәжірибесін зерттеген жөн

Әзірге қол жеткен табыстар аз емес. Алайда арқаны кеңге сала­тын уақыт емес, өйткені алдағы міндеттер бұдан да көп. Осы тұр­ғы­да Президент білім беру жүйе­сіне қатысты бірқатар ұсынысын айтты.

Мемлекет басшысының сөзін­ше, біріншіден, білім сапасын жақсарта түсу қажет. Қазір ғылым мен білім, технология өте жылдам өзгеріп жатыр. Кеше алған білімің ертең өзекті болмай қалуы мүмкін. Сондықтан мұғалімнің білікті болуы – өте маңызды мәселе. 

– Дамыған мемлекеттерде білім беру саласы ұлттық экономи­каның тірегі, қозғаушы күші екені белгілі. Сондай елдердің тәжіри­бесін зерттеген жөн. Бірақ басқа­лар­дың бала оқыту үлгісін құр көшіріп әкеле салуға да болмайды. Озық тәжірибені үйреніп, оны еліміздің болмысына бейімдеу керек, – деді Қ.Тоқаев.

Тағы бір өзекті міндет – қала және ауыл мектебіндегі білім беру деңгейін теңестіру. Президенттің айтуы бойынша, соңғы төрт жылда 4 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңғыртылған. Оның басым көп­ші­лігі – ауыл мектептері. Ауыл­дағы білім ошақтарына күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңадан кітап­ханалар, асханалар мен спорт зал­д­ары сал­ын­­ып жатыр. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.

– Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек. «Келешек мектептері» жоба­сының негізгі мақсаты да – осы, – деді Мемлекет басшысы.

Жауапкершілік бәріне ортақ

Екінші ретте Президент кез келген қоғамның қос тұғыры – білім мен тәрбие саласына баса назар аударды. 

– Ұлттық білім саласындағы тәрбие жұмысында біртұтас жүйе болуы керек. Жас ұрпақтың бойы­на жалпыұлттық құндылықтарды сіңіру қажет. Әрбір жас отаншыл, жасампаз, жаңашыл, білімпаз, еңбекқор, ұқыпты, үнемшіл болып өсуі керек. Сондай азаматтар ғана мәдениетті, қауіпсіз әрі «Заң мен тәртіп» үстемдік құратын қоғам­ның іргесін қаламақ.

Халқымыз «Тәрбие тал бесік­тен басталады» деп бекер айтпаған. Ұрпақ тәрбиесінде ата-ана, мұға­лім және мемлекеттік органдар бірге жұмыс істеуге тиіс. Себебі жауапкершілік бәріне ортақ. Хакім Абай да «Адамның адамшы­лығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақ­сы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп айтқан, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қ.Тоқаев «Отба­сы – мектеп – мемлекет» үштігі үйлесімді болса, жақсы нәтижеге жетуге болатынын, ал бұл үштіктің өзегінде еңбекқорлық идеясы болу­ға тиістігін қадап айтты. 

Бұдан бөлек, Президент елі­міздің түкпір-түкпірінде іске асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпы­ұлттық акциясына тоқталды.

«Таза Қазақстан дегеніміз – қоршаған ортаны таза ұстау ғана емес. Әрине, ол да маңызды. Соны­мен бірге бұл – ой-сана тазалығы деген сөз. Жан-дүниесі таза адам қайырымды, мейірімді болады. Қолы таза адам жемқор­лыққа бармайды, адал болады. Асыл қасиеттерді бойына сіңірген нағыз адал азаматтар Әділетті Қа­зақстанның тірегі болатыны сөз­сіз», – деді Қ.Тоқаев.

Мектеп  қауіпсіз жер болуға тиіс

Үшінші мәселе ретінде Мем­лекет басшысы өскелең ұрпақты әлеуметтік кеселдерден сақтау қажеттігін жеткізді.

