Таң ала құзғынынан қала жұрты енді ояна бастағанда-ақ автобус жүргізушілері жолға шығып, күн батқанда соңғы жолаушыны жеткізгенге дейін тыным таппайды.
Осындай қарапайым еңбек адамдарының бірі – Көкшетау қаласының тәжірибелі автобус жүргізушісі Бүркітбай Жүсіпбеков. Жүргізушілікке келгеніне биыл тура қырық жылға жуықтап қалған, ол қанша ұсыныс болса да, мамандығын өзгертпей, халыққа қызмет етуді өмірлік ұстанымына айналдырған.
Айыртау ауданының тумасы Бүркітбай аға әскерден оралған соң бірден Көкшетауға келіп, автобус паркінде еңбек жолын бастапты. D санатындағы дәрежелі жүргізуші куәлігін алғаннан кейін 1986 жылы үлкен қоғамдық көліктің тізгіні сеніп тапсырылған.
– Балалық шағымнан-ақ техникаға қатты қызығатынмын. Үлкен автобусты жүргізу маған әрқашан аса қызық әрі зор мәртебе болды. Бұрын жалақысы да жақсы, жолаушылар да ілтипатты еді. Сәлемін беріп, алғысын айтып шығатын жан өте көп болатын. Қазір заман өзгерді, адамдар да әртүрлі, бірақ мен ешқашан жолаушымен сөзге келмеймін, – дейді Бүркітбай Жүсіпбеков.
2000 жылдардың басындағы қаржылық қиындық кезінде бір жарым жылдық үзіліс болғанымен, кейіпкеріміз қайтадан сүйікті ісіне оралып, «Бірлік» мекемесінде электрші және жүргізуші қызметін қатар атқарыпты. Соңғы он бес жылдан астам уақыттан бері «Сейнұр» ЖШС автобус паркінде қажырлы еңбек етіп келеді.
Бүгінде Бүркітбай Жүсіпбеков күн сайын №8 және №22 бағыттарында жұмыс істейді. Қоғамдық көлік жүргізушілерінің жұмыс күні өте ерте басталады. Жұрт шырт ұйқыда жатқанда кейіпкеріміз автобусын кезекті жұмыс күніне әзірлеп, жұмысын бастап кетеді. Автобус паркінде кейіпкеріміз еңбек ететін №8 бағытқа таңғы 06:55-те, №22 бағытқа тіпті 06.10-да жолға шығу қажет.
– Автобусты күн сайын өзіміз қарап шығамыз. Әрине, механиктер бар, бірақ көліктің жағдайын жүргізуші де толықтай білуге тиіс. Тіпті, өзіміз жуамыз, – дейді тәжірибелі жүргізуші.
Бүркітбай Жүсіпбековтің айтуынша, жолаушылар тасымалы саласында кадр тапшылығы аса қатты сезіледі.
– Бізде 30-40 пайыздан астам жүргізушілер – зейнет жасындағы кісілер. Жастар бұл салаға өте аз келеді. Айтатындары – жалақы көңілден шықпайды және D санатын алу ұзақ әрі қиын. Бұл тек елімізде ғана емес, қазір шетелде де байқалады. Кей әріптестеріміз Чехия, Польшаға барып, сол жақта да автобус жүргізіп жүр, – деді ол.
Бүркітбай Жүсіпбеков биыл мерейлі 60 жасқа толмақ. Жанында – өмірлік жары, өрт сөндіруші болып қызмет ететін ұлы және сүйікті немерелері бар. Демалыс күндері бау-бақшаға қарап, азын-аулақ шаруамен де айналысады.
Жылдар бойғы еңбегі үшін Бүркітбай Жүсіпбеков түрлі мекемеден алғысхаттар мен грамоталар да алған. Бірақ ол үшін басты марапат – жолаушылардың алғысы мен жылы сөзі.
– Жолда әрдайым жасыл жарық жансын. Үйде – береке, еңбекте – әділ бағалау, қалтада – жеткілікті нәпақа болсын, – дейді Бүркітбай Жүсіпбеков.
Кейіпкеріміздің өмір жолы – адалдық пен еңбекқорлықтың, мамандыққа деген шынайы махаббаттың айқын үлгісі.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы