Сапары аясында аймақ басшысы ауыл шаруашылығының даму барысымен танысып, бірқатар шаруашылықты аралады. Сондай-ақ туристік және энергетикалық инфрақұрылым нысандарын тексерді.
Аймақ басшысы әуелі Меркі ауданының аграрлық секторындағы ағымдағы көрсеткіштерімен танысты. 2025 жылдың бірінші жартысының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 7,2 млрд теңгені құраған. Жалпы, егіс алқабы 103,5 мың гектарға жетіп, оның ішінде 7,53 мың гектар алқапта су үнемдеу технологиялары енгізілген. Жартыжылдықта агроөнеркәсіптік кешенге 1,94 млрд теңге инвестиция тартылған.
Қазір аудан шаруашылықтарында 1171 дана ауыл шаруашылығы техникасы бар екен. Жыл соңына дейін техниканың 5,5%-ын жаңарту жоспарланып отырған көрінеді.
Ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы ахуалмен танысу барысында облыс әкімі «Сыпатай батыр» шаруа қожалығына барды. Мұнда 2016 жылдан бері элиталық және репродукциялық тұқымдар өсіріледі. Бұл – облыстағы жалғыз элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие кәсіпорын. Қожалықта 150 адам жұмыс істейді. 2025 жылы мұнда 246 гектар жерге «Арна» сұрыпты жаздық арпа, 643 гектарға «Стекловидный-24» сұрыпты күздік бидай себілген.
Облыс әкімі мұндай шаруашылықтардың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өнімділікті арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар тиісті сала мекемелеріне қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.
Сұрат ауылдық округінде облыс әкімі «Қайсар» шаруа қожалығы жүзеге асырып жатқан 450 бас малға арналған сүт-тауарлы ферманың құрылыс барысын тексерді. Жобаның құны – 2,5 млрд теңге. Өндірістік қуаттылығы тәулігіне 12 000 литр сүт өндіруге жетеді. Құрылыс кезеңінде 70 адам еңбекпен қамтылса, іске қосылған соң 30 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Нысанды осы жылдың күзіне дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Ал «Береке Дас» шаруа қожалығы жеміс ағаштарының элиталық көшеттерін өсіруге маманданған. 35 гектар аумаққа жоғары өнімді алма ағаштарының сұрыптары отырғызылған. Жоспарлы жұмыстың нәтижесінде 2024 жылы 300 тонна өнім жиналған.
Сонымен қатар өңір басшысы Royal Petrol брендінің Ақтоған және Жамбыл ауылдық округтерінде іске асырып жатқан екі жанармай құю бекетінің құрылысымен танысты. Жобаның жалпы құны 1,7 млрд теңгені құрайды. Инвестициялық жоба аясында жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын – қонақүй, кафе және жайлы инфрақұрылым салу көзделген. Құрылысты биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Ербол Қарашөкеев сондай-ақ туристік демалыс аймағының құрылыс алаңына барды. Құны 800 млн теңге болатын жоба жеке инвестордың қаржысы есебінен жүзеге асырылуда. Мұнда қосымша форель шаруашылығын, глэмпинг аумағын құру көзделген. Құрылыс кезеңінде 15 адам жұмыспен қамтылса, жоба іске қосылған соң 7 азамат тұрақты жұмысқа орналаспақ.
Өңір басшысы ауылдық жерлерде туризмді дамыту – экологиялық өндіріс пен этномәдени ерекшеліктерді біріктіре алатын перспективалы бағыт екенін атап өтті. Сондай-ақ демалыс орнына апаратын жол инфрақұрылымын жақсартуды тапсырды.
Келесі кезекте Ербол Қарашөкеев қуаттылығы 18 МВт болатын су электр стансасының құрылыс барысымен танысты. Ауқымды жобаны «Тараз Гринпауэр Дженко» ЖШС жүзеге асыруда. Инвестиция көлемі – 14,8 млрд теңге. Облыс әкімі құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімінің сақталуына ерекше назар аударып, жобаға қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Жұмыс сапары қорытындысы бойынша облыс әкімі шаруа қожалықтарын қолдау шараларын белсенді жалғастыруды, құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтауды, инвестиция тарту бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.