– Балаларды жауапкершілікке баулып, оларға кез келген әрекет­тің салдары болатынын түсіндіру маңызды. «Заң мен тәртіп» қағи­да­ты тәрбие жұмысының ажыра­мас бөлшегіне айналуға тиіс. Ең басты міндет – осы тұжырымдама­ның мән-маңызын түсінікті тілде, озық педагогикалық әдістер арқы­лы өскелең ұрпақтың санасына сіңіру, – деген Президент бұл іске директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, сынып жетекшілері мен мектеп психолог­терінен бөлек, барша ұстаздар қауы­мы атсалысуға тиістігін, өйткені бұл – мемлекеттік маңы­зы бар міндет екенін айтты.

Қ.Тоқаевтың сөзінше, наша­қорлық пен лудомания, тұрмыс­тық зорлық-зомбылық, буллинг және бұзақылық сынды зиянды әдеттермен күресуде мұғалімдер айрықша рөл атқарады. 

– Жас ұрпақ арасындағы наркотизмге қарсы іс-қимылға бүкіл қоғам болып жұмылу керек. Мен бұл туралы жақында Қауіпсіз­дік Кеңесінің отырысында айт­тым. Бірақ ең бастысы, әртүрлі стимуляторлармен әуестену, тіпті ол зиянсыз болса да түбі жарға жығатынын балалар мен жастарға түсіндіру қажет, – деді Президент.

Бұдан соң Мемлекет басшысы балалар арасындағы әлімжеттік мәселесіне тоқталды. Мектеп әр бала үшін қауіпсіз жер болуға тиіс­ті­гін, зорлық-зомбылыққа, яғни буллингке, қатігездік пен оз­быр­лыққа мүлде жол берілмеуі керекті­гін жеткізген Президент соңғы екі жылда өскелең ұрпақтың құқығын қорғау үшін қабылданған нақты шараларды мысалға кел­тір­ді: атап айтқанда, кәмелет жасына толма­ған­дарға қатысты жасалған кез кел­ген зорлық-зомбылық үшін бері­ле­тін жаза қатайды, Бала құ­қық­­тары жөн­індегі уәкілдің құзы­реті кеңейді.

– Жаңа оқу жылынан бастап мектептер мен колледждерде әлім­­­жеттікке, буллингке қарсы «ДосболLIKE» атты бағдарлама іске қосылады. Негізгі мақсат – бала­лар мен жеткіншектер ара­сын­дағы зорлық-зомбылықтың алдын алу. Бұл бағыттағы маңызды жұмыс тоқтамайды, жасөспірім­дердің құқығы мен мүддесін қор­ғау мәселесі әрдайым мемлекет на­зарында болады, – деді Мем­лекет басшысы.

Жасанды интеллект дағдыларын меңгеру маңызды

Басқосуда көтерілген төртінші маңызды мәселе – білім беру үдерісіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жедел енгізу қажеттігі болды. Бүгінде «озық ойлы ұлт» пен «техноло­гия­лық ұлт» ұғымдары егіз. Сон­дық­тан Президенттің айтуынша, жаһандық үрдістерге бейімделу – біздің басты міндетіміз. Ол үшін білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформацияның қарқынын үдету өте маңызды. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні игеру білім саласындағы теңсіздікті еңсеріп, оқу сапасын ай­тар­лықтай арттыруға үлес қосады.

– Бүгінде еліміздегі мектеп­тер­дің 95 пайыздан астамы жыл­дам интернетпен қамтылған. Аталған көрсеткішті 100 пайызға жеткізу керек. Жерсерік жүйе­лерінің мүм­кіндіктерін осы мақ­сат­қа пайдала­нуға болады. Мұны жай ғана ин­фра­құрылымға теңдей қол жет­кізу мәселесі емес, әлеу­меттік әділ­діктің маңызды идео­логиялық қа­ғидаты ретінде қарас­тырған жөн, – деді Қ.Тоқаев.

Тағы бір үлкен мақсаттың бірі – балаларға жастайынан жа­санды интеллект технологиясын оқыту. Болашақта жастардың бәсекеге қабілетті озық маман болуына қажетті саналатын бұл дағдыны меңгеру міндеті  педагог­терге де қатысты. Осы орайда Мем­­лекет басшысы мұғалімдерге өз пәнін жетік меңгеріп қана қой­май, педагогикалық тәжірибеде жаңа технологияларды да қолдана білуі керектігін тапсырды.

Педагог беделін арттыру – міндет

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Тамыз конференциясы барысында мұғалімнің құқығын қорғау мәсе­лесі әрдайым басты назарда болуы керектігін жеткізді. 

– Мен сөз басында ұстаздар­дың өз міндетінен тыс жұмыстар­дан босатылғанын айттым. Бірақ кейде жергілікті билік өкілдері заң талаптарын өрескел бұзып жатады. Прокуратура органдары мұндай заңбұзушылықтарға тосқауыл қоюы керек. 

Сондай-ақ балаларға қатысты кез келген жазатайым жағдай үшін де мұғалімді жазалау орынсыз деп санаймын. Мектептен тыс жерде, ата-аналардың жауапсыздығынан оқыс оқиға болса, оған ұстаз жауап­ты емес. Алматы облысында түлектер арасында болған қайғы­лы жағдай үшін директор мен мұға­лім­дер жауапқа тартылып, жұ­мыстан шығарылды. Министр­лік олардың мүддесін қорғап қал­ды. Дұрыс. Біз мұндай келеңсіз­дік­ке жол бермеуіміз керек, – деп қадап айтты Президент.

Сонымен қатар Мемлекет бас­шы­сы «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау жөн­інде өзгерістер енгізу қажет деп санайды. Мемлекеттің міндеті – мұғалімнің қоғамдағы беделін және мәртебесін мейлінше арт­тыру.

Мектептегі тамақ сапасы да жиынның басты тақырыптарының бірі болды. 

– Маңғыстауда балалар сапа­сыз тамақтан уланып қалғанын білесіздер. Осы сұмдық жағдайдан кейін мектептегі тамақтың сапа­сын қадағалау жұмысын Денсау­лық сақтау министрлігі толығымен өз міндетіне алды. Бұл өте дұрыс шешім болды. Жалпы, білім сала­сы – мемлекет үшін страте­гиялық мәні бар сала. Сондықтан құзырлы мемлекеттік органдар білім сала­сындағы мәселелерден сырт қал­мауы керек. Түптеп кел­генде, ба­ла­лардың амандығы, олардың денсаулығы және сапалы білім алуы – еліміздің келешегіне тіке­лей қатысы бар мәселе, – деді Президент бұл жайында.

Мемлекет басшысының сөзі­нен-ақ білім беру ісі – ел дамуы­ның стратегиялық өзегі екені анық сезіледі. Ұстазға көрсетілген құрмет пен жасалған қолдау – өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына жол ашып қана қоймай, Қазақстанның озық, жаңашыл мемлекет ретінде өркендеуіне бе­рік іргетас қалайды. «Білім мен ғылым Қазақстан дамуының қоз­ғаушы күші болуға тиіс. Алдағы жылдары осы міндетті орындауға бар күш-жігерімізді салып жұмыс істеуіміз керек. Бұл – Мемлекет басшысы ретінде мен үшін мызғы­мас басым­дық», – дей келе, Пре­зидент Тамыз конференциясына орай бір топ ұстазды мемлекеттік награда­лар­мен марапаттау туралы Жарлық­қа қол қойғанын, бес мұғалімге «Қа­зақ­станның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы бері­летінін жеткізді. Осы жиында көтерілген бастамалар мен беріл­ген марапат­тар – педа­гогтің қ­о­ғам­дағы мәрте­бесін биіктетіп, ел ертеңіне деген сенімді бұрынғыдан да бекемдеді.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