Облыс әкімінің іссапары әрі қарай Шу ауданында жалғасты. Аймақ басшысы әуелі аудан тұрғындарымен кездесіп, мәселелеріне құлақ түрді. Облыс әкімі аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қысқаша тоқталып, алдағы мақсат-міндеттерді нақтылады. Ербол Қарашөкеев Шу ауданы өңірдегі әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары аудандардың бірі екенін, бұл аудан инвестиция тартуға, өнеркәсіпті дамытуға қолайлы жағдайларымен ерекшеленетінін атап өтті.
Қазір Шу ауданындағы Jibek joly арнайы экономикалық аймағында жұмыстар қарқын алған. Онда құны 791,0 млрд теңгені құрайтын 21 жоба жүзеге асып жатыр. Оның ішінде 4 кіші жоба іске қосылса, 5 жобаның құрылыстары жүргізілуде. Қалған 12 жоба бойынша жобалау жұмыстары әзірлену сатысында.
Сонымен қатар ауданда ауылдық елді мекендердің экономикалық өсіміне оң серпін беріп отырған «Ауыл аманаты» жобасы табысты жүзеге асуда. Жобаның 5 ауылдық округте 5 бағытын іске асыруға 4,5 млрд теңге қаржы бөлініп, оған 758 аула қамтылған.
Бұдан бөлек, қайтарылған жерлер есебінен және босалқы жер қорынан 7 елді мекенге жалпы көлемі 26 мың гектарды құрайтын маусымдық жайылымдық жер телімдері қосылып берілген.
Жиында Ербол Қарашөкеев жауаптыларға мемлекеттік қолдаудың қарапайым шаруаларға, тұрғындарға жетуі қажетін баса айтты. Сонымен қатар аудан әкімдігіне кәсіпкерлік саласын дамыту, инвесторларға қолайлы жағдай жасау міндетін қойды.
– Жергілікті жерде ірі кәсіпорындардың құрылуы халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуына, аймақтың экономикалық дамуына серпіліс берері сөзсіз. Маңызды мәселе – инвесторлардың қызығушылығын арттыру, ауданның барлық мүмкіндігін көрсете отырып, оларға заңға сәйкес қолдау көрсету. Сондықтан халықты тұрақты жұмыспен қамтитын кәсіпорындардың құрылуын басты назарға алу маңызды, – деді облыс әкімі.
Жиында аудан әкімі мен орынбасарлары атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Сонымен қатар тұрғындар облыс басшысына өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарымен бөлісті.
Қазір тұрғындар жиі көтеретін өзекті мәселелердің қатарында «Шу-Қайнар» автожолындағы аяқталмаған құрылыс жұмыстары, тұрмыстық қалдықтар мәселесі, жол мен жарықтың жайы, жайылымдық жер тапшылығы және әлеуметтік салаға қатысты түйткілдер бар.
– Мен Шу ауданындағы әлі күнге дейін шешімін күткен мәселелермен таныспын. Тұрғындар тарапынан әлеуметтік желіде көптеген өтініш түседі, – деген аймақ басшысы жауаптыларға көтерілген мәселелер бойынша шешім қабылдап, жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
Жиын соңында облыс әкімі егін, мал шаруалығында жаңа әрі озық технологияларды енгізу жұмыстарын жандандыруды, «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағытына басымдық беріп, кәсіп ашу шараларын аудан тұрғындарына кеңінен насихаттауды, жас мамандарға, жастарға әлеуметтік қолдау көрсетуді, азық-түлік қауіпсіздігін және жанар-жағар май, сұйытылған газ тапшылығын болдырмау мақсатында кәсіпкерлермен жүйелі жұмыс жүргізіп, бақылауға алуды тапсырды.
Ербол Шырақпайұлы Шу ауданына жұмыс сапары барысында Белбасар ауылындағы 100 орындық мәдениет үйінің ашылуына қатысты.
– Шу ауданы – таланттар бесігі. Бұл қасиетті өңірден мәдениет саласына елеулі үлес қосқан дарынды тұлғалар дүниеге келген. Олардың өмір жолы өскелең ұрпақты тәрбиелеуде ерекше маңызға ие. Шығармашылық мұрасы жас ұрпаққа үлгі болып, ұлттық мәдениеттің дамуына айтарлықтай ықпал етуде, – деді облыс әкімі.
Жаңа клубтың құрылысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, оны «Ник Тараз» ЖШС жүргізген. Жоба құны – 373 млн теңге. Нысанда 13 қызметкер жұмыс істейді. Мұнда ән, би, мәнерлеп оқу үйірмелері жұмыс істейді.
– Біздің ауылда осы уақытқа дейін мәдениет үйі болмаған еді. Міне, қазір заман талабына сай керемет нысан бой көтеріп, ауыл тұрғындары мен жастар бос уақытын тиімді пайдаланып, мәдени-танымдық іс-шараларға белсене қатысатын болды, – деді ауыл ақсақалы Естай Күнчашов.
Ал Шу қаласында Ербол Қарашөкеев «Жеңіс» саябағының күрделі жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Жаңғырту жұмыстары маусым айында басталған. Жоба аясында сахна, ойын және спорт алаңдарын салу, жарықтандыру, көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары көзделген. Аймақ басшысы жұмыстардың сапасы мен мерзімін бақылауда ұстауды тапсырды.
Жұмыс сапарының аясында ат басын бұрған келесі нысан күніне 2 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсететін Шу теміржол вокзалы болды. Қазір вокзал ғимараты күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар іргелес аумақты абаттандыруға арналған жеке жоба дайындалған.
Облыс әкімі құрылыс мерзімінің қатаң сақталуын және орындалатын жұмыстардың сапасына ерекше көңіл бөлу керегін ескертті. Инфрақұрылымды жаңғырту азаматтардың қолайлылығы мен өңірдің транзиттік әлеуетін дамыту үшін аса маңызды екенін де атап өтті.
Сонымен қатар аймақ басшысы әлеуметтік желіде тұрғындар тарапынан түскен өтініштерді зерделеу үшін қант зауыты маңындағы шағын аллеяға барды. Аталған аумақты аралаған Ербол Қарашөкеев саябақтың қазіргі жағдайы көңіл көншітпейтінін айтып, аудан басшылығына қысқа мерзім ішінде нақты абаттандыру жобасын дайындап, жөндеу жұмыстарын бастауды тапсырды.
Сапары барысында аймақ басшысы Qyzylsha Zher ЖШС-на да барды. Шаруашылықта 3 277 гектарға қант қызылшасы, арпа, пияз және соя өсіріледі. Мұнда 50 адам жұмыс істейді, 150-ден астам ауыл шаруашылығы техникасы бар. Су үнемдеу технологиялары белсенді түрде енгізілуде. Облыс әкімі ауданда ірі жүгері өңдейтін зауыт салынып жатқанына назар аударып, дәнді дақылдың осы түріне басымдық берудің маңыздылығын жеткізді.
Жұмыс сапарының соңында аймақ басшысы Jibek joly арнайы экономикалық аймағында салынып жатқан жүгеріні терең өңдейтін зауыттың құрылыс алаңында болды. Мұндайғы жұмыстар 2025 жылдың сәуір айында басталған.
Жоба биоферментация саласындағы әлемдік көшбасшы Fufeng Group компаниясы тарапынан жүзеге асырылуда. Бұл кәсіпорын Орталық Азиядағы ең ірі зауыттардың біріне айналмақ. Жоспарланған қуаттылығы – жылына 500 мыңнан 1 миллион тоннаға дейін жүгері өңдеу. Кейін бұл көрсеткішті 3 миллион тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр.
Ербол Қарашөкеев зауыттың іске қосылуы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту, өңірдің экспорттық әлеуетін кеңейту және заманауи агротехнологияларды енгізу жолындағы маңызды қадам болатынын атап өтті.
Бүгінде Jibek joly арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 791 миллиард теңгені құрайтын 21 жоба тіркелген. Барлық қатысушыға жер телімдері бөлінген. 2026-2030 жылдары жобалар толық қуатында іске қосылғаннан кейін 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыру және инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында АЭА аумағын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін аймақ 2 800 гектарға ұлғайтылмақ.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы